Студенттік күндер – адам санасында жаңғырып тұратын шуақты кезең. Байқасаңыз, қалаға келген жастар ауылға деген сағынышын көпке сездірмеуге тырысады. Жаңа достар тапқанда жан дүниесіндегі аласапыран сәл саябырсығандай болады. Сол уақыттарда олар өмірлік ұстанымдарын нақтылап, жарқын болашаққа жол салады. Жаны сүйген іспен шұғылдануды көздеп, көп таңдаудың, сансыз сауал-пікірдің арасында аласұрады. Сосын дипломдарын қолға алып, түрлі салада сапалы қызмет атқарамын деп жан-жаққа кетеді... Әрине, ол бөлек әңгіме.
Ал менің бүгінгі кейіпкерім Дильназ Түменова – өмірлік бағытын әлдеқашан таңдап үлгерген студент. Ол Казталов ауданының Ақпәтер ауылында дүниеге келіпті. Сол ауылдағы жалпы орта білім беретін мектепті «Алтын белгімен» тәмамдап, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетіне грант негізінде оқуға түскен. Қазіргі таңда агротехнология институтында тағам өнімдерін өндіру мамандығы бойынша білім алуда. Оның айтуынша, сабақтар өте қызықты өтеді. Олар оқытушылармен бірге практикалық сабақтар кезінде облыс орталығындағы кәсіпорындарды аралайды екен.
– Өндіріс нысандарының жұмысымен толық танысып, теориялық білімімізді пайдаланып, тәжірибе жинаймыз. Осыған дейін «Аққайнар», «Кублей», «Жайық Агро ЛТД», «Пойма май комбинаты» кәсіпорындарына және «КАЗКОН» кондитерлік фабрикасына бардық. Заманауи құрал-жабдықпен жұмыс істеп, кәсіби мамандардың ақыл-кеңесін тыңдадық. Бұрыннан қарапайым тұрғындар тұтынатын тағам өнімдерінің құрамы мен сапасын білуге құмарттым. Сол себепті технолог мамандығын таңдадым. Адам ағзасының ауруларға қарсы күресе білуі және денсаулығының жақсы болуы ол тұтынатын азық-түліктің сапасына тікелей байланысты. Сондықтан күнделікті тамақтану рационы жоғары сапалы, табиғи әрі энергетикалық құнды тағамдардан тұруы қажет. Сабақ кезінде қоғамдық тамақтандыру қызметі жайлы біраз тың мағлұмат айтылады. Бүгінде қоғамдық тамақтану орындарындағы жұмыстың қалай ұйымдастырылатынын зерттеп жүрміз. Оған қоса, «Тағам және қайта өңдеу өндірістерінің технологиялары» жоғары мектебіндегі асханада түрлі тағамды әзірлеп, безендіріп, оларға дегустациялық сараптау жасаймыз, – дейді университеттің 4-курс студенті Дильназ Ғұбайдоллақызы.
Ол өзінің тынбай ізденіп, алдағы уақытта талай биікті бағындыратынына сенеді. Біз де оның университетте алған білімін ел игілігі үшін жұмсайтынына шын иландық. Әңгіме барысында 1-курстан бері тауартану, микробиология, қоғамдық тамақтандыру өндірісін ұйымдастыру, биохимия, реология және басқа да бағыттар бойынша оқытушылардың сапалы біліммен сусындатып келе жатқанын тілге тиек етті. Бұйырса, БҚАТУ-ды абыроймен аяқтап, осы сала бойынша білімін әрі қарай тереңдетуді, яғни магистратураға түсуді көздеп отыр.
Кейіпкеріміздің кейінгі уақытта айналасындағыларды жақсы жетістіктерімен, жарқын жаңалықтарымен қуантып жүргенін де айта кетейік. IV халықаралық студенттер арасындағы «БИЗНЕС ИДЕЯЛАР МЕН ЖОБАЛАР – 2022» атты ғылыми-зерттеулер байқауында «Агроөнеркәсіп субъектілерінің бәсекелестік стратегиясын және маркетингтік қызметін әзірлеуге арналған бизнес-идеялар мен жобалар» аталымы бойынша 1-орынды жеңіп алды. Былтыр экономика және кәсіпкерлік негіздері пәнінен «Өнеркәсіптік негізде функционалдық қоспалары бар құрттың инновациялық түрлерін өндіру» тақырыбында ғылыми зерттеу жүргізді. Оның осы жобасы түрлі деңгейдегі байқауларда топ жарды.
– Бояғыштар (сәбіз, қызылша) құрттың дәмі мен түсін өзгертіп жібереді. Зерттеу барысында қара зере майы мен күріш ұнын өнімге қосу арқылы оның тағамдық және биологиялық құндылығын, профилактикалық қасиеттерін арттыруға болатынын анықтадық. Өйткені қара зере майының құрамында адам ағзасына функционалды қажет компоненттер, полиқанықпаған қышқылдар – линол (linoleic acid [omega-6]) және альфалинол қышқылы (linoleic acid [omega-3]) бар. Ал күріш ұнының құрамында сүзбеде болмайтын диеталық талшықтар кездеседі, – дейді болашақ технолог.
Кейіпкеріміз білікті, тәжірибелі мамандармен тығыз қарым-қатынас орнатып, олардан жиі ақыл-кеңес сұрайды. Доцент, экономика ғылымдарының кандидаты Гүлшат Айешева оның байқауларда бақ сынауға деген қызығушылығын оятып, «Astana Hub» стартап мектебінде оқуына септігін тигізген. Ғылыми жұмыстарды жазу барысында жетекші ретінде көрген-білгенін айтып, бағыт-бағдар сілтеуден шаршамапты. «Халық үміті» жобасына қатысып, жақсы нәтиже көрсетуіне де ықпал еткен осы жан. Ал «Тағам және қайта өңдеу өндірістерінің технологиялары» жоғары мектебінің оқытушысы Рита Өмірзаққызы практикалық сабақтар барысында азық-түлік сапасын анықтау әдістерін үйретіп, өндіріс нысандарының жұмысымен таныстырған. Дильназ Ғұбайдоллақызының ұстаздарына деген алғысы шексіз.
– Бүкіл әлемде функционалды тамақтануға сұраныс артты. Соған байланысты тағамдық құнарлылығы жоғары функционалды-технологиялық қасиеттері бар өнімдерді әзірлеу және ойлап табу зор маңызға ие. Сүт өнімдерінің, соның ішінде құрттың жаңа түрлерін әзірлеу үлкен қызығушылық тудырып отыр. Дильназ қара зере майы мен күріш ұнын қосып, құрттың құрамын байытты. Өнім ішек микробиоценозын қалыпқа келтіреді және дененің иммундық жүйесінің жұмысын жақсартады. Жобаның нәтижесінде құрт өндіру бойынша шағын цехтың жұмысы жоспарланды, SWOT-талдау жүргізілді, Сanvas бизнес-моделі әзірленді, маркетингтік, өндірістік, ұйымдастырушылық және қаржылық жоспар жасалды. Студенттің осылайша ізденуі мамандығының әлеуметтік маңыздылығын түсіну үшін де керек, – деді Гүлшат Аманкелдіқызы.
Дильназ – белсенді студенттердің бірі. Бүгінгі таңда байқауларда бақ сынап, шығармашылық қабілетін шыңдап, білім деңгейін тексеріп жүр. Жүлдеге іліккен сайын зерттеу жұмыстарын жүргізуге, жаңалық ашуға талпына түседі. Кәсіби тұрғыда шыңдалу үшін университет ұсынған мүмкіндіктерді толық пайдалануда. Оған қоса, облыстық және республикалық пікірсайыс турнирлерінің жүлдегері. Ол замандастарын сүйікті ісімен айналысып, мақсатқа жету жолында сенімді түрде қадам жасап, қиындықтардан қорықпауға шақырады.
Жалпы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде ғылымға құштар, жаңалыққа жаны құмар жастар білім алуда. Университет басшылығы үздіктерді Студенттер күніне арналған концерттерде, салтанатты жиындарда марапаттауды дәстүрге айналдырған.
Марлен Ғилымхан,
zhaikpress.kz