Қаратөбе ауданына Батыс Қазақстан облысы дін мәселелерін зерттеу орталығының басшысы Мейрамбек Кабдоллин келіп, аудан әкімдігінің мәжіліс залында «Дін және мемелекет» тақырыбында ақпараттық түсінік жұмыстарын жүргізді.

Мейрамбек Ержанұлы іс-шара барысында қоғамға қауіп төндіретін өзекті мәселе — экстремизм мен терроризмге кеңінен тоқталды.
Слайд арқылы экстремизмнің әлемге төндірген қаупі, оның негізгі түрлеріне қатысты түсінік берді.
– Қазіргі таңда Қаратөбеде діни ахуал тұрақты. Елдің келешегі — жастарымыздың діни сауатты болуы маңызды. Жастарды дәстүрлі емес діни ағымдардан сақтандыру, олардың діни сауаттылығын арттыру — заман талабы, - деді Мейрамбек Ержанұлы.
Іс-шараға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Еділбек Есқалиев, «Ізгілік» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайрат Байғұтты мен теолог маман Әмірбек Жәнібеков, аудан әкімі аппаратының және аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың мамандары, аудандағы сала қызметкерлері қатысты.
Атаулы іс-шара Қаратөбе колледжінде, аудандық полиция бөлімінде және Қ. Жұмалиев атындағы Қаратөбе мектеп-гимназиясында жалғасты.
Мейрамбек Ержанұлы Қаратөбе колледжінің, аудандық полиция бөлімінің ұжымдарымен және Қ. Жұмалиев атындағы Қаратөбе мектеп-гимназиясының жоғары сынып оқушыларымен кездесіп, аталмыш тақырыпта ақпараттық түсінік жұмыстарын жүргізді.
Ерболат Мырзағұлұлы,
Қаратөбе ауданы