БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, ҚР Президенті Телерадиокешенінің 30 жылдығына арналған ауқымды ағартушылық жоба 19-20 маусым күндері Батыс Қазақстан облысында өтуде.

Фото: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі
Отандық деректі киноны насихаттауға және тарихи жадыны сақтауға бағытталған шараға облыс тұрғындары, жастар, мәдениет саласының өкілдері мен қоғам белсенділері қатысты. Екі күн бойы көрермендерге Президент Телерадиокешенінің Деректі кино орталығы түсірген Қазақстанның заманауи тарихын, қоғамдағы маңызды өзгерістерді және адам тағдырларын баяндайтын үздік туындылар ұсынылады.


Кинолекторийдің ашылуында сөз алған Батыс Қазақстан облысы әкімдігі аппаратының басшысы Нүрділдә Ораз бұл жоба Тәуелсіз Қазақстанның маңызды кезеңдерін дәріптеп, ұлттық жадымызды сақтауға қызмет ететінін атап өтті. Ал Деректі кино орталығының бас продюсері Әділбек Құламан бұл бастама арқылы өңір тұрғындары үздік туындыларды көріп қана қоймай, олардың авторларымен тікелей пікір алмасуға мүмкіндік алатынын жеткізді. Кинолекторийдің алғашқы күні көрермен назарына өткен жылғы ірі су тасқынының салдарын баяндайтын «СЕРТ» фильмі және Арал өңірінің экологиялық мәселелерін арқау еткен «ARAL» деректі туындылары ұсынылды. Көрсетілімге келген қала тұрғындары бұл туындылардың бастан өткен оқиғаларды жаңаша түсінуге мүмкіндік беретінін айтып, жоғары бағалады.

Шара Орал қаласында 20 маусым күні де жалғасады. Екінші күні көрермендер еліміздің туристік әлеуетін таныстыратын «TRAVEL KAZAKHSTAN» және Каспий теңізіндегі Құлалы аралында ұзақ жыл қызмет еткен Петр Лупенковтың өмірі туралы баяндайтын «ЧЕЛОВЕК С ОСТРОВА КУЛАЛЫ» деректі фильмдерін тамашалай алады.

Жалпы «Хроникадан болашаққа» республикалық жобасы Қазақстанның 20 қаласын қамтып, қыркүйек айында Алматы қаласында қорытындыланады. Шараның негізгі мақсаты — отандық деректі киноны кеңінен насихаттап, Тәуелсіз Қазақстанның көрнекі тарихын келер ұрпаққа жеткізу.