16.07.2021, 10:35
Оқылды: 454

Отан үшін от кешкендер

Мәншүк Мәметова

Мәншүк Мәметова 1922 жылы Батыс Қазақстан облысы, Бөкей ордасы ауданының Жасқұс ауылында дүниеге келген. 1942 жылдың тамыз айында әскерге алынған ол соғыста үздік пулеметші атанып, Псков облысының Невель қаласын жаудан қорғаудағы кескілескен шайқаста ерлікпен қаза тапты.

WhatsApp Image 2021-07-16 at 10.32.59

1944 жылдың 1 наурызында қазақ халқының қаһарман қызына Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Қазір еліміздің қалалары мен аудандарында оның атын иеленген мектептер мен көшелер болса, бірқатар өңірлерде еңселі ескерткіштері де бар.

Біз төменде оралдық белгілі журналист Тихон Әліпқали ағамыздың М. Мәметова өмірінен сыр шерткен «Батыр қыздың бес хаты» атты танымдық туындысынан үзінді жариялап отырмыз.

«Оралдағы мұражайларда, мұрағаттарда сақтаулы небір баға жетпес құндылықтардың ішінде бәрінен қымбаты, жүрегіме ең ыстығы Мәншүктің майданнан анасына – Әмина Сүлейменқызына жазған хаттары.

«Қыз қылығымен» деген ғой, оның балауса болмысына сүйсінесің-ақ. 1943 жылғы 7 тамыздағы хатын аяқтап бола беріп, соңында: «Әпкетай, кішкентай айна салып жіберерсіз» деп өтініш жасапты.

Жауынгерлік тағдырының шет жағасын да Мәншүк ең алғаш анасына осы хатында жазған. «... Жерден қазылған жертөледе тұрып жатырмыз. Көңілсіз, бірақ күн сайын жаттығу немесе қорғаныс жұмыстары, сондықтан уақыт байқалмай тез өтеді.

Әуелі мен бригада штабында аға жазарман (писарь) болып істедім, бірақ қолыма қару алып, ұрысқа тікелей қатысқым келді. Сөйтіп батальонға ауыстым, онда мен қазір пулеметшімін. Жуықта өз арамыздағы озық ретінде «Үздік пулеметші» значегін алмақпын».

Алдымда, міне, Мәншүктің 1943 жылдың 11 қазанында анасына жазған ашықхаты (открытка) жатыр. «Ардақты анашым! Сіздің хатыңызды алғаннан кейін мен жауап жазған болатынмын, ал қазір алдыңғы шептемін, тағы да хат жаза алам ба, жоқ па, білмеймін, сондықтан открытка салып отырмын.

...Енді хатты ұрыстан кейін күт. Хатты жиірек жазыңыз. Бәріне сәлем, мен үшін Динашты шөпілдетіп сүйіп аларсыз, сізді тыңдайтын болсын.

Хош, қатты-қатты сүйдім сізді.

Қызың Мәншүк.

11.10.43 ж.»

Хатты осылай аяқтай келіп, төменде анасына 400-500 сом шамасында ақша салып жібергенін және мәлім етіпті. Ба- тыр қыздың бұл анасына айтылған ақырғы сөздері, жазылған ең соңғы хаты. Осыдан кейін төрт күннен соң ол шартарапқа аңыз боп тараған әйгілі ерлікпен қаза тапты. Мәншүк барлығы 418 күн қолына қару ұстап, Отанын жаудан қорғаған майдангерлер сапында болды. Ұлы Отан соғысы 1418 күнге созылса, содан қазақтың ержүрек қызының еншісіне 418 күн бұйырыпты. Жұмыр жердің бетінде абыройы асқақ батыр қыз 21 жыл 13 күн тірлік кешті. Уақыт өлшемімен алғанда қамшының сабындай шолтаң ете қалған өте қысқа ғұмыр. Әйтсе де, абырой-даңқы уақыт озған сайын асқақтай түсетін мәңгілік өшпес өмір!

Александр Борисюк

Майдан даласында қыршынынан қиылып, тарих тақтасына аты алтын әріптермен жазылған боздақтардың қатарында Александр Борисюк те бар. Ол Тула облысының Белев қаласында туған. 1925 жылы ата-анасы Батыс Қазақстан облысының Зеленов ауданына қарасты Серебряков ауылына қоныс аударыпты.

WhatsApp Image 2021-07-16 at 10.32.59 (1)

Александр Евстафьевич 1940 жылы Қызыл Армия қатарына алынып, 1941 жылдың қыркүйегінде Ленинград майданына түседі. Ол бөлімде үздік минометші бола жүріп, әскери әдіс-тәсілдерді шебер меңгереді, дұшпанның ондаған атыс ұяларын жояды. 588-атқыштар полкіндегі минометшілер взводының командирі, аға сержант А. Е. Борисюк 1944 жылдың 9 шілдесінде Барышево (Пеллякяля) елді мекенінісолтүстік-батысындағы Карель мойнағында Вуокса өзенінен өткенде ерен ерлік үлгісін көрсетеді. Сол кезде жандарына жау снаряды жарылып, екі жауынгер жарақат алып, қайыққа да зақым келеді. Бірақ командир өзін байсалды ұстап, тиелген минометтер мен оқ-дәрі түгелдей жағаға жеткізіледі. Арғы бетке шығысымен минометшілер неміс қорғанысына оқ атып, біздің жаяу әскердің алға жылжуына жол ашады. Ал ержүрек минометчик Александр қарсы жақтың траншеясына бірінші болып түсіп, бетпе-бет айқаста екі фашистің үнін өшіреді. Сосын жаудың қолға түскен миномет батареясын іске қосып, өз қаруларымен өздерін жайрата бастайды. Осы сәтте қаңғыған оқтың бірі оның өмірін қиып, 1945 жылдың 15 ақпанында Польшаның Грудзендза қаласында жерленеді.

1945 жылдың 24 наурызында А. Е. Борисюкке Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі. Бүгінде Серебряков ауылында оның атына көше берілсе, осындағы соғыстан оралмаған боздақтарға арналған ескерткіш тақтада есімі жазулы тұр.

Қасым Ахмиров

Күркіреп күндей өтті ғой соғыс... Сан ұлттың тағдырын тәлкек қылған сол қан майданның қасіретті күндері туралы аз жазылған жоқ. Жазыла да беретін сияқты. Елін жаудан қорғаған қайран ерлердің ерлігі мен өрлігін қанша дәріптесек те артық етпесі хақ. Сол баһадүрлеріміздің бірі татар ұлтының өкілі – Қасым Ахмиров. Кіндік қаны Саратов облысының Дергачев ауданында тамғанымен, ата-анасы 1937 жылы сол кездегі Орал облысына қоныс аударыпты.

WhatsApp Image 2021-07-16 at 10.33.00

Осылайша он төрт жасында қазақ топырағына табаны тиген бозбала араға төрт жыл салып, 1941 жылдың күзінде әскер қатарына шақырылады. Жалын атқан он сегізде Отан қорғаушылар сапына тұрып, қолына қару алған ол майдан жорықтарын Воронеж қаласын жаудан азат етуден бастайды. Алғыр да өжет Қасым кейін кіші лейтенанттар дайындайтын арнайы курсты бітіріп, 388-атқыштар полкі 4-ротасының взвод командирі болады. Бұл кезде, яғни, 1943 жылдың күзінде олардың ротасы Киевтің солтүстік-шығыс жағындағы кескілескен шайқастың бел ортасына еніп, оның взводы 4 қазан күні Сейм өзенінен өтіп, Чумакиев хуторына басып кіреді. Осы шабуылда дұшпанның 85 солдатының көзі құртылса, соның дені Қасымның дәлдеп атқан қорғасын оғынан ажал құшады. Десек те, күші басым жау өз айласын асырып, келесі күні 2-атқыштар батальоны қоршауда қалады. Көптеген қаруластары мен командирлерінің де оққа ұшқанын көзімен көрген кіші лейтенант Қасым Шабақұлы тез ес жиып, ротаны басқаруды қолына алады. Өзінің батылдығы мен қырағылығы арқасында қоршауды бұзып өтіп, жауынгерлерін аман алып шығады. Осы жылдың 17 қазаны күні көзсіз ерлігі мен қиындықта жол таба білген ұтымды шешімі үшін жерлесімізге Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, әскери шені де өседі.

Иә, соғыс тактикасы мен басқару тәсілдерін шебер меңгерген офицер Қ. Ахмиров бұдан кейін де жауынгерлік тапсырмаларды мүлтіксіз орындап, нағыз батырға тән іс-қимылымен ерекшеленеді. «Алтын жұлдыздың» қатарына тағылған «Жауынгерлік Қызыл Ту» мен І дәрежелі «Отан соғысы» ордендері мен бірнеше медаль сол көрсетілген ерліктің айғағы, төгілген қан мен тердің өтеуі іспеттес. Соғыстың соңғы күндері ол Берлин маңындағы шағын қалаларды алуға қатысып, Рейхстагта бункерге тығылған немістің кеңсе жұмысшыларын тұтқындауға да көмектеседі. Осылайша Жеңіс жалауы желбіреген күнге де жетіп, аман-есен еліне оралады.

Өмір өкінішсіз болған ба?! Жау оғы дарымаған Қасым Шабарұлы 1949 жылы 26 жасында теміржол бойында апатқа ұшырап, қаза табады.

Мақалалар топтамасын дайындаған Бауыржан Махутұлы,

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале