10.12.2019, 14:57
Оқылды: 76

Саратовтық кәсіпкерлермен байланыс нығая түспек

Достық үйінде Саратов облысының сауда-өнеркәсіп палатасы одағы мен БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы арасындағы ынтымақтастық туралы келісімді жүзеге асыру аясында дөңгелек үстел өтті.

IMG_8210

Аталған басқосуға Саратов облысының делегациясы, БҚО ҚХА кәсіпкерлер қауымдастығының мүшелері, бірқатар құзырлы басқар-маның өкілдері қатысты.

– Қазақстан халқы ассамблеясының ХХVІІ сессиясында еліміздің Тұңғыш Президенті, Қазақстан халқы ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Ресейдің көршілес облыстарында Қазақстанның «Достық клубтарын» құру туралы өз ұсынысын айтқан еді. Бұл клубтың басты міндеті екі тараптың іскер адамдарына ашық алаң ұйымдастырып, елдердің экономикасын дамытуға, инвестиция тартуға оң ықпал жасау болатын. Көршілес Саратов облысында өткен экономикалық форумда облыс әкімі Ғали Есқалиев бастама көтеріп, аталған клубтың құрылуына ұйытқы болған еді. Екі ел өкілдерінің алғашқы басқосуы да сол облыста өткізілді. Бүгін Саратов облысының делегациясы біздің өңірге келді. Бұл басқосудың да көршілес екі ел үшін берері мол болады деп сенемін, – деді БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов.

Дөңгелек үстел барысында ресейліктер төл өнімдерін Ақ Жайық өңіріне ғана емес, республикамыз арқылы Қытай, Ауғанстан, Өзбекстан секілді елдерге де экспорттағысы келетіндерін айтты.

– Саратов облысында ірі ет комбинаты жұмыс жасайды. Өн-діріс орны табиғи таза өнімді алыс-жақын елдерге экспорттауға қауқарлы. Көп кешікпей ШанхайГамбург қалаларын байланысты-ратын Меридиан күре жолының құрылысы басталмақшы. Аталған жол Саратов облысы арқылы өтеді. Демек, бұл күре жол біздің де транзиттік әлеуетімізді арттырары сөзсіз. Сондықтан көршілес елдермен қазірден бастап ынтымақтастық орнатуымыз маңызды, – деді Саратов муниципальды ауданының басшысы Иван Бобошкин.

Басқосуға қатысқан Тасқала ауданының әкімі Алдияр Халелов жақында жасақталған ауданның инвестициялық картасының мүмкіндігі туралы баяндап, Саратов облысынан да инвесторлар тартуға қызығушылық білдірді. Аудан әкімі көршілес облыстан келген делегацияға екі өңірді байланыстыратын күре жолдың бойында көлік кемпингтерінің жоқтығын айтып, екі тарапқа да тиімді болар осы істі қолға алуға шақырды.

Келелі кеңесте екі елдің өкілдері тәжірибелерімен бөлісіп, алдағы  мақсат-міндеттерді  талқылады.

Нұрбек Оразаев

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале