Орал қаласында қоғамдық көлік қызметінің сапасын арттыру және жолаушыларға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
Сурет: Видеодан скрин
«Оралавтотранс» ЖШС автопаркі 10 жаңа заманауи автобуспен толықты. Бүгіннен бастап олар №5 бағыт бойынша жолаушыларға қызмет көрсете бастады. Сонымен қатар №9 және №12 бағыттарындағы жолаушылар ағынын ескере отырып, бұл бағыттарға да сыйымдылығы үлкен қосымша автобустар бөлінді.
Жаңа автобустардың сыйымдылығы 90 жолаушыға дейін жетеді. Олар климат-бақылау жүйесімен, электронды төлем құрылғыларымен, аялдамалар туралы ақпараттандыру жүйесімен және бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандардың қолайлылығы үшін арнайы пандустар қарастырылған.
Бұл жаңашылдықтар жолаушылардың күнделікті қатынасын жеңілдетіп қана қоймай, қоғамдық көлік қызметінің қолжетімділігі мен қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
Қоғамдық көлік инфрақұрылымын жаңарту – қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартудың маңызды бағыттарының бірі. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Орал қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі