Осы аптаның сейсенбісінде облыс әкімі Нариман Төреғалиев Орал теміржол вокзалының жаңғырту жұмысын тексерді.

Орал теміржол вокзалын жаңғырту – Мемлекет басшысының теміржол инфрақұрылымдарын дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында өңірде жүзеге асып жатқан төрт жобаның бірі. Облыстағы төрт теміржол вокзалын жөндеу жұмысына бюджеттен 8 млрд теңге қаржы бөлінген. Құрылыс барысында Шыңғырлау ауданындағы вокзал ғимаратының жөндеуге жарамсыздығы анықталып, нысан жаңадан салынған. Сондай-ақ Тасқала, Бөрлі аудандарындағы екі теміржол бекетінің күрделі жөндеу жұмысы тәмамдалуға таяу.
Бүгінде Орал теміржол вокзалын жөндеу жобасының 97 пайызы атқарылды. Келер айдың соңында вокзал ғимараты халық игілігіне берілмек. Қазіргі кезде ғимараттың іші-сырты толық жаңарып, перронға өтетін 150 метрді құрайтын галлерея салынып, инженерлік желілер толық ауысқан. Төрт жылжымалы баспалдақ (эскалатор), үш жеделсаты, 162 бейнекамера, сонымен қатар перрондағы жолаушылар үшін 540 метрді құрайтын аялдама қалқасы орнатылған. Өңір басшысы нысанды тексеру кезінде жолаушылардың демалып, жататын орындарын көрді. Нариман Төреғалиұлы ана мен бала, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бөлмелерді көбейтіп, ғимарат алдындағы жасыл желекті молайтып, құрылыс жұмыстарын сапалы аяқтауды тапсырды.
– Ескі теміржол вокзалының ғимараты бәріміздің есімізде. Жолаушылар вагондарға міну үшін алдымен жертөлеге түседі, одан перронға көтерілетін еді. Мұның бәрі ауыр жүгі бар адамдарға және денсаулығы нашар жандарға қиындық тудырады. Енді жертөлемен қатынайтын күндер артта қалмақ. Себебі пойыз тоқтайтын орынға арнайы жылжымалы баспалдақ орнатылды. Жарық өшкен жағдайда жолаушылар эскалатор жанындағы арнайы баспалдақтармен перронға көтеріліп, пойызына отырады.
Орал теміржол вокзалын жаңғырту жұмысына кіріспес бұрын, арнайы мамандармен осы жобаны жан-жақты талқыладық. Вокзал ғимаратында мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға арнайы бөлмелер жасақталды. Олардың жоғары қабаттарға еркін көтеріліп-түсуі үшін жеделсатылар салынды. Оған қоса, ана мен балаға арналған үш, жалпы жолаушылар үшін 16 бөлме бар. Теміржол вокзалының инфрақұрылымы мен кескін-келбеті заман талабына сай болуы тиіс. Халыққа қызмет көрсететін бұл әлеуметтік нысан қала орталығында орналасқан. Вокзал ғимаратының маңы да абаттандырылуда. Қала бюджеті есебінен вокзал ғимаратының жанындағы тынымбақты да қоса көркейтіп жатырмыз. Нысан алдындағы жолаушылар көлігі өтетін жолды да жөндеу жоспарда бар, – деді облыс әкімі.

Шыңғырлау, Бөрлі, Тасқала аудандарындағы теміржол вокзалдарының құрылысы аяқталған. Бүгінде аталған үш нысанның ішкі жабдықтарын орналастыру жұмыстары ғана қалған көрінеді. Таяу арада бұл теміржол вокзалдары пайдалануға берілмек. Ал Орал теміржол вокзалы шілденің жиырмасынан бастап өз қызметін жалғастыратын болады.
Ғимарат ішінде Орал теміржол вокзалының қолданысқа берілген жылдардағы тарихи суреттері мен бергі жылдардағы келбеті тақтаға ілінген. Нариман Төреғалиұлы Орал теміржол вокзалының басшысы Жалғас Аманғалиевке бұл суреттерді әрлеп, ғимараттың көзтартар тұсына ілу қажет екенін айтты.
Вокзал басшысы бұл әлеуметтік нысанның 1983 жылы бой көтергенін тілге тиек етті. Ілгерідегі 25-30 жыл ішінде ғимаратқа жөндеу жұмысы жүргізілмеген. Бұл күндері Орал теміржол вокзалы жылына төрт мыңнан астам жолаушыға қызмет көрсетеді. Жаз мезгілінде жолаушылар ағыны артып, тәулігіне 700-900 адамға жетеді екен. «Қазірде «Саратов – Алматы», «Орал – Алматы», «Орал – Астана» бағыттары бойынша пойыз жүруде. Нысан жөндеуге жабылғандықтан, жолаушылар әзірге ғимарат жанындағы көпір арқылы вагондарға жетуде», – деді Ж. Аманғалиев.

Жоба негізінде жаңғыртужөндеу жұмысына 6 млрд теңге қаржы бөлінген. Мердігер – «KazConstructionGroup» ЖШС. Серіктестік директорының орынбасары Ернияз Үдіреев құрылыс сапалы жүргізіліп жатқанын айтты.

– Ғимараттағы жылу және желдеткіш құрылғылары толық жұмыс істеп тұр. Нысан қабырғалары мен едені жаңартылды. Жоба барысында 300-ге жуық азамат жұмысқа алынды. Қазір 80-ге тарта жұмысшы еңбек етуде. Бүгінде ғимарат алдын абаттандыру, перронға өтетін галереяның ішкі қабырғасын орнату, есік-терезелер қондыру секілді бір ай шамасындағы жұмыс қалды, – деді Ернияз Үдіреев.
Нұрым Ғұмар,
«Орал өңірі»