19.06.2026, 17:45
Оқылды: 46

Ұлына жыр жаттататын әке

21 маусым – Әкелер күні

Әлқисса, биылғы ақпан айының соңына таман нағашы аға-жеңгеміз Марат пен Гүлжиян жаңа үйге кіргендеріне шақырып, сол отбасының қоныстой қуанышында отырғанбыз. Мұндай басқосуға әдетте ет жақын ағайын-туыс пен құда-жекжат, дос-жаран мен көрші-көлем шақырылады ғой.

1

Әр қонақ «Қоныс құтты болсын!» дей келе, көрімдігін беріп, кейбірі өзінің игі тілек, ізгі ниетін әнмен жалғап, енді бір-екеуі әдемі әзіл, орынды қалжың айтып дегендей, шай дастарқаны бел ортадан ауған сәт еді. Нағашы апа-жездеміз Мәлік пен Қаламқастың ұлдан үлкені Замир өз құттықтауынан соң,  – Енді әзірше кенжеміз, 2-сыныпта оқитын ұлым Әзім екеуміз сіздерге жатқа жыр оқып береміз, – деді. Өзгелерді қайдам, өзім ерекше елең ете қалдым: «Замир қырықтан енді асты-ау... Ал бұл жаста ел ішінде, әсіресе, Ақ Жайық атырабында ұлына жыр жаттатын әке әй, қайдам, тым сирек-ау, тіпті, жоқтың қасы-ау...». Мен үшбу ойымның етек-жеңін жиғанша әкелі-балалы екеуі Мұхтар Шахановтың ортағасырлық тарихи шаһар Отырардың қасіретті тағдыр-талайы туралы дастанын жан толқытарлық, жүрек тебірентерлік дәреже-деңгейде оқи  жөнелді:

Даңқың  қайда  төске  өрлеген?

Екі  жүз  мың  әскерменен.

Алты ай бойы кіп-кішкентай  Отырарды  ала  алмау,

Алты ай бойы Отырардың осал  тұсын  таба  алмау,

Ойы – дауыл, сезімі – аспан,

Тек  жеңіспен көзін ашқан,

Менің алғыр  ұрпағымның  сүйегіне  зор  таңба,

Намысыма сызат түсті мына  сенің  арқаңда,

Деп Шыңғыс хан Шағатайға оқты  көзін  қадады...

Жыр оқылып болған соң қоныстойға жиналған жұрт жаппай  дуылдата  қол  соқты.

17f12737-6bdd-4500-a33e-46af5591f2c2

...Осыдан үш аптадай бұрын Замир тұратын Ақжайық ауданына қарасты Жайық ауылына арнайы ат басын бұрдым. Келетінімізді күн ілгері айтып қойғандықтан, Гүлжан келін шайын қайнатып, асын салып қойған екен. Амандық-саулықтан соң әңгіме-дүкеніміз негізінен дастарқан  басында  қызды.

–  Көп кісі ұл-қызын, немере-шөбересін күнделікті кітап оқуға көндіре алмай жүргенде, сен шынашақтай ұлыңды жыр жаттап, жыр оқуға қалай жетеледің?

– Былтыр көлік жүргізіп келе жатып, «Ютуб» арнасынан ақын Мұхтар Шахановтың Отырардың күйреуі туралы дастанын тыңдадым. Қатты әсер етті. Содан көлікке қалай отырамын, солай жаңағы дастанды тыңдауды әдетке айналдырдым. Рухты дүние мені осылайша  біржола баурап алды. Көлікке бала-шағам отырса да, Отырар туралы дастанды аудионұсқасымен қосыла оқитын болдым. Бірде Әзімге «Екеуміз қосылып оқиық» деп едім, ол бастапқыда қиынсынды. Тағы бірде қалаға бара жатқанда аталмыш дастанды аудионұсқасыз жатқа оқып отыр едім, ұлым, «Әке, мына жерін қате айттыңыз, ана жері олай емес, былай» деп маған ескерту жасады. Сөйтсем, ол аудио жазбаны тыңдағанда немесе мен өзім жатқа оқығанда Отырардың күйреуі туралы поэзиялық туындыны санасына сіңіріп, жадына тоқып жүр екен. Енді қазақ эпосының шырқау шыңы «Қобыланды батыр» жырын Марабай жыраудың нұсқасымен жаттатқым келіп жүр. Сондай-ақ Мұхтар Шахановтың от тілді, орақ ауызды ақын, жалынды жорық жырауы Махамбет Өтемісұлының тағдырын өзек еткен «Нарынқұм қасіреті» дастанын да ұлымның назарына ұсынбақ ойдамын, – деді отағасы.

DSC00994

Халқымыздың ауыз әдебиеті сынды алтын қазынасынан, яки, қазақ фольклорынан бастау алып, қазіргі заманғы қазақ әдебиетіне ұласатын жыр-дастандар, әсіресе, эпостық сипаттағы батырлар жыры ұл-қызымызды, әсіресе, ер баланы ұлттық асқақ рухта тәрбиелейтін ұлы арна, асыл қазына. Осыны бала тәрбиесінде о бастан жүйелі ескерген ерлі-зайыптылар Замир мырза мен оның шаңырағының шамшырағы Гүлжан ханымға ерекше риза болдық. Жасаған иеміз ұл да, қыз да берген бақытты жұбайлардың екеуінің де түп мамандығы – мұғалім. Бастапқыда мамандығы бойынша еңбек жолын бастаған Замир біраз жылдан бері мал шаруашылығына ден қойып, бүгіндері жеке шаруасын дөңгелентіп отыр. Ол ата-әжесіне қоса, әке-шешесіне де құтты қоныс болған қара шаңырақтың қасынан қос қабатты зәулім коттедж көтеріп, бүгіндері бітіруге таяу. Ал ер-азаматының тапқанын ұқсатып, шаңырақтың түтінін түзу ұшырып, үйдің берекесін кіргізіп отырған зайыбы өздері тұратын Жайық ауылындағы мектепте әлеуметтік педагог, әрі орыс тілінен  сабақ  береді.

– Ұл-қызымызға рухани бағыт-бағдар беруге қоса, балаларымызды адал еңбекке баулуға да жіті көңіл бөлеміз. Шүкір, қай-қайсысы да үйдің де, түздің де шаруасы бойынша бізге көмектесуден жалтарған емес. Жеке иелігіміздегі малымыз да, үй-жайымыздың айналасындағы шағын бау-бақшамыз да балаларымыздың қолғанат болып, қолғабыс жа-сауының арқасында өсіп-өнуде, – дейді төрт-бес перзенттің  анасы.

DSC00967

Алдында ағалары мен әпкесі бар Әзімге балаларға арналған «Айналайын» арнайы бетінің аясында біз әрине әлі ораламыз. Сабақ үлгерімі жақсы, тәртібі үлгілі, жыр жаттап, жыр оқуға қоса, спортпен де шұғылданып, әрі үй шаруасына да көмектесіп үлге-ретін балақайды неге насихаттамасқа?!

Мәліктің Замирінің арғы тегі кіші жүз он екі ата Байұлына қарасты Жаппас руының Қарақұл тармағынан. Ал оның жеті атасын емін-еркін тарқататын қаршадай ұлы қош айтысып, жолға шығарда  бізге  бата  берді:

– Асың,  асың,  асыңа,

Бақыт  қонсын  басыңа.

Таң  мезгілі  болғанда,

Қырғауылдай  қорғалап,

Бөденедей  жорғалап,

Қызыр келсін  қасыңа!

Дастарқаның мол  болсын,

Денсаулығың зор  болсын!

Армандарың алдыңнан

Саған шығып қол  берсін!

Дұшпаның саған құл  болсын!

Үйің толы қыз бен  ұл  болсын,

Жүрегің толған нұр болсын!

Бейкүнә сәбидің періште тілегіне біз үлкен-кішіміз түгелдей «Әумин!» дестік. Сіздер де «Әумин!» деп қойсаңыздар жүдә, керім болар еді!

Файзолланың Бауыржаны,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале