7.11.2023, 10:15
Оқылды: 63

Өз қуатымызды тиімді пайдаланып жүрміз бе?

Энергия ұғымы ежелгі заманнан бері ғалымдарды толғандырып келеді. Бүгінгі таңда адамзат құбылыстардың алуан түрлілігін зерттеуде әлдеқайда алға жылжыды. Бұрындары энергияны зерттеу фантастикалық, шындыққа жанаспайтын нәрсе болып саналса, бүгінде ресми ғылым да, заманауи медицина да адам энергиясының шынымен бар екенін мойындайды.

Earth at night was holding in human hands. Earth day. Energy saving concept, Elements of this image furnished by NASA https://www.nasa.gov/specials/blackmarble/media/BlackMarble_2016_Asia_composite.png

Фото: istockphoto.com

Қуат дегеніміз не?

Адам өміріндегі энергия нені білдіреді? Бұл – адам денесіндегі барлық құрамдас бөліктеріндегі - ең кішкентай атомдардан үлкен ағзаға дейін өзара әрекеттесетін көзге көрінбейтін қозғалтқыш. Яғни өмірлік күш. Бізді қоршап тұрған жарық, дыбыс, электромагниттік тербеліс, тағы басқа заттардың өз энергиясы бар. Энергияны көру немесе ұстау мүмкін емес. Дегенмен, заманауи әдістердің көмегімен адамның энергетикалық өрісін немесе аураны көруге болады. Адам өміріндегі бұл энергия оның сыртқы әлеммен қарым-қатынасын анықтайтын күш секілді. Мәселен, бір адамдар тура­лы «Аурасы жақсы, оң энергия таратады» деген сөздерді жиі естиміз. Ал кей адамдардың қасында тез шаршап қаласыз, еңсе­ңізді ауыр зіл басып өзіңізді жайсыз сезінесіз. Психологтердің айтуынша,  ылғи әлденеге шағымданып, кез келген нәрсеге көңілі толмай жүретін «энергетикалық вампирлер» теріс энергия таратады. Адам бойындағы энергияны оның эмоциясынан, мінезінен байқауға болады. Кей адамдар үнемі ашық-жарқын, белсенді, көңілді жүреді. Бұл – позитивті энергия. Ал егер адамға энергия жетіспесе, оның көңіл күйі төмен, селқос, енжар болып, үнемі шаршап жүреді. Адам күйзеліске душар болады. Сондықтан әр адам өзінің тәні мен жанына дер кезінде үңілгені дұрыс, – дейді мамандар.

Қуат қандай түрге бөлінеді?

Бірінші, негізгі деңгей – физикалық  энергия. Ең алдымен, адам өзін  физикалық қуатпен толтыру керек.

Мамандардың айтуынша, ол үшін уақытымен ұйқыға жату, серуендеу, дұрыс тамақтану, күнделікті көп қимылдау, релаксация әдістерін үйрену маңызды. Былай қарасаңыз, қарапайым көрінгенімен, әр адам осы нәрсені күнделікті орындап жүр ме? Екінші – эмоционалдық энергия. Бұл әр адамның өзін оптимистік, алаңсыз, жеңіл және босаңсыған күйде сезінуі. Ал үнемі алаңдап, мазасызданған күйде жүрсеңіз, өзіңізге  жеткілікті көңіл бөлуге уақыт тапқан жөн. Өміріңіздегі қуанышты, бақытты сәттерді сезіну, алға нақты мақсаттар қою сіздің қуатыңызды еселеп, табысыңызды молайтады, – дейді психологтер. Үшіншісі – интеллектуалдық  энергия. Бұл жағдайда адам ақыл-ойдың анықтығын сезінеді. Интеллектуалдық энергиясы жоғары жанның мақсаты айқын, сенімі нық, ісі тиянақты болады. Төртінші – рухани қуат. Рухани энергияның жоғары деңгейі – өмірдің мәнін түсінумен айқындалады. Адамның рухани кемелденуі, адами құндылықтарды, өмірдің әр сәтін жоғары бағалауы – рухани қуаттың артуымен өлшенеді.

Адам күш-қуатты қайдан алады?

Адам күш-қуатты, яғни энергияны қайдан алады? Ең бірінші – пайдалы дұрыс тамақтану арқылы бойға қуат алады. Тағамның қорытылуы, химиялық үрдістер нәтижесінде бөлінуі адам ағзасын нәрлендіретін энергияны бөледі. Сондықтан уақытымен жеңіл тамақтанып жүрген дұрыс екендігін мамандар еске салады. Екінші –  уақытымен ұйықтап, демалу. Көптеген адам ұйқының жетіспеушілігінен энергияның қаншалықты азаятынын байқаған шығар. Заманауи зерттеулер көрсеткендей, тіпті бір түн ұйықтамау адам ағзасын әлсіретеді. Ұйқысы шала адамның ісі мен ақыл-ойы тиянақсыз, шашыраңқы болады. Сондықтан адам ағзасындағы зат алмасуларды күнделікті ұйқымен реттеп отыруы қажет.  Үшінші энергия көзі – тыныс алу. Денені оттегімен қанықтыру процесін энергияның ең маңызды көзі деп атауға болады. Өйткені онсыз адам бірнеше минут қана  өмір сүре алады. Сол үшін психологтер бөлмені жиі желдетіп, таза ауамен дұрыс тыныс алуға мән беру қажеттігін айтады. Оттегімен толыққан терең тыныс алу – ағза  үшін энергияның ең маңызды көздерінің бірі. Төртінші – айналаға, қоршаған ортаға оң көзқараста болу. Үнемі қайғырып, қобалжып, не істесеңіз де көңіліңіз толмай, айналаңызға ренжіп жүрсеңіз, бойыңыздағы энергия соған кетіп қалады. Ал кішкентай нәрсеге қуанып, осы сәтіңізге, қолда барға шүкіршілік етсеңіз, энергияңыз артады. Өйткені позитивті ойлау тәжірибесі әр адам үшін өте маңызды.

Біз қуатымызды қайда жұмсаймыз?

Осы сұрақпен біз оқырмандарымызды әңгімеге тарттық. Біз сөйлескен адамдардың көбі уақыт пен энергияны тиімді мақсатқа жұмсай алмай жүргенін жасырмады. Мәселен, қаламыздағы кеңселердің бірінде жұмыс істейтін Гүлбағда Жандосқызы әр күнге таңмен 10 пункттен тұратын жоспар құрады екен.

–  Күн сайын өзімше жоспар құрамын. Бірақ соның бір-екі бөлігін ғана орындаймын. Қалғаны сол күйі орындалмай  қалады. «Неге олай?» деген сұрақпен өзіме үңіліп қарасам, көп уақытым мен энергиямды мүлдем басқа нәрселерге жұмсайды екенмін. Мәселен, жұмысқа енді кірісе бергенімде, ауылдағы бір туысым «Логопед дәрігерге жазып берші немесе облыстық емханадағы көз дәрігері осы сенбі жасайма екен? Біліп берші» деп хабарласады. Мен бар жұмысымды доғарып, сол кісінің шаруасымен айналысып кетемін. Оған кемі бір сағат  уақытым кетеді. Өйткені бірі телефон алып болмайды,  енді бірінің интернетке салып қойған нөмірі жойылған. Былай қарасаңыз, түкке тұрғысыз нәрсе сияқты көрінгенімен, қыруар уақытың кетеді. Оған қоса, бастаған ісіңе бірден кірісіп кете алмай, ойың шашырап, зейініңді жұмысқа шоғырландыра алмай қаласың. Бұдан түйгенім, әр адам ең алдымен өз энергиясын өз мақсатына пайдалануды үйрену керек, – дейді бізбен ой бөліскен қала тұрғыны.

Біз көбіне бір уақытта көп нәрсені жасаймыз деп, энергияны құртып аламыз. Сондықтан психологтер күн сайын тек сіз үшін маңызды нәрсені ғана жасауға кеңес береді. Бұл адамды шаршатпай, керісінше күш-қуат береді. Америка Құрама Штаттарындағы психология профессоры Мира Киршенбаумның мәлімдеуінше, психикалық және эмоционалдық энергия біздің өмірлік күшіміздің кем дегенде 70%-ын  құрайды. Қалған 30% - бұл  тамақпен, ұйқымен қайта қалыпқа келетін физикалық энергия. Ал эмоционалды энергияны сәт сайын жаныңызға жылу беретін іспен айналысып, толықтырып отырған жөн екен. Әр адам энергиясын ұсақ-түйекке жұмсамай, өз мақсатына жетуге арнауы керек.

Қуатты дұрыс пайдалану үшін не істеу керек?

Осы сұраққа жауап беру үшін «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар бірлестігінің БҚО филиалының психологі Құралай Шамұратованы әңгімеге тарттық. Оның айтуынша, бүгінгі таңда адамдар күйзеліске төзімділіктің төмендігі мен дұрыс өмір сүру дағдысын ұстанбауы салдарынан энергияның жеткіліксіздігін жиі байқайды.

– Жеке тұлғаның дамуы үшін  ұлы Абайдың «Толық адам» тұжырымдамасында көрсетілген «Нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүрек» құрамдас бөліктерінің дамуы мен қалыптасуына энергия қажет. Ал тұлғаның энергияны тиімді жұмсауы үшін алғашқы қадам өз-өзіне деген қамқорлықтан басталады. Біріншіден, тән деңгейінде дұрыс ұйықтау, тамақтану, белсенді өмір сүру, энергия көздерінен (ауа, күн, су, от сияқты) қуат алу. Адамның тәні табиғатпен үйлесімділікте болуы, пайдалы ұйқы уақытын, дұрыс тамақтануды жолға қою, терең тыныс алуды дағдыға айналдыру, дене жаттығуларын жасау, мақсат, жоспарға сай белсенді, мазмұнды өмір сүру адам энергиясының көзі болып табылады.

Эмоционалды деңгейде жағымсыз эмоцияларды басқару дағдысын дамыту. Мысалы, ашу не ренішті алсақ. «Ашу ешқашан себепсіз болмайды, бірақ ол әрдайым орынды бола бермейді» дегендей, ашуды сөзбен шығару арқылы басқару дағдысын қалыптастыру керек. Ол үшін адам өзіне 4 сұрақ қойып, жауап беру арқылы (қандай эмоцияны сезініп тұрмын, себебі, неге? Нені қалаймын? Не істеуім керек?) эмоцияны басқаруды үйрену абзал.

Ақыл-ой деңгейінде білімін жетілдіру, үздіксіз даму, өзін-өзі тану, зерттеу, өмір сүруге, қарым-қатынасқа кедергі келтіретін теріс ойларды позитивке  ауыстыру арқылы қамқорлық жасау. Мәселен, адамда «Басқаның ойын оқу» деген теріс пайымдау бар делік, ол толыққанды әрекет етуге өмір сүруге кедергі болады, оны позитивке ауыстыру адамның энергиясын үнемдейді. Бұл теріс пайымдау тек адамның біржақты пікірі ғана, ол басқа адамдардың нақты көзқарасын, ойын білдірмейтінін түсіну маңызды.

Рухани деңгейде сенімін, рухын күшейту маңызды. Ой, ниетті дұрыс қарекеттерге бағыттау арқылы адам өз мақсатына жетеді. Бұл өз кезегінде адамды рухтандырып, өз-өзіне сенімділігі артады. Барлық деңгейлерді теңгерімде ұстау арқылы энергияны күйзелісті басқаруға және мақсат пен жоспарды жүзеге асыруға тиімді жұмсауға болады. Бастысы, өзін-өзі реттеп, жүйелі әрекет ету.

Гүлжамал Жолдығали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале