Елордадағы Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның концерт залында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Бауыржан Халиолланың «Ағымнан ақтарылсам…» атты шығармашылық кеші өтті.

Поэзия мен әуенді тоғыстырған тағылымды кештің тізгінін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, фольклортанушы, эпик жыршы Берік Жүсіп ұстады. Кеш барысында ақынның шығармашылық жолы, азаматтық болмысы мен әдебиет пен өнерге қосқан үлесі кеңінен таныстырылды.

Ақынның жырларынан туындаған әндер кештің негізгі арқауына айналды. Сахна төрінде «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері Дастан Есентеміров пен Ернар Өмірәлі, «Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегері Марат Халиуллин және республикалық конкурстардың жеңімпазы Мирлан Жамбылов өнер көрсетті. Орындаушылар Бауыржан Халиолланың сөзі мен әніне жазылған туындыларды нақышына келтіре орындап, көрерменге ерекше әсер сыйлады.

Шығармашылық кешке Батыс Қазақстан облысынан арнайы келген делегация облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медхат Қамбетов бастаған, ел ағасы Айдар Батырханов, Жүрсін Ерман, Бауыржан Бабажанұлы, Асхат Маемиров, Мұхамеджан Тазабек, Қалқаман Сарин, Рига Онаева сияқты танымал ақын-жазушылар, мемлекеттік және мәдениет мекемелерінің басшылары, мәдениет және өнер қайраткерлері, министрлік өкілдері мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Бұл – ақын шығармашылығына деген жоғары құрмет пен оның әдеби-мәдени ортадағы беделінің айқын көрінісі болды.

Кештің ерекше сәттерінің бірі – қазақ айтысының Қара Нары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Отан» және «Құрмет» ордендерінің иегері, талай таланттың ұстазы Жүрсін Ерманға көрсетілген құрмет еді. Кеш иесі Бауыржан Халиолла аяулы ұстазының иығына шапан жауып, қара домбыра сыйлап, қазақы дәстүрмен ерекше ілтипатын білдірді.

Сонымен қатар, кешке арнайы келген ұстазы Айғаным Аманжанқызына гүл шоғын ұсынып, ұстазына деген шынайы құрметін көрсетті.

Ұстаз бен шәкірт арасындағы осынау жарасымды сәт кештің рухани мазмұнын тереңдете түсті.

«Ағымнан ақтарылсам…» – ақынның жан дүниесін, азаматтық ұстанымын, өмірге деген көзқарасын өлең мен ән арқылы өрнектеген сырлы кеш болды.

Бұл кеш Бауыржан Ергенұлының шығармашылық әлемін кеңінен танытып қана қоймай, оның әдебиет пен өнердегі өзіндік қолтаңбасын тағы бір мәрте айшықтады.
Айжан Амангельдина,
Орал қаласы
