26.11.2026, 16:00
Оқылды: 4

Жаңақала ауданында «Қазақстан Халық Банкінің» жаңа бөлімшесі ашылды

Жаңақала ауданының тұрғындарына қаржылық қызмет көрсетудің сапасын арттыруға бағытталған тағы бір маңызды нысан ел игілігіне берілді. Бұл жолы аудан орталығында «Қазақстан Халық Банкі» акционерлік қоғамының жаңа бөлімшесі салтанатты түрде ашылды.

Халыққа қызмет көрсетудің жаңа белесі (1)

Ашылу рәсіміне Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Тлепберген Каюпов, аудан әкімінің орынбасары Руслан Ғұмар, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нариман Мукушев, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жөніндегі департамент басшысы Дамир Иралимов, банктің облыстық филиалының директоры Жасұлан Жұмабеков, бөлшек бизнес бойынша директоры Ринат Губашев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайырғали Жаймов, мекеме басшылары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Салтанатты шарада сөз алған облыс әкімінің орынбасары Тлепберген Ерсайұлы жаңа нысанның ашылуымен жиналған қауымды құттықтап, оның ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосар үлесіне тоқталды. Одан кейін «Қазақстан Халық Банкі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нариман Нұрланұлы жаңа бөлімшенің ашылуы жергілікті тұрғындар үшін маңызды жаңалық екенін атап өтті. Айта кетейік, 1923 жылы негізі қаланған Қазақстан Халық Банкі – еліміздегі ең ірі әмбебап коммерциялық банктердің бірі. Банк Қазақстан, Грузия және Өзбекстан елдерінде ауқымды қызмет көрсетіп, қаржы саласында ғасырдан астам уақыттан бері табысты жұмыс істеп келеді. Банк бөлімшесі 2006 жылдан бері аудан халқына қызмет көрсетеді. Бүгінде ол мемлекеттік мекемелермен қатар, кәсіпорындар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлерге қаржылық қызмет көрсетуде. Сонымен қатар зейнеткерлердің 99,4 пайызы зейнетақы мен жәрдемақысын осы бөлімше арқылы алады.
Қазіргі таңда мекемеде 6 қызметкер еңбек етсе, қауіпсіздік пен тазалық жұмыстарына жауапты 4 күзетші және 2 кіші қызметкер жұмыс істейді. Шара барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайырғали Үмбетқалиұлы да ақжарма тілегін жеткізді. Салтанатты жиынның ең маңызды сәті – лента қию рәсімі болды.
Құрметті қонақтар Нариман Мукушев пен Тлепберген Каюпов салтанатты түрде лентаны қиып, жаңа нысанның жұмысын бастауына жол ашты. Қазақы дәстүрмен өрілген рәсімде халықтық «Айзере» әжелер ансамблінің мүшелері шашу шашып, «Ақ босаға» келіндер ансамблі ақ пен бауырсақ ұсынды. Сондай-ақ халықтық фольклорлық ансамблінің музыкалық сәлемдемесі салтанаттың сәнін келтірді.

Ақерке Ғилымхан,
Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале