Елімізде маусым айының үшінші жексенбісі әкелер күні атап өтіледі. Біздің ауданымызда да әкелер күніне орай көптеген іс-шаралар өтуде. Атап айтсақ, Ақсай қаласының №3 ЖОББМ-де «Әке уақыты: тәрбие, жауапкершілік, болашақ» тақырыбында аудандық әкелер форумы өтті.

Әкелер форумы бала тәрбиесіндегі әкенің рөлін арттыру, мектеп пен отбасы арасындағы алтын көпірді нығайту және өскелең ұрпақты, әсіресе ер балаларды ұлттық рухта тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған шара.
Алдымен қонақтарға «Замандар үндестігі: ұлттық мұрадан цифрлық дәуірге» атты қолөнер бұйымдарының көрмесі таныстырылды. Ал форум қаламыздың №7 ЖОББМ оқушыларының орындауындағы «Менің әкем – жақсы адам» атты әнмен басталды. Аталған шараға Ақсай қаласы әкімінің орынбасары Абзал Суйнишев қатысып, қала әкімі атынан әкелер күнімен құттықтады.

Алдымен аудандық білім бөлімінің тәрбие жұмысы бойынша әдіскері Сәуле Альдикенова «Әкелер клубы – тәрбиенің алтын діңгегі» атты әкелер клубтарының атқарып жатырған жұмыстары туралы баяндамасын таныстырды.
Форумның бірінші бөлімі «Әке – асқар тау, тірек және үлгі» аталып, ашық диалог алаңымен жалғасты. Бұл бөлімде форум спикерлері қазіргі уақыттағы өзекті тақырыптарды қозғады. Ең бірінші Пугачев МББК-нің әкелер клубының жетекшісі Қайрат Ниталиев «Әке мектебі – заң мен тәртіптің алғашқы әліппесі» тақырыбында өз ойымен бөлісті. Әрі қарай қаламыздың №8 ЖОББМ-нің әкелер клубының мүшесі Медет Кузеев «Әкенің қолдауы – бала болашағының іргетасы» тақырыбын қозғады.
Келесі кезекте «Ашық көмек» қоғамдық қорының директоры, практик-психолог Ботагөз Байқадамова қазіргі қоғамымыздағы өзекті мәселелердің бірі – «Зорлық-зомбылықтың алдын алу: өзін-өзі бағалаудан қауіпсіздікке дейін» тақырбында ой қозғады.

- Әке - отбасындағы қауіпсіз ортаны қалыптастырушы және баланың тұлғалық дамуын қолдаушы. Сіздің әр жылы сөзіңіз бен мақтауыңыз баланың өзіне деген сенімін нығайтады. Отбасындағы жарыңызға, балаларға деген сыйластығыңыз, ашуды ақылмен жеңе білуіңіз оларға үлгі болады. Әке ретінде сіз балаңызды тыңдай біліп, онымен ашық әңгіме айту арқылы қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, балаңызбен бірге спортпен айналысып, ортақ қызығушылық табу арқылы оған сапалы уақыт бөлу маңызды. Баланың қауіпсіздігі оның үйден көретін жылулығы мен қорғанысынан басталады. Бала сөзге емес, іске сенеді. Егер бала үйінен күш көрсетуді, айқайды көрсе, ол мұны өмірдің қалыпты жағдайы деп қабылдайды. Әкенің анаға деген сыйластығы - бала үшін шынайы қарым-қатынастың ең үлкен үлгісі. Біз ашуымызды, шаршағанымызды балаға айқаймен емес, сабырмен жеткізуді көрсетуіміз қажет. Қауіпсіздіктің тағы бір маңызды қадамы - баламен ашық сөйлесе алу. Балада «Кез келген жағдайда әкем мені түсінеді, қорғайды және айыптамайды» деген сенім болуы шарт, - дей келе - Құрметті әкелер! Зорлық-зомбылықтың алдын алу - баланы тек сыртқы қауіптен қорғау емес, оның ішкі дүниесін берік етіп тәрбиелеу. Балаларымызға уақыт бөлейік, оларды тыңдай білейік және олардың ең сенімді досы болайық. Біздің беретін махаббатымыз бен қолдауымыз - олардың қауіпсіз болашағының кепілі, - деді «Ашық көмек» қоғамдық қорының директоры, практик-психолог Ботагөз Есетқызы.
Сонымен қатар аудандық ТЖБ бас маманы, азаматтық қорғау майоры Руслан Шұқаев «Жазғы каникул кезінде ата-аналар нені білуі тиіс» тақырыбында балалардың қауіпсіздігі туралы баяндады.

- Жаз - демалатын және жаңа әсер алатын уақыт. Бірақ дәл осы уақытта балалардың қатысуымен болатын жазатайым оқиғалар саны көбейеді. Біздің ортақ міндетіміз - олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Ешқандай профилактикалық әңгіме ата-ана бақылауын алмастыра алмайды. Үлкендердің назары мен жауапкершілігі баланың қауіпсіздігінің негізі болып табылады. Күн сайын балаларыңыздың қайда екенін тексеріп, балаларды қараусыз қалдырмаңыз. Балаңызға қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауды үйретіңіз. Біздің бөлім қазіргі уақытта үш бағытқа назар аударып отыр: судағы қауіпсіздік, өрт қауіпсіздігі және балалардың терезеден құлауы. Жазғы уақытта балалар үлкендердің қарауынсыз суға түсуге барады. Сол себепті де біз жаз уақытында балалар суға түсуі мүмкін деген жерлерге үнемі рейдтер жүргіземіз. Былтырғы жылы теміржол көпірінің маңында бір топ баланың көпірден суға секіріп ойнап жүргеніне куә болдық. Балалардың барлығы қаламыздың әртүрлі мектептерінің оқушылары екені анықталды. Осы балалардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бәріңіз интернеттен көріп жүргеніңіздей, соңғы уақытта балалардың терезеден құлауы жиілеп кетті. Сондықтан бәріңізде үйіңіздің әр терезесіне арнайы блокираторларды сатып алып, қондыруыңызға кеңес беремін. Ол ең бірінші сіздің балаларыңыздың қауіпсіздігі үшін маңызды. Күнделікті әлеуметтік желіден елімізде және әлемде болып жатқан түрлі оқиғаларды көріп, естіп отырсыздар. Сондықтан әр ата-ана ең бірінші баласының қауіпсіздігіне жауапты, - дейді өз сөзінде спикер ТЖБ бас маманы, азаматтық қорғау майоры Руслан Жолдығалиұлы.
Әрі қарай спикер ретінде аудан прокуратурасының прокуроры Ернұр Риза «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу» тақырыбында балаларды зорлық-зомбылықтың, қатыгездіктің кез келген түрінен қорғау, құқықбұзушылықтың алдын алу тақырыбында сөз сөйледі.
Келесі кезекте Ақсай қаласы әкімінің орынбасары Абзал Суйнишев пен «Ашық көмек» қоғамдық қорының директоры, практик-психолог Ботагөз Байқадамова ауданымыздың қоғамдық өміріне, мектеп тынысына белсене араласып, бала тәрбиесінде үлгі болып жүрген әкелер мен форум спикерлерін алғысхат және естелік сыйлықтармен марапаттады.
Форумның екінші бөлімі «Әке мен бала практикумы» деп аталды. Бұл бөлімде қаламыздың №6 МЛ-нің 7-сынып оқушысы Қайсар Амангелді «Ұл тәрбиесіндегі әке мектебі: Ұлттық код және Намыс» тақырыбында, ал Ақбұлақ МББК-ның 5-сынып оқушысы Гүлназира Темірхан «Әке көрген оқ жонар» тақырыбында отбасы және ұлттық тәрбие туралы баяндамаларымен таныстырды.
Форум әрі қарай әкелер арасында өткен QUIZ ойынымен және мектеп оқушылары дайындаған дебат туринрінен үзінді көрсетіліммен жалғасты.

Форум соңында «Цифрлық әлемдегі тәртіп: Гаджеттер мен желідегі қауіпсіздік» атты әлеуметтік сауалнама жүргізілді. Сауалнамаға форумға қатысушы әкелер мен балалар қатысып, қорытындысы жарияланды.
Әкелер күніне орай өткен форум мектеп пен ата-ана арасындағы байланысты нығайтуға септігін тигізді. Осындай игі шаралар арқылы бала тәрбиесіне үлес қосатын ер азаматтар қатары арта түспек.
Айдана Абдрахманова
Бөрлі ауданы