19.06.2026, 16:20
Оқылды: 10

Ардагер бапкерге құрмет көрсетілді

Бүгін Орал қаласында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Шыңғырлау ауданының Құрметті азаматы, спорт ардагері, бокс спортынан белгілі жаттықтырушы Александр Ильич Пятинді 80 жас мерейтойымен құттықтады.

image-19-06-26-01-20

Кездесу барысында өңір басшысы мерейтой иесінің облыс спортының дамуына, жас спортшыларды тәрбиелеу ісіне қосқан сүбелі үлесін атап өтті. Саналы ғұмырын спорт саласына арнап, талай таланттың қанатын қатайтып, олардың үлкен спорттағы жолына бағыт-бағдар берген ардагер бапкердің еңбегі өңір жұртшылығына жақсы таныс.

Облыс әкімі  дәстүрге сай иығына шапан жауып, мерейтой иесіне құрмет көрсетті. Сонымен қатар Александр Ильичке зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және кейінгі ұрпақтың игілігі жолындағы еңбегінің жемісін көре беруіне тілектестігін білдірді.

Салтанатты қабылдауға Шыңғырлау ауданының әкімі Мұрат Амангелдіұлы Өмірәлиев, Батыс Қазақстан облыстық бокс федерациясының атқарушы директоры Артур Дәулетиярұлы Мұрзаханов және спорт саласының өкілдері қатысты.

Александр Пятин – өңір спорты тарихында өзіндік қолтаңбасын қалдырған білікті бапкерлердің бірі. Оның шәкірттері әр жылдары республикалық және халықаралық додаларда табысты өнер көрсетіп, ел намысын абыроймен қорғады. Ұстаздың қажырлы еңбегі мен кәсіби тәжірибесі бүгінгі жас буын спортшылар үшін тағылымды мектеп болып табылады.

image-19-06-26-01-20 (2)

Айта кетейік, даңқты бапкердің 80 жылдық мерейтойына орай 22-25 маусым күндері Шыңғырлау ауданында бокстан дәстүрлі республикалық турнир өтеді. Аталған жарыс спорт ардагерінің еңбегіне көрсетілген құрмет қана емес, сондай-ақ жас былғары қолғап шеберлерінің шеберлігін шыңдайтын маңызды спорттық дода болмақ.

Спорт саңлақтарын тәрбиелеп, өңір спортының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан ардагерлерді ұлықтау өскелең ұрпаққа өнеге, елдік құндылықтарды дәріптеудің жарқын көрінісі.

 

Сара Әділ

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале