17.08.2022, 16:28
Оқылды: 217

Тауарлық белгіні қалай қорғайсыз?

Қазақстан Республикасында тауар таңбасы қалай тіркелетіндігі бәрімізге мәлім. «Ұлттық зияткерлік меншік институтына» РМҚК өтінім беріп өзіңіздің тауар таңбаңызды жеті айдың ішінде тіркеп ала аласыз. Одан кейінгі мәселе, тіркеліп тұрған тауарлық белгіңізді қорғау. «Қалай қорғаймын? Қайда барып арыз жазам?» деген сұрақтарға жауап беріп көрейін.

біреу

Мысалы, сіз жеке кәсіпкерсіз, тауарлық белгіңіз бар. Айталық атауы  «SSS» делік. Сіз осы тауар белгісін қолданып, жазғы жеңіл бас киім шығаруды жолға қойдыңыз. Жазғы бас киімдеріңіз елімізде және шет елдерде де сұранысқа ие болып, экспортқа тауарыңызды көп мөлшерде шығарып, шаруаңыз өрге домалады. Қомақты қаражат жинап сіздің тауарлық белгіңіз «SSS» әлемдегі алдыңғы қатарлы брендтердің бірі болды делік. Күндердің күні тауарыңыздың сұранысы күрт азайғанын байқайсыз.  Өйткені  құқық иегерінің рұқсатынсыз тауарлық белгіні пайдаланып, белгісіз кәсіпкерлер жазғы бас киім шығарып, сіздің бағадан арзан бағаға сатып жүргенін анықтайсыз.  Бұл – контрафакт тауар.

ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 158-бабына сәйкес өзге тауарлық белгіні құқық иегерінің рұқсатынсыз пайдалану әкімшілік жазаға әкеліп соғады. Аталған баппен әкімшілік құқық бұзушылық хаттаманы толтыруға Әділет органдары уәкілетті.  Сондықтан аталған құқық бұзушылықтарды анықтаған жағдайда Әділет органдарына, құқық қорғау органдарына немесе сотқа арызбен жүгінуіңізге құқыңыз бар. Арызда құқық бұзушының толықтай аты-жөні, тегі, мекенжайы көрсетілуі және болған жағдайда анықталған құқық бұзушылықты растайтын құжаттар арызға тіркелуі тиіс.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасында ғана емес шет елдерде де тауарлық таңбаңызды қорғауға болады. Ол үшін Женева қаласында орналасқан Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы арқылы әлімнің көптеген елдерінде бір өтінішпен тауар таңбасын тіркеп алуға болады. Содан кейін, аталған елдерге тауарыңызды еркін экспортқа шығаруыңызға болады.

Ойымды тұжырымдай келе, Жапон елі «Тойота» автокөлігі тауарлық таңбасымен,  Немістер «Мерседес» автокөлігі брендімен, Француз «Шанель» әтірімен әлемге әйгілі. Қазақстан экономикасын әлемдегі дамыған елдер экономикасымен теңестіру жолдарының бірі елде ұлттық нысандағы өнім, тауар және т. б. зияткерлік меншік объектілері пайда болуы қажет деп есептеймін. Осы бағытта еліміздің әрбір азаматы мен құқық иегерлері жұмыстанып, өз құқықтары мен міндеттерін білу қажет. Сонымен қатар өзге адамның еңбегін бағалап құрметтесе, елімізде құқық бұзушылықтар да азайып, экономикамыз өркендеп дамыған елдердің  алдыңғы қатарында болады деп сенемін.

Алтай МАШТАКОВ,

БҚО Әділет департаменті зияткерлік меншік

құқығы жөніндегі бөлім басшысы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале