5.04.2021, 19:42
Оқылды: 353

Облыста КВИ-дің британдық және оңтүстік африкалық штамдары тіркелуде

Облыстағы эпидахуал күн сайын күрделене түсуде. Соңғы аптада, яғни 29 наурыз - 4 сәуір аралығында індетті өңірдің 700-ге жуық тұрғыны жұқтырған.Тіпті індет жұқтырғандардың арасында коронавирустың мутацияға ұшыраған британдық және оңтүстік африкалық штамдары да анықталуда. Бүл туралы бүгін облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен жедел штаб отырысында айтылды.

 IMG-20210405-WA0023

Облыстың бас санитар дәрігері Мұхамғали Арыспаевтың мәліметінше, соңғы аптада коронавирус індетінің өсу қарқыны 23 пайызға артқан. 2 сәуір күні облыстағы 112 адамның вирус жұқтырғаны анықталыпты. Ал соңғы тәулікте 105 адам КВИ жұқтырған. Оның 58-і стационарға жатқызыларда, 23-і науқаспен қарым-қатынаста болған адамдарды тексеру барысында, қалғандары профилактикалық мақсатта емханаға қаралғанда анықталған. Бүгінде індет мұнай-газ кен орындарында жұмыс істейтіндер, яғни «вахтовиктер» арасында жиі тіркелуде.

IMG-20210405-WA0020

- 24 наурыз күні Алматы қаласындағы ПТР талдама орталығына 20 сынама жіберген едік. Сол сынамалардан коронавирустың британдық және оңтүстік африкалық штамдары анықталды. Қайсысы британдық немесе оңтүстік африкалық штам екендігін сәуір айының аяғына таман анықтап жібереді. Бұл мәліметтер облыс тұрғындарының да мутациялық штамды жұқтырғанын көрсетуде. Бұл штамдардың ерекшелігі, тұрғындар арасында тез жұғатындығында. Облыстағы эпидахуалдың күн сайын күрделене түсуіне тұрғындардың осы штамдарды бір-бірінен жұқтыра бастағанынан болуы керек. Коронавирусты қоғамдық көлік пен той-садақадан жұқтыру дерегі әлі азаймай тұр. Ақпан айында 52730, наурызда 63802 ПТР талдама жасалған. Ал соңғы төрт күнде өңір тұрғындарынан 8124 сынама алынған. КВИ белгілері бар науқастар көбейген сайын оларға жасалатын ПТР талдаманың да саны артуда, - деді Мұхамғали Қайыржанұлы.

IMG-20210405-WA0022

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Талғат Қалибековтың айтуынша, індетті былтырдан бері өңірдің   15576 тұрғыны жұқтырған. Оның 12516-сы емделіп шықса, 246 адамды коронавирустың ажал «тырнағынан» арашалау мүмкін болмаған. Облыста тоғыз жұқпалы аурулар стационары болса, оларда жабдықталған 696 төсек орынның 449-ы бос емес екен. Яғни коронавирус жұқтырғандарға арналған төсек орынның 64,5 пайызы, жансақтау бөліміндегі төсек орынның 38,5 пайызы науқасқа толған. Ал Орал қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханаларындағы төсек орынның 90 пайызы бос емес. Жыл басталғалы өңірдің 77 тұрғыны «COVID-19» вирусынан қайтыс болған. Марқұмдардың 77 пайызы 65 жастан асқандар, 26 пайызы 40-60 жас аралығындағылар, 1 пайызы 40 жасқа дейінгілер. Қайтыс болғандардың дені жүрек-қан тамыр ауруларына, қант диабетіне шалдыққандар көрінеді.

«Дәріхана қоймалары дәріге толы»

Жиында коронавирус бойынша эпидахуал күрделене түскен Бөрлі, Бәйтерек ауданының әкімдері баяндама жасап, індеттің алдын алу мақсатындағы шараларға тоқталды.

IMG-20210405-WA0024

- Бөрлі ауданында 70 орындық жұқпалы аурулар ауруханасы бар. Жалпы ауданда 600-ге жуық тұрғын КВИ-ге шалдықса, оның 330-ы аудандық стационарда емделіп шықты. Стационарда дәрі-дәрмектің екі айға жасақталған қоры бар. Мониторингтік топ та жұмысын жүйелі жүргізуде.  Жыл басталғалы санитарлық талапты бұзған 18 нысан анықталып, 13-і айыппұл төлеуде. Ауданда екпе жұмыстары жүргізілуде. Вакцинаның алғашқы легімен 350-ге жуық тұрғын егілсе, жуырда тағы да 60-тан астам бөрлілік екпе қабылдады. Мониторингтік топтың жұмысын одан әрі жандандырып, КВИ-дің алдын алуға бағытталған шараларды жүйелі жалғастыратын боламыз, - деді Бөрлі ауданының әкімі Миржан Сатқанов.

ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің БҚО бойынша департаментінің басшысы Сәбит Ескендіровтің мәліметінше, облыстың дәріхана қоймаларында қазіргі сұранысқа ие дәрілік заттардың барлығы бар. Облыс әкімдігі тұрақтандыру қорына 422 млн теңге көлемінде  қаражат бөлген. Соған орай «Ақжайық» ӘКК» ҰК» АҚ мен «Іңкәр» ЖШС ірі дистрибьюторлық компаниясы арасында дәрілік заттарды тасымалдау, сақтау бойынша келісімшарт жасалған. Бүгінде Ақтөбе қаласындағы «Іңкәр» ЖШС-ның дәріхана қоймасына 175 млн теңгенің дәрілік заттары келіп түскен және Алматы қаласындағы қоймада 42 млн теңге тұратын дәрілік заттар сақталуда. Коронавирустық инфекцияны емдеу үшін жалпы барлық резервте 217 млн теңгенің қажетті дәрі-дәрмектер сақталған. Сондай-ақ, «Ақжайық» ӘКК» ҰК» АҚ резервінде 1 813 000 дана және дәріхана ұйымдарында 412 585 дана бірреттік тұмша бар. Олардың бағалары 15-тен 40 теңге аралығында, - деді Сәбит Әмзібекұлы.

«Ұжымдық иммунитетті қалыптастыруымыз керек»

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Ғали Есқалиев сала мамандарына мониторингтік топтардың жұмысын ширатуды және санитарлық талаптарды күшейтуді тапсырды.

IMG-20210405-WA0021

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елімізде қалыптасқан күрделі эпидемиологиялық ахуалға байланысты жуырда жиналыс өткізген болатын. Жиында індет жұқтыру дерегінің артқанын және вакцина сақтау, тасымалдау, екпе салу науқаны туралы айтты. Осыған орай облыстық денсаулық сақтау басқармасына, аудан әкімдеріне емханаларға вакцина сақталатын қойма жасақтауды тапсырамын. Вакцинаны шалғай аудандарға тасымалдауда мәселе туындамауы тиіс. Облыс аумағындағы ірі кәсіпорындарда қызмет атқаратын 4 мыңға жуық адамға екпе салуды ұйымдастыруымыз қажет. Екінші мәселе – тұрғындарға вакцинаның тиімділігін насихаттау. Өйткені ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін жаппай екпе салуды қолға алуымыз керек. Насихат жұмыстары нәтижелі болуы тиіс. Сонымен қатар өңірімізде той-томалақ тоқтамай тұр. Мониторингтік топтар адамдарды алаламай, айыппұлды бәріне бірдей салуға жұмыстануы қажет. Облысымызда індет өршіп барады. Соған орай кафе, мейрамханалардың жұмыс кестесіне өзгеріс енгізіп, санитарлық талапты одан әрі күшейтуді қолға алуға тура келіп тұр, - деді Ғали Нәжімеденұлы.

                                                                               Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале