Шыңғырлауда өткен Жұмағазиевтер халықтық отбасылық ансамблі мен «Еркем-ай» үлгілі би ансамблінің есептік концерті көрерменге ерекше рухани әсер сыйлады.

Жұмағазиевтер халықтық отбасылық ансамблі мен «Еркем-ай» үлгілі би ансамблінің «Алғысым сізге, көрермен!» атты есептік концерті аудандық мәдениет үйінде өтті. Әсем ән мен мың бұралған биге толы шығармашылық кеш өнерсүйер қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Кеш шымылдығы «Сарқырама» вокалды тобының орындауындағы «Желкілдек» халық әнімен ашылды. Кеш жүргізушілері Жалғасбек Мырзагереев пен Гүлбақыт Насиева өнердің адам жүрегін жүрекпен жалғайтын құдіретін сөз етіп, көрерменді тағылымы мол шығармашылық кештің мазмұнымен таныстырды.
Бұл кештің басты ерекшелігі – өнерді отбасылық дәстүрге айналдырып, бірнеше буынға жалғап келе жатқан Жұмағазиевтер әулетінің шығармашылық жолына арналуы. Ансамбльдің негізін қалаушы, аудандық мәдениет саласына отыз жылға жуық ғұмырын арнаған Гүлжамал Жұмағазиева – ұлттық өнерді насихаттауға өлшеусіз үлес қосқан жан. Ол аудандық мәдениет үйін басқарып, отбасылық ансамбльді құрып, оның халықтық атаққа ие болуына күш салды. Дәстүрлі ән мен терме өнерін дәріптеп, облыстық, республикалық және халықаралық байқауларда топ жарған өнер иесінің еңбегі – кейінгі буынға өнеге.
Кеш барысында Гүлжамал Жұмағазиева мен облыстық, республикалық байқаулардың лауреаты Аманғали Сатпановтың орындауындағы дәстүрлі ән мен айтыс өнері көрермен көңілін тербеді. Ал «Еркем-ай» би ансамблінің «Ойнамақ» атты қазақ биі ұлттық нақышымен ерекшеленіп, сахна сәнін келтірді. Жұмағазиевтер ансамблінің орындауындағы «Ауылым», «Әриайдай» әндері де көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Өнер сабақтастығы кештің келесі бөлімінде жас орындаушылар арқылы жалғасын тапты. Әселхан Мұхамбетшінің жетекшілігіндегі «Сарқырама» вокалды тобының әншілері Орынғали Жанель мен Арыстанқызы Амина «Ризамын» әнін орындаса, Айгерім Шалқарбаева «Махаббат керек» әнімен тыңдарман жүрегіне жол тапты.

Өнер кешінде аудан мәдениетінің дамуына өзіндік қолтаңбасын қалдырған «Мәдениет майталманы» төсбелгісінің иегері Сәуле Ғұмарқызының орындауындағы әндер де кештің мазмұнын байыта түсті.
Сахна төрінде «Арай» вокалды-аспаптық ансамблі де өнер көрсетіп, Шона Смаханұлының сөзіне жазылған «Анамның тілі» әнін және Шәмші әндерінен попурри орындап, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Жұмағазиевтер ансамблінің мүшелері Әселхан, Надежда және Сәуле Жұмағазиевалардың орындауындағы «Сыр» әні де жүрекке жылы тиді.
Ал «Еркем-ай» би ансамблінің қытай биі көрерменді өзгеше ырғақ пен әсем қимыл әлеміне жетеледі. Ән мен биді үйлестірген концерттік бағдарламаға арнайы қонақ ретінде келген Айдос пен Мирас дуэті де өздерінің танымал әндерін орындап, кештің көркін қыздырды.
Кештің ерекше әсер қалдырған сәттерінің бірі Сәуле Ғұмарқызының авторлығымен дүниеге келген «Келіңдер Шыңғырлауға» әнінің орындалуы болды. Туған жердің табиғатын, кеңпейіл халқын, қасиетті топырағын жырға қосқан бұл әнді аудан жұртшылығы ерекше ықыласпен қабылдады.
Концерт соңында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Олжас Сейтімовке сөз беріліп, өнер ұжымдарының шығармашылық жетістіктері мен мәдениет саласына қосқан үлестері атап өтілді.
«Алғысым сізге, көрермен!» атты есептік концерт сахнадағы әсем ән мен бидің ғана емес, тұтас бір әулеттің өнерге деген адалдығы мен еңбегінің көрінісі болды.
Сара Шакрат,
Шыңғырлау ауданы