11.07.2023, 10:30
Оқылды: 10

Шөлдегі жауһар

Шөлде аңқасы кеуіп, қаталап келе жатқан адам алдынан шұрат, яғни оазис  көрінсе, есі шыға қуанып, солай қарай сүріне-қабына жүгірер еді. Ондай күйге, Құдайға шүкір, түспедік. Алла бетін әрі қылсын. Бірақ осындай сәттегі қуаныш пен таңданысты біз Дубайға барғанда көріп, сезіндік. Шөлге салынған сәулетті шаһардың сән-салтанатына таңдай қағып, сүйсіне бердік. Көздің жауын алатын әшекей тәрізді әдемі қаланың бізді таңғалдырған қырлары көп болды. Солардың кейбірін шама-шарқымыз жеткенше сипаттап көрелік.

8915af6d-acbc-41b7-befb-4e2038008232

Дубайда «Алматы» деген қазақ мейрамханасы бар екенін онда бармай тұрып әлеуметтік желідегі жұрттың жазбалары арқылы білген болатынбыз. Аталған шаһарға алғаш табанымыз тиген күні қонақүйге орналасқан соң, осы дәмхананы іздеп бардық. Мегаполистің әдемі әрі орталық аудандарының біріндегі қазақ мейрамханасында дәм татып, көңіліміз марқайып қалды. Жолдан шаршап келген едік, «Алматының» қазақ қызметкерлері «Саламатсыздар ма?» деп қазақша қарсы алып, серпілтіп тастады. Төрт қабырғаға қазақтың туы, Қазақстанның әсем табиғатының суреттері, домбыра, қамшы, үш бидің бейнесі, бес қару түрлері, киіз үй макеті т.б. ілінген әрі қазақша әндер ойнап тұрған нысанда көңіл күйім айрықша көтеріліп кетті.

Алматы мейрамханасы3

Іштегі аура Қазақстанды еске түсіреді екен. Шетелде жүргенімді бір сәтке ұмытып, елдегі бір дәмханада отырғандай сезіндім өзімді. Сондай-ақ қазақ бизнесінің осылай әлемнің үлкен әрі сәулетті шаһарларына қанат жайып келе жатқанына қуанып, кеудемді мақтаныш кернеді. Дубайдан кеткенше, 7 күн бойы осында келіп, тамақтанып жүрдік. Мейрамхана басшылығы мен даяшылардан сұрап көрсем, мұнда 10-нан аса қызметкер бар екен. Бәрі де қазақ. «Алматыға» тек Дубайдағы қазақтар ғана емес, өзге ұлттар да арнайы іздеп келетінін өз көзіммен талай мәрте көрдім. «Бізді шығыс асханасы» деп жақсы көреді», – деп түсіндірді Зейнеп есімді әкімші. Сорпа, лағман, палау, қазан кебаб, ет, қуырдақ т.б. тағамдарының қай-қайсына тапсырыс берсек те, тіл үйірер дәмімен есте қалды әрі бағасы да көңілге қонымды, тым қымбат емес.

d9247051-8a0e-4b5a-8837-78815ccf734b

Саяхатымыздың алғашқы күні жүрек жалғап алған соң, дүниедегі ең биік ғимарат — «Бурдж Халифаны» («Халифа мұнарасы» деп те аталады, биіктігі – 829,8 метр) көруге бардық. Метро пойызынан түскен соң, арнайы өткел арқылы «Дубай Mall»-ға кірдік. «Бурдж Халифаның» дәл қасындағы сауда орталығы өте үлкен екен, кіруін кіргенімен, шығар жолды таппай, адасып қалдық. Бір араб кісі дүкендердің бірінен шығып келе жатыр еді, одан жөн сұрадым:

- Кешіріңіз, сыртқа шығу үшін қалай қарай жүру керек?

- Сіз қай жағынан шыққыңыз келеді?

- «Бурдж Халифа» жағынан.

- Мен «Бурдж Халифада» тұрамын. Соңымнан еріңіз, жол көрсетіп жіберейін.

- Жақсы.

- Дубайға бірінші рет келіп тұрсыздар ма?

- Иә, бірінші рет және бүгін алғашқы күніміз.

- Ә, солай ма?

Жүзі жылы, жанары нұрлы азаматтың қасында анасы да бар еді. Жол-жөнекей екеуі арабша бірдеңелерді сөйлесіп келе жатты да, маған:

- Біз осы «Бурдж Халифада» тұрамыз. Әуелі жоғарыға көтеріліп, сіздерге қаланы биіктен көрсетейік. Содан соң өзім кері шығарып саламын, – деді.

Аздап ыңғайсызданғанымен, ұсынысына қуана келістік. Абдолла және оның анасы Мелек апаймен осылай таныстық. Сөйтіп, шаһарды 123-ші қабаттан тамашаладық. Онда әлемдегі ең биікте орналасқан мейрамхана бар екен, оны да көрдік. Тұрғындарға арналған тегін дәмханадан су, шырын беріп, шөлімізді басты. Негізі, келіншегім екеуміз 124, 125-ші  қабаттарға ақша төлеп көтерілсек, кемі 50-60 мың теңге жұмсар едік. Бірақ Құдай алдымыздан Абдолланы кезіктіріп, тегін көрсетті. Суретке, видеоға түскен соң, сөзінде тұрып, сыртқа шығарып салды. Әйтпесе, тағы адасып кетуіміз кәдікті. Сол түнде оның анасы Торонтоға (Канада) іссапарға кетіп бара жатыр екен. Бізді төменге түсіріп, метроға қалай баратынымызды түсіндірген соң, шаруаларына асығып, жүгіріп кетті.

«Тағы көмек керек болса, қысылмай айт» деп телефон нөмірін де жазып берді. Бірінші рет көріп тұрған әрі бұдан кейін жолығып-жолықпауы екіталай адамға осылай ізет, құрмет көрсеткен Абдоллаға қатты риза болдым. Оған және анасына Алла разы болғай! Осыған ұқсас жағдай 2017 жылы Түркияда да болған еді. Измир қаласына магистратурадағы курстастарымызбен бірге тағылымдамадан өтуге бардық. Жігіттер шаш қидыру үшін шаштаразға кірдік. Кезекте тұрған бір түрік жігіт біздің қазақ екенімізді біліп, «қонақсыңдар ғой» деп кезегін берді. Шашымызды қидырып шығып келе жатсақ, «Мынау сендерге сыйлық» деп түрлі кәдесыйларды сатып әкеліп беріп тұр. Ол кезде де әлгі азаматтың танымайтын адамдарға сый көрсетуі маған ұмытылмастай әсер қалдырды. Бұл биік мәдениет пе, терең иман ба, әлде адамгершілік пе білмеймін. Бірақ бірінші рет көріп тұрған бейтаныс адамдарға ешқандай бақай есепсіз жақсылық жасау жүректі елжіретеді екен.

1971 жылы құрылған Біріккен Араб әмірліктерінде қазір 10 миллионнан астам халық тұрады. Соның шамамен 1 миллион 200 мыңдайы ғана жергілікті арабтар. Қалған 9 миллионы – жұмыс істеуге келген шетел азаматтары. Олар БАӘ-де қанша жыл еңбек етсе де, бәрібір азаматтық берілмейді. Шетелдік гастарбайтерлердің арасында Үндістан, Пәкістан, Бангладеш, Филиппин, Непал, Қытай азаматтары көп. Бұдан басқа да талай мемлекеттің өкілдері күнкөріс қамымен келіп, өріп жүр (БАӘ-де 200-ден астам ұлт тату-тәтті өмір сүріп жатыр). Олар өте арзан бағаға жалданады. Мәселен, супермаркетте кассир болып тұрған бір пәкістандық жігіттен қанша алатынын сұрағанымызда, «Айлығым 1500 дирхам» деді. Теңгеге шаққанда, шамамен 188 000 теңге (1 дирхам қазір шамамен 125 теңге). 12 сағаттық жұмыс күні үшін өте аз ақша емес пе?! Бірақ Азияның кедей елдерінен келген жұмысшылардың өз Отанында, тіпті мұндай да табыс жоқ қой. Әйтпесе, «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?».

Біріккен Араб әмірліктерін жеті әмірлік құрайды. Астанасы – Абу-Даби. Ал осы мемлекеттегі ғана емес, күллі Таяу Шығыс елдеріндегі ең ірі қала, әрі ең маңызды сауда және қаржы орталығы – Дубай шаһары. Дубайда 3,5 миллионнан астам тұрғын болса, соның 15 пайызы ғана жергілікті арабтар. Қалғаны – жұмыс істеуге келген шетелдіктер. Бірақ бізді қатты таңғалдырғаны – дубайлықтардың мәдениеті, сыпайылығы өте жоғары деңгейде. Қонақүйлердің, сауда орталықтарының, метро бекеттерінің қызметкерлерінен немесе жай ғана көшеде кездейсоқ кездесіп қалған кісілерден жөн сұрасаң, жанашырлықпен, әдеппен ұқтырады. Дөрекілік танытқан адам көрмедім. Жергілікті арабтар сыпайы болса, ол түсінікті ғой. Ал әлемнің жүзден астам елінен келген шетелдіктердің бәрін мәдениетті қылып жіберетін бұл шаһардың қандай кереметі бар?! Құдды бір Азиядағы Американың бір көрінісі сияқты! Бұл қалада қылмыс та өте төмен деңгейде. Статистикаға жүгінсек, 2019 жылы қауіпсіздігі жағынан жер-жаһандағы жетінші шаһар ретінде танылған екен.

Осы сапар барысында бір күні теңізге шомылуға автобуспен бардық. Бағдаршамның қызыл шамы жанып, тоқтап тұрғанымызда, терезеден көрдім: еуропоидтық нәсілдегі бір қыз көгалда итін серуендетіп жүр. Кенет үй жануары үлкен дәрет сындырды. Ал иесі қалтасынан целлофан шығарып, иттің нәжісін түгел жинап алды да, апарып қоқысқа тастады. Табиғатты қорғау, айналаңдағы адамдарды сыйлау деген осындай болады емес пе! Дубайда іште де, сыртта да тазалыққа қатты мән беріледі екен. Қоғамдық орындардың дәретханаларында ешқайда кетпей, бір тазалық қызметкері тұрады. Ол әр адам кабинаға кіріп шыққаннан кейін артынан барып, унитазды, еденді сүртіп, жуып тазалайды. Бәрі мұнтаздай тап-таза, жинақы, ұқыпты! Жалпы, тәртіп өте жоғары деңгейде. Әуежайда ұшақтар уақытында ұшады. Метрода машиниссіз жүретін пойыздар кешікпей, әр 2-4 минут сайын келеді. Бәрі егжей-тегжейлі ойластырылған, шын мәнінде, ХХІ ғасырдың қаласы!

Соңғы жиырма шақты жылда айрықша өркендеп, гүлденген Дубай кейде Астанаға ұқсап кетеді. Онда да әлі күнге дейін салынып жатқан нысандар көп. Құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Бірақ шаһардың ауқымдылығы, зәулім-зәулім ғимараттарының сәулеті елордамызды он орап алатынын мойындаймын. Біздегі ең биік нысан «Абу-Даби Плаза» болса, онда дәл сондай биіктіктегі немесе одан анағұрлым биік жүздеген ғимарат бар.

«Астана Дубаймен салыстырсаң, ойыншық қала сияқты екен» деп ой түйіп қайттым. Көп адам Дубайдың бұлай жарқырап-жайнауы мұнайдан түсетін қаржының арқасы деп ойлайды. Өзім арнайы барып, аталмыш шаһардың тарихы және тыныс-тіршілігімен танысқанға дейін мен де сондай пікірде болғанмын. Негізі, бұл — қате пайым. Дубайдың жылдық табысы 177 миллиард доллар болса, соның 5%-ы ғана мұнай мен газ сатудан түседі. Табыстың қалған бөлігі құрылыс және жылжымайтын мүлік, сауда-саттық, туризм, қаржылық қызметтер, авиация тәрізді салаларға тиесілі. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет және қала билігі ұзақмерзімді әрі сауатты, дұрыс стратегияның арқасында Дубайды әлемдік орталықтардың біріне, қаржы және сауда жолдары түйісетін хабқа айналдырған. Шөл далада барлық сала бойынша гүлдей жайнаған сәулетті де сұлу шаһар қалыптастырған жұртқа сүйсінесің әрі қызығасың!

Дубайға жыл сайын 17 миллионнан астам турист келеді екен. Жергілікті әкімшіліктің бұған тоқмейілсіп, тоқтап қалатын ойы жоқ. Алдағы ондаған жылда шетелдік қонақтар нөпірін жылына 30-40 миллионға жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл үшін небір көңіл көтеретін ойын-сауық орындарын, мәдени және ғылыми орталықтарды ашқан. Әлі де талайы салынып жатыр. Оның бәрін 6-7 күнде аралай алмадық. Өйткені уақыт жетпейді әрі шаршайсың. Бір нысанды аралауға бір күнің кетеді. Дегенмен елден аттанарда өзіміз көздеген жерлерге бардық. Солардың бірқатарына қысқаша тоқталайық.

Мәселен, «Miracle Garden» (қазақша «Таңғажайып бақ») деген бақ 2013 жылы ашылған. Аумағы 72 000 шаршы метрді құрайтын алып саябақта 50 миллионнан астам гүл мен 250 миллион басқа да өсімдік өсіп тұр. Флора түрлерінен үлкен-үлкен ұшақ, үй, қамал, жылқы, қонжық, пингвин, піл, тағы да басқа аң-құстардың бейнелері мен ғимараттардың сұлбалары жасалған. Жұпар аңқыған «Таңғажайып бақтың» қасында «Көбелектер бағын» да көре аласыз. Онда 26 түрлі 15 мыңнан астам көбелек тіршілік етеді.

Маған «Dubai EXPO 2020» кешені қатты ұнады. Атауы айтып тұрғандай, көрме, негізі, 2020 жылы ұйымдастырылуы тиіс еді. Алайда індетке байланысты кейінге шегеріліп, 2021 жылдың 1 қазаны мен 2022 жылдың 31 наурызы аралығында өтті. Онда қазір арақашықтығы жүздеген метр бірнеше павильон ғана жұмыс істеп тұр. Көрме қонақтары шаршап қалмауы үшін арнайы жеңіл көліктер тегін тасиды. Павильондардың кейбірін қысқаша суреттейік.

«Орман асты әлеміне» кірсеңіз, іші қараңғы. Әр жерге жасыл, сары түсті әлсіз ғана жарықтарды үйлестіріп жағып қойған. Расында да, жер астына түсіп кеткендей күй кешесіз. Себебі ағаштардың айқыш-ұйқыш тамырларын келтіріп, әдемі безендірген. Жоғарыдан, жер үстінен құстардың сайрағаны, өзеннің аққаны талып естіледі. Мұнда орман әлеміне қатысты қызықты, танымдық деректер жазылған тақталар орнатылыпты. Мәселен, ағаштар жерден суды, минералдарды сорып, діңге, бұтақтарға, жапырақтарға жібереді. Ал жапырақтар қант түзіп, оны тамырларға жөнелтеді. Дүниеде тамырлары күніне 2 тонна су соратын алып ағаштар бар екен. Топырақтың бір шаршы метрінде миллиардтаған бактерия, миллиондаған микроскопиялық жануар, мыңдаған жәндік, жүздеген құрт тіршілік етеді  екен. Құрттардың топырақ құнарлылығы үшін маңызы өте зор. Өйткені бұл жәндіктер қыбырлап қозғалып, нутриенттерді, пайдалы элементтерді тасиды, араластырады. ЭКСПО-ның бұл бөлігін аралап жүріп, осындай теңдессіз үйлесім мен жүйені жаратқан Алланың шексіз шеберлігіне тәнті болдым.

Мұхит асты әлемі

«Мұхит асты әлеміне» енсеңіз, таңғажайып көкпеңбек кеңістікке куә боласыз. Шынында да, суға сүңгігендей аураны сезіндіреді. Кіреберісте корал рифтері туралы ақпарат жазылған. Ғаламшарымызда мұхит табанының 1 пайызын ғана корал рифтері алып жатыр. Бірақ бұлардың арасында теңіз жануарларының 25 пайызы тіршілік етеді. Өйткені жер бетінде аң-құстар орман ішінде қалай мекендесе, мұхит түбіндегі корал рифтері де сол орман-тоғайдың функциясын атқарады. Корал рифтерінің түсі арасында жүретін балықтардың реңіне сай қалыптасады. Сонда ұсақ теңіз жануарлары жыртқыш балықтарға көрінбей, жасырына алады. Киттерге де қатысты тың мәліметтерді оқыдық. Бұл сүтқоректілер бір-біріне 15 000 шақырым қашықтықтан дыбыстап, әндетіп, белгі береді. Олардың әні жарты сағат бойы мұхит тереңінде сақталады екен. Сондай-ақ әр кит түріне ғана түсінікті тілі болады. Мысалы, Тынық мұхиты киттерінің «әнін» Үнді мұхитының киттері түсінбейді. Су астындағы дыбыстың жылдамдығы жер бетіндегі дыбыстың таралуынан 4 есе жылдам көрінеді. Жоғарыда аталған павильонда киттердің әнін қосып, арнайы экрандарда видеосын да ойнатып қойыпты.

Антарктидаға жақын маңда тіршілік ететін киттер «криль» деген шаянның күн сайын 1 тоннасын жеп қоректенеді екен. Егер адамдар крильді тым көп аулап, азайтып жіберсе, онда киттер де аштан қырылады. Табиғатта бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Бір жәндікті жойсақ, не санын азайтсақ, одан өзге мақұлықтар да зардап шегеді.

Танымдық ақпарат көрсетіліп қана қоймай, ғаламшар деңгейіндегі тақырыптар да көтерілген. Қазір Жер үшін өте өзекті мәселе – пластик қалдықтар. Өйткені бұлар бірнеше ғасыр бойы шірімейді. Пластик қоқыстардың көп бөлігі жаңбыр суымен немесе өзен ағысымен ағып, теңіздер мен мұхиттарға түседі. Оларды жыл сайын 10 миллионнан астам құс азық деп шатастырып жеп қойып, өледі екен. Ғаламда дәл осы себептен балықтардың 25%,-ы ал тасбақалардың 50%-ы пластик жеп қоятын көрінеді. Сонда бұл теңіз жануарларын жесек, біздің де ағзамызға зиянды, улы заттар түседі деген сөз. Сондықтан балық аулайтын кәсіпорындар жыл сайын 10 миллион тонна балықты жарамсыз деп танып, өлі күйінде қайтадан айдынға лақтыратынын білдік. Не деген ысырап! Обал ғой! Әлемде 3 миллиард адам теңіздің жағасында тұратындықтан, теңіз өнімдерін күнделікті асы ретінде жейді. Сонда пластиктің кесірінен қаншама кісіге, қаншама су жануарына зиян-залал тиіп жатыр! Проблеманың өте ауқымды екенін білдіретін осындай фактілерді назарға ұсынған соң, көрме ұйымдастырушылары қоқысты, әсіресе пластик қалдықтарды қайта өңдеу керектігін алға тартады.

Экология ғана емес, адамзаттық деңгейдегі өзге мәселелер де көтерілген. Мысалы, арнайы «Әйелдер павильоны» бар. Онда әуелі ел басқарған және ғылым, өнер, спорт, тағы басқа салаларда үлкен жетістіктерге жеткен бұрымдылардың өмірбаяны, ерен істері таныстырылған. Сонымен қатар қыз балаларды оқытпайтын, нәзік жандарды күң сияқты ұстайтын елдер сынға алынады. Өкінішке қарай, жаһанда әр үшінші әйел зорлық-зомбылыққа ұшырайтын көрінеді. Кей мемлекеттерде әйелдер ерлермен бірдей жұмыс істесе де, анағұрлым аз жалақы алады екен. Осындай жайттарды жариялау арқылы «Әйелдер павильоны» әйелдер теңдігін насихаттайды.

«Dubai EXPO 2020»-да ғылым мен технологияға үлкен бір павильон арналған. Онда әуелі адамзат өркениетінің даму кезеңдеріне қатысты шолу жасалады. Сонымен бірге Ислам әлемінің үш ұлы ғалымы — Әбу Убайд әл-Бакри (1014-1094), Әбу Абдоллаһ Мұхаммед ибн Баттута (1304-1368) және Ахмет ибн Мәжиттің (1432-1500) өте алып мүсіндері бар. Орта бойлы адамның дене бітімінен 10 шақты есе үлкен мүсіндер өте шынайы жасалған. Олардың бет-әлпеті, жүзіндегі әжімдері, сақал-мұрты, қас-кірпігі, тіпті көзіндегі нұры кәдімгі тірі адамның кескін-келбетіндей-ақ. Ғылым тарихынан ақпарат берген соң, көрмені ұйымдастырушы тарап болашақтағы жоспарларын паш етеді. Нағыз таңғаларлық әлемнің есігін сонда ашқандай боласың. Алдағы уақытта жүргізушісіз жүретін көліктер қолданысқа енеді. Бұлар адам жасайтын қателіктерді қайталамайтындықтан, жол апаттары 90 пайызға азаймақ. Сондай-ақ машинадағы арнайы құрылғы шопырдың көңіл күйі мен сергектігін өлшеп отырады. Мысалы, егер ол ұйықтап бара жатса, аутокөлік «Оян!» деп дабыл қағады. Ал «Hyperloop trains» деп аталатын пойыздар сағатына 1288 шақырым жылдамдықпен жүйткиді. Себебі бұл көлік түрі арнайы тұрба (tube) ішінде жүретіндіктен, ауаны жарып өтпей, кедергісіз зымырайды. Дубайлықтар «2030 жылы қаладағы аутокөліктердің 25 пайызы ұшатын такси болады» деседі. Мұндай көліктер ғарышқа 1 сағатта, ал айға 6 айда жете алады. Заманауи технологиядағы осы секілді жоба-жоспарларды бұл елдің жұрты алдағы бірнеше жылда жүзеге асырмақ ниетте.

Дубайдағы қай-қай нысанға, қандай орталыққа барсаңыз да, ұнайды, таңдай қақтырады. Солардың бірі – БАӘ Президентінің орынбасары, елдің Премьер-министрі әрі Дубай әмірі Мұхаммед ибн Рашид әл-Мақтум атындағы кітапхана. Жеті қабатты ғимаратта алаңсыз отырып, ізденуге барлық жағдай жасалған. Қаласаңыз, кәдімгі орындықта, үстел басында, қаласаңыз, арқалығы ұзын, дөңгеленген дүңгіршек тәріз-ді жабық дивандарда немесе жұмсақ, жайлы креслоларда отырып, кітап оқуға болады. Жеке кабинеттер де қарастырылған. Кітапханада 1,5 миллион кітап, 2 миллион электронды кітап, 1 миллион аудио кітап бар. Осынау ғылым-білім һәм таным ордасының 7-ші қабатында музей бар. Онда VIII-XX ғасырлар аралығында Осман империясында, Испания, Иран, Үндістан, Қытай және Солтүстік Африка елдерінде басылып шыққан Құран кітаптар қойылған. Сондай-ақ орта ғасырларда мұсылмандар пайдаланған қалам, қаламға арналған құты, қайшы, ұштағыш, түрлі ыдыстар т.б. бұйымдарды көре аласыз. Бұдан бөлек Данте, Сервантес, Шекспир, Гюго, Пушкин, Достоевский, Ахматова және де басқа Еуропа мен Азия ақын-жазушыларының бірнеше ғасыр бұрын жарық көрген кітаптары да бар.

Қорыта айтқанда, Дубай бай, бақуатты, тыныш әрі ынтымақты (толерантты) елдің үлгісі қандай болатынын көрсетті. Мұнда 200-ден астам ұлттың, түрлі діндерді ұстанатын 3,5 миллион жұрттың дау-дамайсыз, ұрыс-керіссіз тату-тәтті, өзара түсіністікте өмір сүріп жатқаны сүйсіндіреді. Біздің еліміз де осындай ғылым мен техникаға баса мән беретін, өркендеген, бақ қонған, ырыс ұялаған мемлекетке айналғай!

 

Алпамыс Файзолла,

Орал–Астана – Дубай–Астана–Орал

Шұрат,  оазис  –  шөл  немесе  шөлейтті  жерлерде  өсімдіктерге  толы,  басқа  өсімдік  жамылғысынан  оқшауланған;  негізінен  табиғи  су  айдынның  қасында  орналасады.

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале