16.12.2020, 17:57
Оқылды: 300

Оралда «Тәуелсіздікке тарту» атты аймақтық ақындар айтысы өтті

Кеше ҚР Тәуелсіздік күніне орай Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығы, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одағының БҚО филиалы мен Орал қаласының әкімдігі, Орал қаласының ақпараттық-талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың ұйымдастыруымен "Тәуелсіздікке тарту" атты оқушылар мен жас ақындардың аймақтық айтысы өтті.

 ай 3

Барлық карантин талаптары сақталған сөз додасында Батыс Қазақстан, Ақтөбе облысынан оқушы ақындар мен белгілі жас айтыскерлер өзара сайысқа түсті.

Шараны Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының директоры, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одағының БҚО филиалының төрағасы Бауыржан Халиолла кіріспе сөзбен ашып, ақындарға сәттілік тіледі.

ай 4

Айтысқа қатысушыларға Бауыржан Халиолла, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет саласының үздігі, ұстаз, ақын Дариға Мұштанова, белгілі айтыс ақыны, ардагер ұстаз, жұбантанушы Үзілдік Елеубайқызы, ұстаз-ақын, «Ақберен» жас ақындар мектебінің жетекшісі Талап Таймасұлы, белгілі айтыскер ақын, ҚР Мәдениет саласының үздігі Ерікқали Ахметов, белгілі айтыс ақыны, журналист, «Жайық Пресс» медиахолдингі ақпарат агенттігінің редакторы Ертай Бимұханов қазылық етті.

Аймақтық айтысқа Батыс Қазақстан облысынан Орынбек Меңдіқұл мен Нұрдана Темір, Мұрадым Мирланов пен Абзал Наурызғали, Айнабек Бисенғалиев пен Нұрым Амангелді, Жарқынбек Шынтаев пен Әділ Ахметов, Бекболат Қаленов пен Райымбек Өтепов және Ақтөбе облысынан Бекзат Құлшар мен Смет Сағыныш қатысты.

Бұл айтыстың басты жаңалығы – сахнаға төселген белгілі айтыскерлер (тәлімгерлер) мен өнерге енді қадам басқан оқушы және жас ақындар бақ сынасты. Сайыс талабына сай тәлімгерлер айтысқа жүлдеден тыс қатысты.

ай 1

Қазылар алқасының шешімі бойынша қаратөбелік Райымбек Өтепов пен оралдық Әділ Ахметов бас жүлдеге ие болды.

Айтыстың арулары ақтөбелік Сағыныш Смет пен теректілік Нұрдана Темір ІІ орынды еншіледі.

Сырымдық Нұрым Амангелді мен ақжайықтық Абзал Наурызғали ІІІ орынды өзара бөлісті. Жас ақындар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Шара соңында Орал қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов сөз сөйлеп, айтысты ұйымдастырушыларға шаһар басшысы атынан алғыс хат пен естелік сыйлық табыс етті.

ай 2

Айтысты қорытындылаған Бауыржан Халиолла айтыстың демеушілері Орал қаласының ақпараттық-талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы Дулат Жүсіпқалиевке, «Marhaban» шығыс асханасы кафесінің иесі Әсет Сұлтанұлы, жеке кәсіпкерлер Айбат Мырзағалиев пен Азамат Амангелдіұлы, Құдайберген Сұлтанияровқа алғыс хат пен естелік сыйлық тапсырып, қолдау білдірген баршаға рақметін жеткізді.

Айтыста белгілі өнер жұлдыздары әннен шашу шашып, домбырадан күй төкті.

 

zhaikpress.kz

Суреттерді түсірген

Рафхат Халелов

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале