14.03.2022, 16:30
Оқылды: 108

Су тасқынына дайындық пысықталды

Бүгін облыс әкімдігінде облыс әкімі Ғали Есқалиевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте су тасқынына қарсы іс-шаралардың өтуі және басқа да мәселелер қаралды.

IMG-20220314-WA0010

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ернұр  Өтегеновтың айтуынша, облыс аумағының 71%-ында қар әлі ерімей сақталуда.

IMG-20220314-WA0009

Бөкей ордасы, Жаңақала аудандарының кейбір жерлерінде қар жоқ. Қазіргі кезде қар «түске дейін мейіз, түстен кейін киіз» қалыбында. «Қазіргі ауа-райы су тасқыны жағдайын қиындатады.  Өткен аптада облыс аумағында орта есеппен 24,5 мм жауын-шашын түсті (меже – 9 мм). Наурыздың 10 күні  жауған жауын-шашын айлық межеден асып кетті (33 мм, меже – 28 мм). 4-5 наурыз күндері жауған жаңбыр салдарынан Ақжайық, Бөрлі, Жәнібек, Қаратөбе, Сырым аудандары мен Орал қаласында тұрғын үйлерді су басу қаупі туындады. Бірақ еріген қар суын сору жұмыстары жүргізіліп, су басу оқиғалары орын алған жоқ.

IMG-20220314-WA0013

Су басу қаупі ықтимал жағдайлары тасқынға қарсы іс-шаралардың нашар ұйымдастырылуынан, қар шығару, лайсаң суды алдын ала  сору жұмыстары жүргізілмеуінен, мотопомпалардың  санының аздығынан және су өткізу жүйесінің болмауынан болған. Елді мекендердегі көшелерді абаттандыру кезінде (жаңа жолдар, тротуарлар салу кезінде) жергілікті жер бедері і, су өткізу инфрақұрылымы жүйесі ескерілмейді», – деді Е. Өтегенов. Баяндамашы аудан орталықтарында,  ауылдарда жыл сайын көшелерді абаттандыру жұмыстары барысында су өткізу инфрақұрылымы жүйелерін жоспарлау қажеттігін айтты.

IMG-20220314-WA0012

Сонымен қатар Орал қаласындағы  көшелердегі арықтарды қала шетіне немесе өзен жайылмасына шығаратын су арналарына айналдыру бойынша инженерлік есептеулер арқылы қалада су өткізу жүйесін құру мәселелерін қарау қажет.

Биыл 24 ақпанда Бөкей ордасы ауданында облыстық маңызы бар Чапаев-Жаңақала-Сайқын аутожолында еріген қардың суы басу фактісі орын алып, жол төсемі бұзылды. Бұған жауапты мемлекеттік құрылымдардың  жұмысы сын көтермейді. Жыл сайынғы су басу қаупі жайын біле тұра, жайбарақаттық танытқан. «Жолға жауапты мердігер ұйымның жұмыс атқаруға қабілеттігін тексеріп, қажет болса келісімшарт бұзуды қарастыруды ұсынамын», – аталмыш департамент бастығы. Баяндамашы соңғы күндері жауған қар мөлшерін ескере отырып, облыс аумағының біраз жері су басу қаупіне ұшырауы мүмкін екенін атап көрсетті. Сонымен қатар өзендер  әлі де мұз құрсауында. Сондықтан негізгі қауіп өзендерден (Шаған, Деркөл, Шежін-1, Шежін-2, Утва, Қара және Сары өзен және т.б.)  туындайды. Жамандықтың беті әрмен, алайда облыс аумағындағы 21 гидротехникалық құрылыстың апаты орын алар болса, 34 елді мекенді су басу қаупі зор. Өйткені 21 құрылыстың екеуі жөндеуді талап етеді, қалғандары 50-60 жылдан бері пайдаланылуда, ешбір жөндеу көрмеген. 

Кеңесте қала әкімі А.Шыныбековтың, Бәйтерек ауданының әкімі М.Тоқжановтың, Казталов ауданының әкімі Р.Зұлқашевтың су тасқынына қарсы дайындық жұмыстары жайындағы хабарламалары тыңдалды. Облыс әкімі барлық әкімнің назарын қар шығаруға, су өткізу арналарын тазалауға және өзендер мен гидротехникалық құрылыстардағы су тасқыны жағдайын бақылауға аудартып, тиісті тапсырмалар берді. Одан кейін жергiлiктi және республикалық маңызы бар аутомобиль жолдарын тасқын суды өткізуге дайындау және кедергiсiз көлiк қатынасын қамтамасыз ету туралы мәселе қаралды. «QAZAVTOJOL» ҰК» АҚ БҚО филиалының директоры Әмір Кәрімбаевтың айтуынша,  республикалық маңызы бар аутомобиль жолдары желісінде 18 қауіпті жол учаскесі анықталған. «Подстепное  – Федоровка – РФ шекарасы» тас жолында тасқыннан келер қауіп бар сегіз жер анықталған. Бұл аумақтар күн сайын бақыланып отырады. Жоспарланған жұмыстарға сай жол бойындағы су өткізетін құбырлар  ашылып, инертті материалдар, жанар-жағармай қоры дайындалған. «Қазталов, Жәнібек, Бөкей ордасы аудандарында күннің жылынуы мен  қардың еруіне байланысты кейбір жол бойындағы су деңгейінің шамалы көтерілуі байқалды.  Осы жағдай республикалық маңызы бар «Қазталовка – Жәнібек – РФ шекарасы» және «Өнеге – Бисен – Сайқын» тас жолдарындағы барлық көліктің қозғалысына кедергі келтірді. Бүгінде көлік қатынасы айналма жолдар арқылы өтеді. Мердігер ұйымдардың қызметкерлері мен 36 арнайы техникасы тәулік бойы кезекшілікте»,  –  деді Ә. Кәрімбаев.

IMG-20220314-WA0011

Жиында көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысы пысықталды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Н. Қарағойшиннің баяндауынша, биыл өңірдегі ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 521 мың га құрауы тиіс. Соның ішінде дәнді дақылдар алқабы 214 мың га (күздік дәнді дақылдар - 57 мың га, жаздық дәнді дақылдар - 157 мың га), майлы дақылдар  126 мың га болады. Картоп 3980 га және көкөніс-бақша дақылдарын 4782 га отырғызу жоспарланды. Ал мал азықтық дақылдардың егісі 172 мың га құрамақ.  Көктемгі егіске қажетті дақылдар тұқымы жеткілікті. Көктемгі далалық жұмыстарға 4670  трактор, 3053 дәнсепкіш, 838 қопсытқыш қатысады. Жоспарланған көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін өңірге  Атырау мұнай өңдеу зауытынан 11,5 мың тонна (сәуір- 3 мың тонна, мамыр – 5,5 мың тонна, маусым – 3 мың тонна) көлемінде арзандатылған дизель отыны бөлінді. Қазір дизель отынын жеткізетін операторды анықтау жұмыстары жүргізілуде.

Өңір басшысы көктемгі-далалық жұмыстарды жоспарлы ойдағыдай өткізу мақсатында аудан және қала әкімдеріне  ауыл шаруашылығы дақылдарының құрылымы бойынша көзделген жоспарды толық орындау үшін барлық шараны қабылдауды, егіске қатысатын техникалардың дайындығын 1 сәуірге дейін аяқтауды  тапсырды. Сонымен қатар қала әкімдігіне шаһар маңындағы пайдаланылмай жатқан жерлерді  бір ай ішінде анықтау жөнінде тапсырма берді.

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале