Қаратөбе ауданының Сулыкөл ауылдық округіне қарасты Төлен ауылының маңында ел арасында «Жұмыр – Сасық» мазары аталып кеткен тарихи орын бар. Мұндағы ескі қос шошақ моланың бірінде Махамбет Өтемісұлының әйгілі «Жұмыр-Қылыш» күйіне арқау болған Жұмыр батыр жерленген.

Өкінішке қарай, осынау тарихи орын ұзақ жылдар бойы қоршаусыз, мал өрісінің ортасында қалып, табиғаттың әсерінен де біртіндеп тозып бара жатқан еді. Тарихымыздан сыр шертетін мазарды қоршауды мақсат тұтқан қаратөбелік азамат, аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің бокс үйірмесінің жаттықтырушысы Думан Дінішев өз шәкірттерімен бірге барып игілікті іс жасады. Мазарды қошау жұмыстарына Төлен ауылының азаматтары да қолұшын беріп, көмектерін аямапты.
– Спортты жанына серік еткен шәкірттеріммен бірге осы жерге арнайы барып, бабалар рухына тағзым еткен болатынбыз. Сол жолы тарихи орынның жай-күйін көріп, көңіліміз құлазыды. Тым болмаса, айналасын қоршап, мал тұяғынан қорғап қойсақ, кейінгі ұрпақ та мұнда кімдердің жатқанын біліп жүрсе деген ой келді.
Сөйтіп, сол ойымызды жүзеге асыруға кірістік. Ниетімізді естіген Төлен ауылының азаматтары да қолдау білдірді. Әсіресе, Дастан Зейнуллин бауырымыз бастаған ауыл жігіттері істің басы-қасында жүріп, көп еңбек сіңірді. Қолынан келгенше демеушілік қаражат берген аға-бауырларыма алғысымды айтамын.

Осылайша, көптің көмегімен жақында «Жұмыр – Сасық» мазарының айналасына қоршау орнаттық.
Бұл жұмысты үлкен бір іс тындырғандай көрсету ойымызда жоқ. Бар болғаны, туған жердің тарихына деген құрметімізді қолымыздан келген іспен білдіргіміз келді. Қолдау көрсеткен, уақытын бөліп, еңбек еткен барша азаматтарға шын жүректен алғыс айтамын.
Қазір елімізде «Таза Қазақстан» бастамасы жүзеге асырылып жатыр. Менің түсінігімде, туған жерді таза ұстау тек қоқыс жинап, айналаны абаттандырумен шектелмейді. Ата-бабамыздан қалған тарихи орындарды күтіп-баптау, ескі қорымдарды аяқасты етпей, қасиетті жерлерімізге қамқорлық жасау да осы игі істің бір бөлігі.
Біз шәкірттерімізге спорт арқылы күш-қайратты, төзімділік пен тәртіпті үйретуге тырысамыз. Бірақ олардың туған жерін танып, ел тарихын құрметтеп өскені де маңызды. Сондықтан бұл сапар мен атқарылған жұмыс шәкірттерім үшін де тағылымды болды деп ойлаймын.

Бабаларымыздан қалған мұраны сақтау үшін әркім өз қолынан келгенін жасаса, талай тарихи орнымыздың қадірі арта түсер еді. Туған жерге деген құрмет сөзбен ғана емес, іспен де көрінсе екен, - дейді ізгілікті істің жүзеге асуына ұйытқы болған Думан Серікұлы.
Жасалған жұмыстың нәтижесінде құрылыс жұмыстарына қажетті материалдар әкелініп 60 метр мазар аумағы қоршалды.

Мұндай игілікті істер туған жердің тарихына деген құрметтің жарқын үлгісі екені сөзсіз. Бабалар аманатына адалдық танытып, тарихи орындарды сақтауға үлес қосу – бүгінгі ұрпақтың азаматтық парызы. Думан Дінішев бастаған азаматтардың бұл бастамасы жас ұрпаққа тағылым беріп қана қоймай, көпке үлгі боларлық өнегелі іс болды. Өйткені туған жердің тарихын сақтау – өткенге тағзым ғана емес, келешек алдындағы жауапкершілік.
С. Хасанов
Қаратөбе ауданы