19.06.2026, 17:05
Оқылды: 9

«Әкені қалай қуантамыз?»

Қазақстанда Әкелер күні жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісінде атап өтіледі. Бұл атаулы күн 2023 жылы ресми мерекелер қатарына енді. Отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатында мереке қарсаңында тұрғындар арасында сауалнама ұйымдастырдық. Оған қатысушыларға «Әкені қалай қуантамыз?», «Қоғам әкеге деген сый-құрметке қаншалықты мән береді?» деген сұрақтар қойылды. Тұрғындар ой бөлісіп, әкенің отбасындағы орны мен маңызы туралы төмендегідей пікір білдірді.

WhatsApp Image 2026-06-19 at 12.29.00

Ермек Едіресов, Жаңақала ауданындағы Бірлік ауылының тұрғыны, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденінің иегері: 

– Әкем сегіз жасқа толғанымда өмірден озды. Анам Қырмызы әке орнына әке болып, қаршадай үш баланы тістелеп өсірді. Бала кезімнен әкесі тірі адамдарға қарап қатты қызығатынмын. Өйткені әке – арқа сүйерің, тірегің, қамқоршың. Қырық жыл темір тұлпар тізгіндедім.

Менің ақ адал еңбегім ескеріліп, өткен жылы ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін кеудеме тақтым. Сонда шіркін-ай, әке-шешем тірі болғанда, қалай қуанар еді деп толқыдым... Бұл күндері өзім де екі ұлдың әкесімін. Тұңғышым Мейрамбек мал өсіреді, ал Айбек Қарабатан мұнай кен орнында еңбек етеді. Балаларыма мені жақсы көрсеңдер, жақсы болыңдар, маған көлік не қымбат сыйлық сыйлаймыз деп тырыспаңдар деп үнемі айтамын. Әкеге перзенттерінің өзін қадірлеп, сөзіне құлақ асып, ақ батасын алғаннан артық сыйлық жоқ. «Әке самайындағы шашты аңғармаған бала, өз маңдайындағы бақты бағалай алмайды» дейді халқымыз.  Сол ып-рас.

WhatsApp Image 2026-06-19 at 12.29.29

Айдын Бақтығалиев, Орал қаласындағы №1 мектептің оқушысы:

–  Әкем Сүйінғали такси саласында. Жұмысқа ерте кетіп, кеш келеді. Отбасы, балалары үшін еңбек етіп, тыным таппайды. Ылғида әкемді қалай қуантсам екен деп ойлап жүретінмін. Бұрын домбыра тарту білмейтінмін. Соңғы жылдары домбыра үйірмесіне барып, күй тартуды үйрендім. Алғаш рет әкешіме Құрманғазы күйшінің «Адай» күйін тартып бергенімде, ол «Ой, пәлі, менің балам – өнерпаз!» деп арқамнан қағып, қатты қуанды. Бұл күндері түрлі деңгейдегі конкурстардан  орын  алып  жүрмін.

Одан басқа «Театр», «Жас тілші» үйірмелеріне қатысамын. Оқуда үздіктер қатарындамын. Анам мен әкем сынып жиналысына барғанда, менің үлгілі оқушы екенімді естіп, мәз боп қайтады. Әкемді перзенті ретінде өнеріммен, білімдегі жетістіктеріммен қуантқым келеді. Қандай биік белестерді бағындырмайын, әкем мен үшін ең құрметті, қадірлі адам болып  қалады.

WhatsApp Image 2026-06-19 at 12.28.32

Карина Төлебаева, Орал қаласы МТЖО әдіскері, «Жас ұлан» және  өзінөзі  басқару  ұйымдарының  атқарушы хатшысы:

– Әкені сыйлау – тек сөзбен құрмет көрсету емес, оның өмірлік тәжірибесін бағалап, отбасы алдындағы жауапкершілігін түсіну. Әкеге деген құрмет қалай көрінеді деген сұраққа әркім әртүрлі жауап беруі мүмкін. Менің ойымша, әке тегін сақтап оның мерейін асқақтататын тұлға болып қалыптасу – нағыз құрметтің белгісі. Жалпы, көп жағдайда балалар анасымен серуендеп, бірге уақыт өткізеді. Ал әкелердің басым бөлігі таңнан кешке дейін еңбек етіп, отбасының қамын ойлайды. Сондықтан кейде олардың еңбегі мен жанашырлығын жеткілікті деңгейде бағалай бермейміз. Біз анамызға сыйлық жасап, құрметімізді ашық білдіріп жатамыз, алайда әкемен бірге уақыт өткізудің де маңызы зор. Әкемен өткен әрбір сәт отбасы мүшелерінің арасындағы эмоционалдық байланысты нығайтып, әке мен бала арасындағы өзара түсіністікті қалыптастырады. Бұл – баланың тұлғалық дамуы мен психологиялық тұрақтылығына оң әсер ететін маңызды факторлардың бірі.

WhatsApp Image 2026-06-19 at 12.27.39

Светлана Стармаусова, Ақжайық ауданының аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары:

– Мен үшін әкем – өмірдегі ең үлкен тірегім әрі әрдайым үлгі тұтатын жан. Менің әкем Андрей Георгиевич құрылысшы болды, өз адал еңбегімен отбасына қамқорлық жасап, бізге еңбекқорлық пен жауапкершіліктің үлгісін көрсетті. Дүниеден өтсе де, оның айтқан ақыл-кеңесі мен тәрбиесі менің жадымда мәңгі сақталады. Әкемді әрдайым сағынышпен еске алып, оның есімін құрмет тұтамын.

Әр әке үшін баласының жетістігі, алған білімі мен өмірдегі табысы – ең үлкен сыйлық деп ойлаймын. Сондықтан мен өз жетістіктерім арқылы әкемнің үмітін ақтап, оның мақтанышы болуға тырысып келемін. Әкелер күні бізге әкелеріміздің қадірін тағы бір мәрте еске салатын ерекше күн. Барлық әкелерге құрмет көрсетіліп, олардың еңбегі мен мейірімі әрдайым бағалана берсін дегім келеді.

Бисенбаева Назерке (2)

Назерке Бисенбаева, Астана қаласы, МN Partners компаниясының жүйе талдаушысы:

– Әкем Қобыланды Бисенбаев Ақжайық ауданындағы Жанама ауылында тұрады. Ол әпкемді, мені және сіңлімді титімдей кезімізден еңбекке баулыды. Білімге құштар етіп, Абайдың «Толық адам» концепциясын санамызға сіңірген адал адам. Отбасымызда ұл баланың жоқтығын білдірмей, әкем мені мақтан етіп  жүрсін деген ниетте, мектепте жақсы оқып, әрқашан сырттың жұмысына қолғабыс етіп жүрдім. Кезінде арман қуып Астанаға оқуға түстім. Қазір тұрмыс құрып, үйімнен бөлек кетіп, жырақта жүрсем де, әкемнің қолдауын үнемі сезініп отырамын. Өйткені ол кісі астындағы жалғыз атын сатып, жаяу қалса да, әлі күнге дейін бізді қолдап отырады. Сондықтан іштей әкемнің күйлі-қуатты жүріп, өмір жасының ұзақ болуын тілеймін. Ол кісіні қуанту үшін шипажайда емделуге, шетел көруге, пәтер алуға көмектестім. Әкемді бала кезімдегідей көңіліне қаяу түсірмей, үнемі қуанта бергім келеді. Ең бастысы, шынашақтай кезімде әкем үйреткен тәлім-тәрбиені жадымда сақтап жүремін.

Матвей Котенко

Матвей Котенко, Орал қаласындағы №24 мектептің оқушысы:

– Мен үшін әкем – ең қамқор жан. Ол әрдайым менің денім сау, көңілім  көтеріңкі болғанын қалайды. Себебі әке үшін баласының шат-шадыман жүргенін көру – үлкен қуаныш. Біз жеке үйде  тұрып, шаруашылықпен айналысамыз. Сондықтан мен де үй жұмысына қолғабыс етуге тырысамын. Әкем менің еңбекқор, жауапты әрі үлкенді сыйлайтын азамат болып өскенімді армандайды. Кейде қателік жіберсем де, одан сабақ алып, тәжірибе жинаудың маңызды екенін үнемі айтып отырады.

Қазіргі таңда әкем Станислав Котенко облыстық ассамблеяның «Еднання» Украин этномәдени бірлестігінің төрағасы қызметін атқарады. Мен әкемді мақтан тұтамын және оның сенімін ақтап, жақсы адам болып өсуге  талпынамын.

WhatsApp Image 2026-06-19 at 12.27.13

Айдана Сүлейменова, Теректі ауданы, Ақжайық ауылының тұрғыны:

– Әкем Мерген Сариев көпбалалы отбасында өмірге келген. Әкем мен анам шаңырақ көтеріп, өмірге бес қыз, төрт ұл әкелді. Әке – отбасының тірегі, қамқоршысы. Ол кісі – бауыр еті балалары үшін тер төгіп, қызмет еткен бауырмал адам.

Мені және бауырларымды оқытып-тоқытып, пайда ойламай, ар ойлауға үйреткен парасатты кісі.

Әкемнің мейірімін оймақтай кезімнен түсініп, мерейі тасып, қуанту үшін сабақты жақсы оқып, тәртіпті қыз болуға талпынатын едім. Ағаларым әкемді қуанту үшін үй шаруасына көмектесіп, үнемі жақсы істер жасауға ұмтылатын. Бүгінде ұлдары ержетіп, бір шаңырақтың иесі болса, қыздары бойжетіп бір отбасының отын сөндірмей, түтінін түтетіп отыр. Сәйкестік дерсіз, әкем мен анам бір күнде, яғни 8 наурызда дүниеге келген. Жыл сайын бауырларыммен бірге, балаларымызды алып қара шаңыраққа тосынсый жасап барғанда, олар жас балаша қуанып, мәз болады. Шипажайға демалуға жібереміз. Менің әкемнің суішерлік ғұмырында денсаулығы мығым болып, анаммен бақытты болса екен деген бала көңіл тілегім бар. Мен әкемді қатты жақсы көремін!

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале