7.12.2023, 10:30
Оқылды: 342

«Поэзияда арнау мен жылауық жыр көбейді»

«Сұхбат» арнайы бетінің бүгінгі қонағы – облыстағы әдебиеттанушы-ғалымдардың көш басында тұрған ғалым-ұстаз, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Зейнолла Мүтиев. Саналы ғұмырын М. Өтемісов атындағы БҚУ студенттеріне сабақ беруге арнап, әдеби өлкетану бағытында құнды еңбектер жазған бекзат болмысты кейіпкеріміз бүгінде зейнеткерлік жасқа жетіп отыр. Тіршілікте көрген-білгені, ұққан-түйгені мол тәжірибелі әдебиеттанушымен тілдесіп, оның өмір дерегі мен шығармашылығына қанықтық. Сондай-ақ әдебиет әлеміне жаңа леппен келген жастардың шығармашылығындағы жетістіктер мен кемшіліктері туралы да білген едік.

 526569d7-0869-4e5d-a96f-ae8eef999237

Зейнолла Жақсылықұлы, сұхбатымызды сіздің туып-өскен ортаңыздан бастасақ. Балалық шағыңыз қалай өтті? Әдебиет әлеміне келуіңізге не түрткі болды?

– Мен 1960 жылы 10 мамырда бұрынғы Жымпиты ауданының (қазіргі Сырым) Аралтөбе ауылдық кеңесіне қарасты №3 Жамбыл бөлімшесінің Қарабас – Плантация  елді мекенінде қарапайым отбасында дүниеге келдім. Төрт жасымда №2 Қызылағаш бөлімшесіне көшіп келдік. Әкем Жақсылық – механизатор, анам Бақыт  үй шаруасында болды. Анам негізі 10 құрсақ көтерген. Алайда сәбилердің дені жастай шетіней беріп, төртеуміз өстік. Әкеміз кітапқұмар жан болатын. Үйдегі шкафқа том-том кітаптар жиып қоятын. Әкем Қадыр Мырза Әлимен рулас ағайын еді. Жауғаштылармыз ғой.  Бір оқиға есімде қалыпты. 1965-1966 жылдары болуы керек, түс мезгілінде үйге бір топ адам сау етіп кіріп келді. Ол кезде бес-алты жастағы баламыз. Ағам екеуміз үйге келген қонақтың қолына су құюға  таласатын едік. Анам ет асып жатыр. Келген қонақтар Қалижан Бекхожин, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырза Әли екен. Сол кезде ақын-жазушылар шалғай ауыл-аймақты аралап, шығармаларын насихаттап, кітаптарын тарататын. Ауылға келген қонақтарды шай-су ішуге үй-үйге бөліп жіберетін. Сол бір сапарларында оларға біздің үйден дәм-тұз бұйырыпты. Бала болған соң үйге келгенде есімдерін білмедік. Кейін аудандық газеттен оқып, суреттерінен таныдық.

Бастауыш сыныпты Қызылағаш ауылындағы мектепте оқыдым. Оқушы санының аздығына байланысты ол мектеп жабылып, төртінші сыныптан бастап Аралтөбе ауылындағы орта мектепке ауысып, содан аяқтадым. Жеті жыл интернатта жатып тәрбиелендім. Әдебиетке қызығушылығымды оқушы кезімде ұстаздарым оятты. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген Бигелдиева Зайдаш апайымыздың еңбегі зор еді. Мектеп оқушылары арасында әдеби кештер ұйымдастырылатын. Сондай жиындарда өлең оқуға баулыды. Жаңадан шыққан кітаптар бойынша мектепішілік конференциялар ұйымдастырылатын. Көркем шығармаларды өзімізше талдап, баяндама жасайтынбыз. Сондай-ақ біз, әдебиетке құмар жасөспірімдер, облыстық, республикалық газет-журналдарға өлеңдерімізді жолдайтын едік. Мен де шатпақтап жазған өлеңдерімді, мақалаларымды жіберемін. Сондай кезде маған редакциядан «Ізденіңіз, көп кітап оқыңыз. Сіз ақындықтан гөрі журналистикаға бейімсіз» деген жауап келетін. Өлеңдерім шықпаса да, осы жауаптың өзіне мәз болатынмын. Мектеп бітірген жылы сол оқу ошағына мұғалім болып жұмысқа орналастым, кейін әскерге кеттім. Еңбек жолымды 1977 жылы 17 жасымда мұғалім боп бастап (әскердегі екі жыл да педогогикалық еңбек өтілі саналады екен), биыл 46-шы Білім күнін қарсы алдым. Кейін сол кездегі А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының филология факультетіне қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны 1990 жылы бітірдім. Сырым ауданының Қызыл-ағаш орта мектебінде мұғалім, кәсіподақ ұйымының төрағасы, оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқардым. Сырым ауданының бұрынғы «Қызыл ту» газетінде штаттан тыс тілші болдым. Аталмыш газеттің сол кезде редакторы Бақтығұл Ойшыбаевтың қолынан алған қызыл куәлігім әлі сақтаулы тұр. Одан кейін облыстық, республикалық газеттерге ауыл өмірі, әдеби шығармалар туралы мақалалар жазып тұрдым. Мәселен, «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған «Социалшыл екен деп ұмытпайық Сәкенді» аталған мақалама сәкентанушы ғалым, профессор Тұрсынбек Кәкішев, «Егемен Қазақстанда» жарық көрген «Ғұмар Қараш оқулықтан неге тыс қалған?» деген жазбама Фариза Оңғарсынова, «Орал өңірінде» жарияланған «Абайды танып
болдық па?» деп аталған мақалама ұстазым Серікқали Шарабасов жоғары баға бергендері есімде қалыпты.

1993 жылы Орал қаласындағы дарынды балаларға арналған С. Сейфуллин атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатына жұбайым екеумізді қызметке шақырды. Гүлжамал да жоғары санатты мұғалім, биология пәнінен сабақ берді. Қалаға көшіп келіп, жатақханаға орналастық. Мұғалімдікпен қатар қазақ әдебиеттану мәселелерімен айналысып, ғылыми-зерттеу, оқу-әдістемелік еңбектер жаздым. Мектепте мұғалім болып жүрген кездегі жетістігім – Абай Құнанбай-ұлының 150 жылдығына орай қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері арасында өткен облыстық олимпиададан бас жүлдені жеңіп алдым. Ол кезде жасым небәрі 30-дан сәл асқан болатын. 1995 жылы 10-сынып оқушыларына арналған «Қазақ әдебиеті» бағдарламасын  құрастырып, жобам республикалық байқаудан бірінші орын алды. Содан екі жыл қатарынан республикадағы мектеп-лицейлер қазақ әдебиеті пәнін сол бағдарлама бойынша өткізді. 1997-2000 жылдар аралығында Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде қазақ әдебиеті кафедрасының ізденушісі болдым, яғни аспирантураның сырттай бөліміне оқуға түстім.

– Қателеспесем, сіздің кандидаттық диссертацияңыздың тақырыбы – «Фариза Оңғарсынованың лирикасы». Қазақтың өр мінезді, асқақ рухты қызы Фариза апаймен қашан, қалай таныстыңыз?

– Дұрыс айтасың, «Фариза Оңғарсынованың лирикасы» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғадым. Аспирантураға оқуға түскенде ғылыми жетекшім кандидаттық диссертация қорғау үшін бірнеше тақырып ұсынды. Олардың қатарында Қадыр Мырза Әлидің, Міржақып Дулатовтың және Фариза Оңғарсынованың шығармашылығы болатын. Міржақып Дулатовтың еңбектерінің дені төте жазумен жазылғандықтан, тісім батпайтын еді. Ал Қадыр Мырза Әлидің шығармашылығынан тағы бір аспирант қорғайын деп жүр екен, сол себепті онымен қабаттаса шабуды қош көрмедім. «Фариза Оңғарсынованың лирикасы» тақырыбын алдым әрі лирика жүрегіме жақын еді. Ғылыми жетекшім профессор Серік Мақпырұлы болса, ресми оппоненттерім – филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі Серік Қирабаев пен филология ғылымдарының кандидаты Шөмішбай Сариев. Тақырыпты таңдаған кезде «Фариза апай өте қатал. ҚазҰУ-дың мен деген аспиранттары жолығып, зерттеуге рұқсат сұрағанда келіспеген. Тіпті сөйлеспеген де» деп қорқытып қойды. Содан апайдың телефонын тауып алып, қоңырау шалдым. «Қайда оқисың? Қай жоғары оқу орнын бітірдің?» деп сұрады. Мен Оралдағы пединститутта оқығанымды, С. Сейфуллин атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернат кешенінде қызмет ететінімді, жоғары санатты мұғалім екенімді мақтанышпен айтып жатырмын... Апай күлді. Бірақ шығармашылығын зерттеймін деген талпынысыма қарсы болған жоқ. Уақыт зымырап өтіп жатты. Зерттеу жұмысым жазылып, аяқтала келді. Алматыда Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында апайдың «Мен саған ғашық емес ем» кітабының тұсаукесері өтті. Залда ине шаншыр орын болмады. Кандидаттық диссертация қорғауыма төрт күн қалған-ды. Ресми оппонентім Шөмішбай аға мені де сол кешке бірге алып барды. Ол кісі апайға мән-жайды түсіндіріп, «Сіздің шығармашылығыңызды зерттеп жүрген оралдық мұғалімді өзіңізге  таныстырайын» деп айтып қойған екен. «Кеш аяқталған соң қора жақтан келсін» депті. Қора жақ дегені театрдың артқы есік жағы екен. Қолымда диссертацияның авторефераты бар, апайға ұсынып, қорғауыма шақырмақшымын. Бардық. Қасында Алматы облысының сол кездегі әкімі Заманбек Нұрқаділов, жұбайы Мақпал Жүнісова, Атырау облысының әкімі болған Иманғали Тасмағамбетов, сондай-ақ елімізге танымал бір топ қаламгер, қоғам қайраткерлері тұр екен. Сол кезде Заманбек Нұрқаділов ағамыз «Алматының академиктері бітірмеген шаруаны Оралдың шынашақтай мұғалімі атқарған екен. Бұл балаға кандидаттықты қорғатпай-ақ, Фариза апасына қорықпай барғаны үшін дипломды беріп жіберу керек» деп әзілдеді. Айналасындағылардың бәрі қыран-топан күліп жатыр. Апай риза болып, маңдайымнан сүйіп, батасын берді. Кітабына «Зейнолла, айнам, рақмет! Ризамын! Тілекші Фариза апаң» деп автограф жазып ұсынды. Осылайша Фариза апайдың батасымен 2000 жылы 24 мамырда Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде диссертациям сәтті қорғалды. Сөйтіп, республикада мектеп мұғалімдері арасынан шыққан тұңғыш магистр атандым. Кейін зерттеу еңбегімді монографиялық кітап етіп шығарып, бірнеше данасын апайға бердім. Қуанып, алғысын айтты.

– Зейнолла Жақсылықұлы, кейінгі жылдары әдеби өлкетану бағытында ғылыми жобалар дайындауға ден қойып жүрсіз. Солардың бірқатарына тоқталып өтсеңіз.

– Ең алғашқы гранттық ғылыми жобам «Әдеби өлкетану: рухани жаңғыру (Орал өңірі ақын-жазушыларының шығармашылық мұрасы. ХХ-ХХІ ғасырдың басы)» деп аталды. Онымен 2018-2020 жылдары жұмыстандым. Шәкірттеріммен бірге үш кітаптан тұратын ғылыми монография мен оқу хрестоматиясын дайындадық. 1-кітапқа Шәңгерей Бөкеев, Ғұмар Қараш бастаған барлығы 12 ақын-жазушы енді. Осы кітапқа Жәнібек ауданында туып-өскен, Кенен Әзірбаев пен Жамбыл Жабаевтың ақындық мектебінен өткен Қалима Өтеғалиева есімді ақын апамызды кіргіздік. Екі жанрды тең ұстаған өнерпазды бұған дейін алматылық ақын деп келген. Осылармен қатар Абдолла Жұмағалиев, Қажым Жұмалиев, Тайыр Жароков, Хамза Есенжанов, Жәрдем Тілеков, Сағынғали Сейітов, Жұбан Молдағалиев, Берқайыр Аманшин, Боранғали Ырзабаев сынды қаламгерлер шығармаларына талдау жүргізілді.

2019 жылы шыққан 2-кітапқа хронологиялық ретпен енген Қадыр Мырза Әли, Сайымжан Еркебаев, Сатыбалды Даумов, Жанғали Набиуллин, Қайыр Бектұрғанов, Қайрат Жұмағалиев, Бақтығұл Ойшыбаев, Айтқали Нәріков, Асқар Сұлтанов, Құрманғазы Қараманұлы, Ақұштап Бақтыгереева, Мұқадес Есламғалиев, Алпамыс Бектұрғанов, Шолпан Қыдырниязова, Айсұлу Қадырбаева – барлығы 15 ақын-жазушының шығармашылық әлеміне барлау жасалды.

Өңір әдебиетінің даму барысын адақтаған 2020 жылы шыққан үшінші кітапта 20 көркемсөз шеберінің туындылары жинақталып, әдеби, ғылыми сараптама жасалды. Олар – Сағат Әбдуғалиев, Оралбай Сату, Жанғали Мырзәлиев, Махмет Қажиахметов, Дариға Мұштанова, Аманкелді Шахин, Ботакөз Баймұқанқызы, Закария Сисенғали, Ғайса-Ғали Сейтақ, Ұлдай Сариева, Ақмаржан Таубаева, Серікқали Хасан, Талап Таймасұлы, Айбатыр Сейтақ, Мира Шүйіншәлиева, Бауыржан Ғұбайдуллин, Қазыбек Құттымұратұлы, Батырболат Айтболатұлы, Мұнайдар Балмолда, Бауыржан Халиолла.

2020 жылы екінші қайтара ғылыми жоба байқауына қатысып, ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Ұлттық ғылыми кеңес шешімімен грант иесі атандым. Ол жобаның тақырыбы – «Қазіргі қазақ әдебиеті поэтикасы: дәстүр және жаңашылдық (Батыс Қазақстан аймағы ақын-жазушыларының шығармашылығы негізінде)» деп аталады. 2018-2020 ж.ж. бірінші жобада тек Орал өңірі ақын-жазушыларының шығармашылық әлемін қарастырсақ, бұл жобада Батыс Қазақстан аймағы бойынша зерттеу жүргізуді алдыма үлкен мақсат етіп қойдым. Зерттеу көзіне Ақтөбе облысынан – 8, Атыраудан – 12, Маңғыстаудан 9 және БҚО бойынша бастапқы үш кітапқа кірмей қалған 6 ақын-жазушыны енгіздім. Олар аға, орта буын өкілдері: Қайыржан Хасанов, Үзілдік Елеубаева, Сағынтай Бисенғалиев, Қыдыр Харес-ұлы, Талғат Мықи, Бауыржан Ширмединұлы. Ал Алланың қалауымен биылғы шілде айында «Жайық – Каспий  өңірі ақын-жазушыларының әдеби мұрасы және қазіргі дәуір әдебиеті» деген жобам тағы да грант иесі атандырды. Мұнда да сол бұрынғы жинақтарға енбей қалған Батыс аймақтың төрт облысының 33 ақын-жазушысының әдеби мұраларына үңілеміз, орындалу мерзімі 2023-2025 ж. ж аралығы. Аталған жобада әдебиеттану назарынан тыс қалған батысқазақстандық ақын-жазушылар (үлкен-кішісі аралас): Ислам Шұғаев, Аманғали Сарқұлов, Мәлік Бердәлі, Нұрлан Сәдір, Ертай Бимұханов, Жадыра Шамұратова, Асан-Темір Қаршығаұлы, Сыйлыхан Жұмасалық, Абылайхан Мақсұтов, Шерхан Талап, Айбол Исламғалиев, Марлен Ғилымхан шығармаларының көркемдік әлемі сараланады.

Өлке әдебиетін зерделеу мен түгендеу осылармен аяқталады десек, қате айтқан боламыз, әлі де ойда жүрген біраз шаруа бар. Атақтары шыққан айтулы ақын не жазушы болмаса да, қолдарына қалам алып, көркем сөзді өнер деп таныған, әр жылдарда облыстық, аудандық басылымдарда жұмыс істеп, зейнетке шыққан «танылмаған таланттар» да біздің өлкеде, Құдайға шүкір, баршылық. Кеңестік идеологияның қатаң көзқарасынан, солақай саясатынан қаймыққан аға буын өкілдерінің еркіндікті аңсаған тым тәуір туындылары қолжазба күйінде қалды. Олардың кейбірі бұл өмірден өтіп те кетті, бірқатары әлі ортамызда. Көркем публицистика мен әдебиетті тең ұстап, мерзімді басылымдардың қара жұмысына жегіліп, Құдай берген талант-қабілетін ұштай алмай, шығармашылық ізденіске уақыт таппай, жазған-сызғандарын қолдан келгендері бірді-екілі кітапша қып шығарып, амалы жоқтары газет-журнал беттерінде жариялаумен шектелгендер де бар. Мәселен, баспасөз ардагерлері мен ел басқару ісінде, мәдениет, оқу-ағарту саласында қызметтер атқарған Рахметолла Егізбаев, Ғарифолла Көшенов, Темірғали Жазбаев, Мәжит Қайырғалиев, Базарғали Қуатов, Энгельс Шыңғалиев, Тихон Әліпқалиев, Мақсұт Әндіжанұлы, Болат Наурызғалиев, Қуаныш Исағалиев, Дәмелі Құсайынқызы, Кәкім Самихов, Ораз Қарекенов, Бауыржан Құрманқұлов, Есен Баймұханбетов, Тілес Жазықбай, Бақыт Жасқалиева, сатирик ақындар Нұфтолла Қобыланов пен Рашид Шақу, бірнеше жыр жинағы жарық көрсе де, зерттеу аясынан тыс қалған Дариға Нұрашева т. б. әдеби шығармашылық, көркем публицистикалық еңбектеріне назар аударылған жоқ, яки қазақша айтсақ, олардың шығармашылық еңбектерінің «мұрты бұзылмай» тұр. Бұлардың сыртында әлі толық пісіп-жетіле қоймаған қаулап өсіп келе жатқан тағы бір толқын 20-35 жас аралығындағы ақындар бар.

Біздің негізгі мақсатымыз – бүгінгі күнге дейінгі ғылыми айналымға енбеген, зерттелмеген немесе аз қарасты-рылған ақын-жазушылардың шығармашылық мұрасын зерделеу. Қазір ортамызда жоқ аға буын өкілдерінің кеңес дәуірінде басылмаған шығармаларын оқырманға жет-кізу, сол сияқты өткен дәуір шығармаларына жаңаша көзқараспен қайта келу. Мысал үшін айта кетелік, жерлесіміз, қазақ әдебиеттану ғылымының тұңғыш академигі Қажым Жұмалиевті ғалым ретінде «Әдебиет теориясы» мен Абайды, ХVІ-ХІХ ғасырда қазақ әдебиетін зерттегенін айтамыз. Ал шын мәнінде Қажым Жұмалиев мықты прозаик. Егер ғылым жолын таңдамай, әдебиетші болса, ол Мұхтар Әуезовтан кем жазбайтын прозашы болып шыға келер еді. Себебі сөз саптауы, тіл байлығы өте ерекше, классикалық стиль. Кез келген жазушыда мұндай ерекшелік жоқ. Біз осындай қырларын аштық. Тағы бір жетістігіміз  1948 жылы Жәнібек ауданында дүниеге келіп, 1998 жылы осы топырақта дүниеден өткен ақын Жанғали Мырзалиевтің шығармаларын тауып, жерлестері жинақтап шығарған «Асау» жыр кітабына талдау жүргіздік.

– Аға, осы жерде әдебиетке бет бұрған қазіргі ақын-жазушылардың шығармашылығындағы ерекшеліктер мен кемшіліктеріне тоқталып өтсеңіз. Олар қандай тақырыпты қаузап жүр? Өлең-сөздің өлкесіндегі жас буынның аяқ алысы қалай?

– Мұхтар Әуезов ХІХ ғасырдағы ақындарды «Зар заман ақындары» деп атап еді ғой. Дулат, Шортанбай, Мұраттарды сол топқа жатқызды. Қазір қарап отырсаң, сол замандағы әдеби шығармалар қайтіп келе жатқандай. Неге? Өйткені қазіргі жас ақындардың жаны тым нәзік, әлсіз лирик болып кеткен. Шығармаларының тақырыбы  сүйгеніне қосыла алмай жылау, зарлау, қайғыру, өмірден түңілу, айналасының бәрін жек көруден тұрады. Қоғамға өкпелі бір адам әйтеуір. Ақындардың бәрі сондай деп айта алмаймыз, әрине. Қоғамның жетістігін көре білетін, оқырманын болашаққа, жақсы өмірге  жетелейтін ақындардың рухты өлеңдері де аз емес. Бірақ дені жаңағы айтқандай, қоғамдағы кемшілікті айтсам, адамдарды жамандасам, күйінішімді жеткізсем ғана халық «мықты ақын» деп қабылдайды деп ойлайды. Шынына келгенде, олай емес қой. Жылауық жырлар көбейіп барады. Шынайы поэзия үшін тағы бір қасірет соңғы уақытта арнау өлеңдер өсімтал боп алды. Жыр жинағы бейне бір тілек альбомы сияқты дерсің. Өлеңдерінің 60-70 пайызы арнаудан тұрады. Тума-туысқа, құда-құдағайға, ұл-қызына, немере-жиенге, ұстазына, ата-анасына, жора-жолдастарына, тіпті көршісіне, бастығына т. б. арналған өлеңдерде не мән бар?! Әрине, арнау да бір жанр, оның шамадан тыс көптігі оқырманды жалықтырып алатынын да естен шығармаған абзал. Жастар поэзиясындағы екінші жетімсіз тұс – тіл байлықтары жұтаң, публицистикалық екпін басым, ондай өлеңдерді ерінбеген адамға қара мақалаға айналдыра салуға болады. Фольклордан бастау алып, Абайдан қуат жиған табиғат пен адамзат, қоршаған орта  құбылысын философиялық бірлікте жырлау дәстүрі азайып барады. Құр ұйқас қуалау – халық тілінің шұрайлы аясын тарылтып, жаппай жалаң тақпаққа ұрындыруда. Бұл айтылған сын пікір тек жастарға айтылған ескерту емес, бірді-екілі кітабы шыққан танымал қалам иелеріне де құлаққағыс десек, дұрыс болар.

Бір қуантатыны, бүгінгі поэзия – өткір, шынайы жазылады. Жастар шындықты бетке батыл айтады. Қызық жері кез келген шенеунікті, мемқызметшілерді, бизнесменді, кәсіпкерді өтінішін орындамаса, өлтіре сынап өлең жаза салады. Ал жеке шаруасы оңтайлы шешілсе, мадақтау жырының не бір атасын көрсетіп, қолдан романтикалық «герой» жасайды. Бұл әрине, поэзияға жасалған қиянаттың бір түрі болса керек.

Әдеби өлкетанудың өзіндік танымдық ерекшелігі мынада: жергілікті ақын-жазушылардың шығармаларына үңілу нәтижесінде өңірдің өткен тарихы мен мәдениетін бажайлауға, өткен қоғамның тыныс-тіршілігімен кеңірек танысуға мүмкіндік туады. Айталық, әрісі Махамбет, Шәңгерей, Ғ. Қараш, берісі Хамза мен Тайыр, Жұбан мен Қадыр, Жанғали мен Қайрат сынды мұқым қазаққа ортақ ұлт руханиятының қазыналы кендері бастауын туған өлке топырағынан алады. Өйткені олардың шығармаларының оқиғалық мазмұны, көркем тілі, салт-дәстүр, т. б. ұлттық құндылықтар әдеби өлке айшықтарынан хабардар етеді. Мәселен, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қазақтың көрнекті ақыны, «Ақ Жайықтың ақ шағаласы» атанған Ақұштап Бақтыгереева шығармаларының әдеби қаһармандары Сырым батыр, Мұхит Мерәліұлы, Махамбет пен Исатай, Әлия мен Мәншүк, Құрманғазы мен Дина, Жұбан мен Қадыр, сонымен бірге ауыз әдебиетінің кейіпкерлері Қыз Жібек, Айман-Шолпан, Қозы Көрпеш-Баян сұлу, Қайып пен Бөбекті жырлау арқылы жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруге баулиды. Ал Ғайса-Ғали Сейтақтың туындыларындағы Бөкeй хaн, Жәңгip хaн, Opмaнбeт би, Мaхaмбeт, Мұхaммeд-Caлық,
Иcaтaй, Дәyлeткepeй, Capжaлa және тағы басқа тapихи eciмдep – өлке тарихының төpi-
нeн құpмeттi opын aлғaн тұлғaлap. Сол секілді халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қазыбек Құттымұратұлы – журналист-публицист, өте еңбекқор өлкетанушы, өңірдегі қожа, ишан-молдаларды қайта тірілткен, конфескелеген байларды зерттеген, араб, төте жазу бойынша мұрағат құжаттарымен жұмыс істеген мықты маман. Алайда оның өлең жазатын ақындығын көбі біле бермейді. Өйткені ол өте қарапайым, өзін ешқашан насихаттамайды. Алдыңғы орынға оның өлке тарихын қопарған еңбектері шығып кеткен. Қазыбек – сезімнің ақыны. Дерексіз зат есімді сөйлетіп, қоршаған ортаны шебер суреттейді. Оның өлеңдерінде ағаштар мен жапырақтар сөйлеп, күн күліп, бұлттар түнеріп тұрады. Лирикалық кейіпкерлері қоршаған ортамен бірге өріп, бірге тұрады, яки классикалық дамуға көтерілген психологиялық параллелизм әдісін жете меңгерген. Сондай-ақ Бауыржан Ғұбайдуллин ініміздің «Биленбеген вальс» кітабын бір түнде оқып шыққан едім. Оның сөз саптауы ерекше, абстрактілі мағынаны бейнелеуде өте шебер жазушы. Шығармалары оқыған адамды ойлантады. Балаларға арналған шығармалары шынайы жазылатыны сондай, немереңнің басынан өткен жағдай секілді күліп қабылдайсың. «Қысқа жазу – таланттың белгісі» дейді ғой. Оқырманын шаршатпай, ақылгөйлікке салынбай, елтіп отырады. Қысқа-нұсқа, нақты жазатын прозаик кім десе, бастапқы орынға сол Бауыржанды қояр едім. Шағын сюжетті прозасымен-ақ үлкен оқиғаларды жеткізе білетін жазушы.

Сонымен бірге бүгінгі прозада өнімді еңбек етіп жүрген «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, өлкемізден шыққан алғашқы әйел жазушы-психолог Мира Шүйіншәлиеваның, ақын әрі роман жанрын түлетуші жазушы-философ Мұнайдар Балмолда шығармаларының тақырыптық-идеялық мұраттары өте күрделі әдеби процестерден тұрады. Өйткені олар біз өмір сүріп отырған қоғамның тыныс-тіршілігін дөп басып танушы барометр – қаламгерлер. Жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуде, ұлтжандылыққа баулуда Мира мен Мұнайдардың әңгіме-повестері мен романдары таптырмас қазына құралы бола алары хақ. Олар қазіргі прозадағы дидактикалық ұстанымдарды көркемдік қуатпен ұштастырып, тереңдетуші жазушылар. Ал ақын Бауыржан Халиолла – түйреп айтудың, тауып сөйлеудің шебері. Бауыржан Момышұлының батасын алғандай өзі де өр мінезді азамат қой. Ол мақтайын десе, кейіпкердің бейнесін жоғары деңгейде сомдайды. Ал тұқыртайын десе, ол адамды қайтадан тұра алмайтындай етіп, бұқтырып тастайды. Сөйте тұра, сезімге де бой алдырғыш, сағыныш сазына елтіген, мұңға бөккен туындылары мол, стилін тапқан лирик ақын.

Міне, осылайша өлкенің әр қаламгерінің шығармашылық орбитасына үңілсеңіз, олардың туындыларының көркемдік, стильдік, жанрлық ерекшеліктері туралы керемет жаңалықтар саулап шыға береді, шыға береді, тап қазір тауысып айту мүмкін емес. Ал шығармашылық егелерін арнайы жекелеп алып тексеру мәселесіне келетін болсақ, осыған дейін оннан астам ғылыми монография жазсам, солардың ішінде «Сатыбалды Даумовтың поэтикасы», «Айтқали Нәріковтың лирикасы», «Сағынғали Сейітовтың әдеби және ғылыми шығармашылығы» аталатын еңбектер – әдеби өлкетанудың табиғатын танытатын зерттеулер.

Бағана басында айтқан жарияланған еңбектерімізде тізімде көрсетілген қаламгер-
лердің шығармашылық зертханасына қал-қадеріміз келгенінше үңілдік, әрбірінің қазақ әдебиетіне қосқан жаңалық-үлесін іздеп табуға ден қойдық десек те болады.

– Зейнолла Жақсылықұлы, «Табысқа жеткен еразаматтың артында ақылшы жары тұрады» демекші, Құдай қосқан жарыңыз, отбасыңыз туралы аз-кем тоқталсаңыз.

 

– Жұбайым Гүлжамал Тұрсынбекқызы да мұғалім. С. Сейфуллин атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернат кешенінде биология пәнінен сабақ берді, кейін ЖОО-да оқытушы, доцент қызметтерін атқарды. Бірнеше көмекші оқу құралын жазды. Зерттеу жұмысымен іссапарға шыққанда қасымда бірге жүреді, шай-су, тамағымды дайындайды, қағаздарымды тереді. Мен алаңсыз жазумен отырамын. Әзілкеш әріптес інілерім: «Ағайдың жеке хатшысы» деп қалжыңға айналдырып жатады. Кейде екеуміз дастарқан басында әзілдесіп, «Олимпиадаға кім көп шәкірт дайындады?» деп шәкірттерімізді санап отырамыз. Жұбайымдікі көп екен. Биология пәнінен республикалық олимпиадалардың көптеген жеңімпазын дайындаған. Екі ұлымыз бар. Олар қазақы тәлім-тәрбиені бойларына сіңіріп өсті. Жоғары оқу орнын бітірген өз салаларының білікті мамандары. Құқық қорғау құрылымдарында қызмет етеді. Қос ұлымыз да отбасылы, немерелеріміз өсіп келе жатыр. Ел қатарлы өмір сүрудеміз.

Гүлсезім Бияшева,

 «Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале