5.03.2022, 13:00
Оқылды: 91

Надежда Жұбайқызы: «Әдебиет дегенде жанын беретін»

Белгілі қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қайыр Бектұрғанов (Құрақұлан) тірі болса, наурыз айының бесінші жұлдызында 85 жасқа толар еді. Осы орайда біз жазушының жары Надежда Жұбайқызымен кездесіп, қаламгер аға туралы естелік-әңгіме айтып беруін өтінген едік.

4DB22372-A9F3-4A07-BBE9-407FD7FA5F08

– Надежда Жұбайқызы, Қайыр ағаның балалық шағы туралы айтып берсеңіз. Ата-анасы кімдер еді? Әңгімемізді осы сұрақпен бастасақ...

–  Ол 1937 жылы 5 наурызда қазіргі Ақжайық ауданының  Тайпақ ауылында дүниеге келген. Ауыл мектебінде білім алған. Соғыстан кейінгі аш-жалаңаш кездер ғой. Ол бірінші сыныпты қазан айына дейін мектепке барып оқиды. Кейіннен аяқ киімі болмай, мектепке бара алмапты.  Бірақ үйде отырса да, мектеп бағдарламасын меңгеріп отырған баланы мұғалімдері келесі сыныпқа көшіріп жіберген. Сабаққа зерек, өте алғыр болған. Ол кезде емтиханның есептері орталықтан келеді. Оны емтиханға он бес минут қалғанда ашады ғой. Сол кезде мұғалімдер шығара алмаған есепті Қайыр шығарып жүріпті. Алғыр оқушыны кім жек көреді? Мектеп мұғалімдері оның зеректігін, елгезектігін өте жоғары бағалайды.  «Сен мықты математик боласың» деп мақтай бергесін санасында сақталып қалған болуы керек, содан соң математика факультетіне оқуға түседі. Бала кезінен кітапқа құштар болған. Әр жерден қолына түскен кітапты алып, оқи берген ғой. Ауылға біреу жаңа кітап әкелсе, соны кезектесіп оқимыз деп айтып отыратын. Қайырдың ата-анасы Тайпақтың «Котельный» деген жерінде тұрды. Бірақ кейін енеміздің денсаулығына байланысты Жымпитының Шідерті ауылына көшіп барды. Әкесі домбыра тартатын, өнерлі адам еді, жарықтық. Енеміз де өнерден құралақан емес. Екеуі де той-жиынның көркі болған көп­шіл адамдар еді. Қайырдың әкесі Махамбеттің бейітін табуға көмектескен. Өйткені оның арғы аталары Махамбет батырдың қайда жерленгенін білген.  Бұл құпия атадан балаға жалғасып келген. Сондай рухты адамдардың ұрпағы ғой Қайыр. Олардың отбасында он бала тәрбиеленген. Қазір Құмар деген қайын інім мен Әмина деген қайын сіңлім қалды.

–  Ағамен қайда, қалай танысып едіңіздер?  

–  Алматыда таныстық. Ол Абай атындағы қа­зақ педагогикалық институтында менен бір курс жоғары оқыды. Алғашында көп сөйлесе қойғанымыз жоқ. Сол заманда тобымызбен бір-бірімізді қонаққа шақыратынбыз. Кейіннен Қайырмен жақын  танысып, дос бола бастадық. Ол оқуын бітірген соң, елге қайтатын болды. Мен соңғы курсты аяқтамақ болып, Алматыда қалдым. Мен оқу бітірген жылы Қайыр маған тұрмысқа шығуға ұсыныс білдірді. Өзім Астраханның қызымын. Әкемнің қатал екенін білемін. Сондықтан Қайырға: «Оқу бітіре салып, күйеуге шыққаным дұрыс болмас. Бір жыл  елге барып, еңбек етіп, көңілдерін аулайын» дедім. Сөйтіп, ол Жымпитыда еңбек жолын жалғастыра берді. Уәделі бір жылдан соң Қайырдың әкесі біздің үйге құда түсуге келді. Бірақ менің әкем «Әскерде жүрген балам бар. Бір жылдан соң келеді. Сол келгесін жіберемін» деп рұқсат бермей қойды. Әкесі ренжімей аттанып кетті.  Бірақ арада аз уақыт өткен соң Қайыр ауылға өзі келіп тұр.  Әкем оған бірден: «Шырағым, шайтан  емеспіз. Әкеңмен сөйлестік. Әңгіме бітті ғой» деді.  Содан ол айраны қара су болып еліне қайта кетті. Астрахан мен Жымпитының арасын хаттар жалғады. Ол хаттар менде сақтаулы.

– Қайыр ағай ұзақ жыл  ауыл шаруашылығы институты қазіргі Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да еңбек етіп, математикадан сабақ берген екен. Әдебиет пен математиканы ұштастыру ағайға қиын болған жоқ па?

– 1963 жылы Оралда ауыл шаруашылығы институты ашылды. Сол жерге жас маман болып, біз де жұмысқа орналастық. Ол кісі жоғары математикадан, мен физикадан дәріс бердік. Бір айдан кейін үй берді. Қайыр ортасына сыйлы адам болды. Оны бәрі құрметтейтін. Біраз жыл емтихан алатын комиссияның төрағасы болды. Ол ауыл балаларының оқуға түсіп, маман болуына көп көңіл бөлді. Сондықтан математиканың тапсырмаларын да ауыл балаларына ыңғайлы етіп жасап жүрді. Оның бос уақыты аз болатын. Үй мен жұмыс аралығы да қашық. Уақытының көп бөлігі жолға, аутобус күтуге кетеді. Соған қарамастан кітап оқуға, ізденуге де, жазуға да уақыт табатын. Ол жақсы ұстаз болды. Бірақ математикадан дәріс беріп жүргенімен, көкірегінде әдебиет  тұрды.

– Әдетте ақын-жазушылардың көбі түнде жазады екен. Қайыр аға қай уақытта жазу үстеліне отыратын? Жазумен айналысқанда бап талғаушы ма еді?

–  Ол жазғанда бап талғамайтын. Бір бұрышта отырып, алаңсыз жаза беруші еді. Біз  кіріп-шығып жүрсек те, оған мән бермейтін. Отбасына өте жайлы болды.  Бар ойы – жазу. Жаза алмаса, жазған дүниесі көңілінен шықпаса, қиналып қалады. Сондай кездерде оның жан дүниесіндегі мазасыздықты бірден байқап, жігер беруге тырысатынмын. Ал жазған дүниесі ойынан шықса, балаша қуанатын-ды.  Көбіне  жазу үстеліне сәскеде отыратын.  Бір әңгімені ұзақ уақыт, апталап-айлап жазатын. Оң қолының кінәраты болғандықтан жай жазады. Сондықтан ол өзіне бір сөзі бірнеше мағына беретін, әрі өнімді жазуға көмектесетін  стенография ойлап тапты. Жазу дегенде жаны бөлек еді. Өмірінің соңғы жылдарында ауырып отырып та жазумен болды ғой. Өзі әлсіз болса да, кереуетте жатқан күйі тізесін көтеріп, алдына картон жайып, оның үстіне қағазын қойып, жанын қинап жазды. Оның бойындағы бар дерті жазу болды.

– Жазу демекші, Қайыр ағаның әдеби шығармашылықпен айналысамын деп аспирантурадан бас тартқаны жөнінде айтыпбересіз бе? Әр шығармасының алғашқы оқырманы да өзіңіз болған шығарсыз, иә?

– Иә, институт бітірген жылы оған Мәскеу мемлекеттік университетінің механика-математика факультетінің аспирантурасында білімін жалғастыруға ұсыныс түседі. Бұл сол заманда екінің біріне бұйыра бермейтін мүмкіндік еді. Алайда ол «елге барып, ауыл мектебінде сабақ беремін, бос уақытымда жазумен айналысқым келеді» деп бұл ұсыныстан бастартады. Ол жазып отырыпта менімен жиі ақылдасып тұрды. Кейде сөйлемдерінің стилистикасын «Осылай жазсам дұрыс па?» деп сұрайды. Мен өз ойымды айтамын. Оның әр әңгімесі жүрекпен жазылды. Кейіпкерлерінің бәрі де өмірден алынған. Содан да болар әсерлі. Ол маскүнемдік, арақ ішіп, өзін, отбасын жоғалтқан адамдар жөнінде, адамзаттың табиғатты ластап, соның зардабын тартып жатқаны туралы көп жазды. Ол әр тақырыбын мұқият зерттеп алып, содан соң жазуға отыратын. Оның әр шығармасы – тәлім-тәрбие.

– Қаламгердің «Арман» атты алғашқы әңгімесі облыстық «Орал өңірі» газетінде жарық көрген екен. Одан кейін кітаптары басылып шыға бастаған. Сол кездегі кітап шығару мен қазіргі кітап шығарудың ерекшелігі туралы не айтар едіңіз?

–  1965 жылы алғашқы «Арман» атты туындысы «Орал өңірінде» жарияланды. 1976 жылдың қорытындысы бойынша республикалық «Жалын» журналының жабық бәйгесінде балаларға арналған «Ат жалы» повесі үшін жүлдегер атанды. 1978 жылы «Жалын» баспасынан «Бабаназар терегі» атты әңгімелер жинағы, 1980 жылы «Ізгілік жолы», 1984 жылы «Қатерлі қияда» атты повестер кітаптары жарық көрді. Ол кезде  кітап мемлекеттің тапсырысымен жарық көретін. Қомақты қаламақы төлейтін. Алғашқы кітабының қаламақысына аутокөлік сатып алып, қуанғаны есімде. Ал қазір әр қаламгер өзі ақша төлеп шығарады. Бұрын кітаптар мыңдаған данамен шықса, қазір аз данамен шығады. Ол кезде кітапқа сұраныс жоғары еді. Бір кітапты сатып алу үшін ұзын-сонаркезекке тұратынбыз. Қазір кітап оқитын адам азайды. Сосын да аз данамен шығатын шығар.

– Қайыр аға жазудан бөлек қандай іспен айналысқанды ұнатушы еді? Ұл-қыздарыңыз, немере-жиендеріңіз туралы айтып берсеңіз?

– Ол кісі жазудан бөлек бау-бақша баптағанды, соның ішінде жеміс ағаштарын өсіргенді жақсы көретін. Олардың түрі көп еді.  Антоновка алмасы мен башқұрттың қызыл алмасын будандастырып шығарды. Қала шетінде өзіміздің саяжайымыз болды. Көктем шыға саяжайды бетке алатын. Жалғыз өзі барып, ерінбей-жалықпай бау-бақшаны жайнатып қоятын. Саяжайды су басып кетпесін деп тоғайдан топырақ тасып, биіктетіп жүретін еді. Мен қасына барып шайын қайнатып, асын пісіріп беремін. Ол бақшамен өзі айналысты. Одан бөлек қолы қалт еткенде Құрманғазы, Тәттімбет, Динаның күйлерін тыңдап, демалатын. Қайыр екеуміз үш бала тәрбиелеп өсірдік. Үлкен қызым – Аустралияда, ортаншы қызым еліміздің астанасында тұрады отбасымен. Кенже ұлым менімен бірге. Төрт немерем көз алдымда өсіп келеді. Жиендер бар. Үлкен қызым әкесінің шығармаларын қызығып оқиды. Бір әңгімесін ағылшын тіліне аударды.

– Қаламгер ағамыз тек көркем шығарма жазып қоймай, дін, тіл тақырыбында өзіндік зерттеулер жүргізіп, ойын ашық айтып кеткен екен. Осы туралы айтып  берсеңіз?

– Иә, ол мемлекеттік тіл, дін және басқа көкейкесті тақырыптарда көлемді мақалалар жазып тұрды. Қазақ тілінде дұрыс сөйлеу, дұрыс жазу туралы да көп ізденді. Сауатты сөйлеуге, сауатты жазуға ерекше  мән берді. Ол әр тақырыбын зерттеп, сараптап барып, жазуға отыратын. Дін тақырыбын да зерттеп, біраз мақала жазды. «Қазақ әдебиеті» газетінде осы тақырыпта ақын-жазушылардың бірімен пікір таластырды. Көп ізденді. Әр шығармасына бар күш-қуатын жұмсайтын. Оның жоспары көп еді. Үйде жатқан жүздеген кітапшаларының бәрінде оның жоспары жазылған. Жазған дүниелерінің басым бөлігі  жарық көрді. Бірақ стенография күйінде тұрған жұмыстары да бар. Оны ешкім түсінбейді.

– Жазушының жары ретінде сізді қандай ойлар мазалайды?

– Қазіргі заманда жас ұрпақтың кітап оқудан қалып бара жатқаны мазалайды. Қайыр ағаң мен Жанғали Набиуллин керемет дос болды. Ол оның өлеңдерін шедевр санайтын. Өнеріне құрметпен қарап, талантына табынатын. Жанғалидың найзағайдай шатырлаған өр мінезін Қайыр көтере білетін. Екеуі құрдас еді. Өткен жылы желтоқсан айында Жәкеңнің де өмірге келгеніне 85 жыл болды. Бірақ өмірден өткен ақынды еске алып, рухына құрмет көрсетіліп жатқанын еш жерден көрмедім. Әлде мен байқамай қалдым ба екен?.. Қазір оларды ешкім іздемейтіні, ең болмағанда осындай туған күндерінде еске алмайтыны менің  жанымды ауыртады.

– Әңгімеңізге рақмет, апа!

Гүлжамал  Кенжеғалиева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале