18.10.2023, 18:15
Оқылды: 172

«Төтеншеліктер үшін ең үлкен марапат – елден алған алғыс»

Мамандыққа адалдық таныту, ерлікке және кез келген сынаққа дайын болу – төтенше жағдай қызметі мамандарына қойылатын басты талап. Табиғи және техногенді апаттар кезінде, күнделікті сын сәтте оларға үлкен жауап­кершілік жүктеледі. Жуырда ҚР ТЖМ өртке қарсы қызмет комитеті дәстүрлі «Үздік өрт қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау жөніндегі мемлекеттік инспектор» ХХIV республикалық конкурсын өткізді.

C59757CE-B605-4E51-8B77-E16008C4228A

Оған Төтенше жағдайлар басқармалары мен бөлімдерінің қызметкерлері қатысты. Қорытындысында БҚО ТЖД Орал қаласы ТЖБ бас маманы, азаматтық қорғау капитаны Нұрсұлтан Серіков жеңімпаз атанды.

– Байқауға еліміздің жиырма өңіріндегі төтенше жағдай мамандары қатысты. Онда төрт кезең қамтылды. Бірінші кезеңде қатысушылар өз қызметі туралы алдын ала дайындаған бейне визиткаларын көрсетті. Екінші кезеңде заңнама талаптары аясында тестілеуден өттік. Үшінші бөлімде объектіге бару арқылы профилактикалық бақылау жүргіздік, оның нәтижелері бойынша өрт қауіпсіздігі талаптарында анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама рәсімделді. Ал соңғы кезеңде комиссия алдында профилактикалық бақылау нәтижелерін қорғадық.

Үш күнге созылған байқаудың қорытындысында қазылар алқасы үздіктерді анықтады. Байқау жоғары деңгейде өтті. Қатысушылардың  лауазымы, жас ерекшеліктері әртүрлі болды. Электронды форматта емес, бәрі қолмен жүргізілді, - дейді ол.

07CC4DBB-F31B-4640-BB8E-E1877F54BCD7

«Осындай байқаулардың жиі өткізілгені дұрыс. Инспекторлар шыңдалады, тәжірибе алмасады. Еліміздегі облыстарда континент әр түрлі, мысалы орталық, оңтүстік өңірлерде үлкен қалалар бар болғандықтан, оларда қалыптасатын жағдай өзгеше болады. Байқау кезінде өзге өңірлерден келген мамандармен тәжірибе алмасып, көп дүниені үйренесің. Дайындықтың өзі біраз нәрсені қамтиды», - деп сөзін жалғады маман.

Шамамен он жылдан астам уақыт бұрын өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің маманы осы байқаудың жеңімпазы атанған екен. Кейін осы жолды жалғаған үздік инспектордың еңбек жолы 2015 жылы қаладағы Ю.Гагарин көшесінде орналасқан №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінен басталған.

D58D444A-03B5-4339-BDAA-5630ED2BB3DA

«2011 жылы Көкшетау техникалық институтына, қазіргі Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясына оқуға түстім. Төрт жыл оқып бітірген мамандығым – өрт қауіпсіздігі инженері маманы. Еңбек жолымды қаладағы өрт сөндіру бөлімінен бастадым. Бір жылдан кейін қалалық төтенше жағдайлар басқармасына ауыстым. 2016 жылдан бері осы басқармада маманмын. Алғашқыда инженер, аға инженер, кейін бас маман лауазымында қызмет атқарудамын, - деген Нұрсұлтан Уәлиханұлы мамандығының жанына жақын екенін ерекше атап өтті.

Өрт сөндірушілердің төтенше жағдайлар кезіндегі жұмысы қауырт екені бәрімізге аян. Үнемі тұрғындармен жұмыстанатын маманнан олардың төтенше жағдайларға қатысты ойын да сұрадық.

95F4203C-D657-419B-A257-26B268399AF6

– Әлі күнге дейін кейбір адамдардың салғырттығы басым. Балаларды айтпағанның өзінде ересек жандардың өзі қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамайды. Біз қауіпсіздікті насихаттауда үздіксіз жұмыстанамыз. Бірінші балабақша, мектеп қабырғасы, кейін ЖОО-ның студенттерімен, ересектермен жұмыс барысында нұсқаулық өткіземіз. Әрбір нұсқаулықтың өзіндік өткізу тәртібі болады. Бірінші мақсат қатердің алдын алу, одан кейін өртті жою. Сол сияқты су қауіпсіздігінде де тұрғындар ең бірінші өзіне ыңғайлы жағын ескереді. Қауіпсіздікті екінші орынға қояды. Қоғамда осы жағы біздің жұмысымызға кедергі келтіреді. Қала аумағында саяжай көп, онда тұратын кей тұрғындар су басу қаупі кезінде қауіпсіздік шараларын мүлде сақтамайды. Бұл жағдайлар бір мезетте түзелмеуі мүмкін, бірақ бұған ТЖД қызметкерлері ғана емес тұрғындар да бірге атсалысуы керек деп ойлаймын, - дейді ол.

Кейіпкерімізден дәл осы мамандыққа деген қызығушылығы қалай басталғанын да сұрап көрдік.

– Ауылда өскен баламын. Мен ержеткен мекенде өрт сөндіру бекеті не болмаса өрт бөлімдері болған емес. Өзім кішкентайымнан әскери адамдарға қызығатын едім. Кейін саналы түрде мамандыққа деген қызығушылығым артып, осы жолға келдім. Айта кету керек, қызметімде басымдық та бар, кемшілікте жоқ емес. Барлық мамандық иесі қоғам үшін қызмет атқарады ғой. Соның ішінде біздің мамандықтың ерекшелігі алғыс алуымызда деп білемін. Шын алғыс адамды өсіреді. Меніңше, бұл қызметке келген әрбір жан барын салуы қажет. Өртті сөндіру үшін де, адамды ажал аузынан алып қалу үшін де жүрек керек, батырлық керек, - дейді маман.

Осы тұста қазіргі жастардың аталған мамандыққа қызығушылығы мен қызметке келуі жөнінде де сөз қозғадық.

51D49A24-65B7-45D5-8B80-C02B6B188139

– Жастар біздің қызметке жеткілікті келеді. Кейде денсаулық жағдайына байланысты арнайы тексерістен және бақылау емтиханынан өте алмайтындар болады. Жыл сайын арнайы оқу орнына түсуге үгіт-насихат жұмыстарын жүргіземіз. Сол кезде жастар өздерінің қызығушылықтарын білдіріп жатады. Биылдан бастап Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясына қыз балалар қабылдануда. Бұл жағдай – біздегі төтенше жағдайлар қызметі тарихында алғаш рет, - деді Нұрсұлтан Уәлиханұлы.

Осы тұста айта өтейік, Орал қаласы төтенше жағдайлар басқармасы қызметі төтенше жағдайлардың алдын алу, болдырмау мақсатында қызмет атқарады. Оқыс оқиғалар бола қалған жағдайда қала бойынша азаматтық қорғаныс күштерін жұмылдырады.

6E0992AB-7E1B-4BAC-9669-3D2EA540BB7B

«Төтенше жағдай тіркелгенде жергілікті атқарушы органдар тарапынан техникалар бөлу, апат болғанда барлық күшті бір арнаға жұмылдыру, жедел отырыс ұйымдастыру біздің басқарманың басты қызметі. Су тасқыны кезінде жедел қимылдау, қалада орналасқан ғимараттардағы өрт қауіпсіздігін қадағалау тағы да өзге қатерлерде іркіліссіз жұмыстанамыз. Осы тұста айта өтетін жәйт, 2014 жылға дейін мердігерлер жаңа ғимараттарды салған кезде өрт қауіпсіздігін сақтау талаптарын қадағалайтын едік. Кейін заңнамалар өзгеріп, біз бұрынғыдай бақылай алмайтын болдық. Қазір байқасаңыз, кейбір ғимараттар ыңғайсыз салынған, ондағы қауіпсіздік ескерілмейді. Салдарынан өңірде өрт артуда. Көпппәтерлі тұрғын үй, сауда нысандарында оқылықтар баршылық. Көпқабатты әрбір үйде барлық эвакуациялық есіктер ашық болуы керек, үйге апаратын әрбір жол тосқауылсыз болуы шарт. Қазіргі уақытта қаланың ішінде шлагбауымдар, кедергі қою жағдайлары көп кездеседі. Сонымен қатар жолдың бойына автокөліктер ыңғайсыз қойылады. Бұл өрт сөндірушілерге қиындық туғызады. Тұрғын үйдің жоғары қабатында өрт бола қалған жағдайда арнайы сатылы өрт сөндіру көлігі орналасу үшін арнайы үлкен аумақ керек болады, - дейді маман.

6AF3D5A3-6F2C-41E6-9E26-3E6D3C48CB0F

– Қазір жылыту маусымы басталды. Қала ішіндегі көпқабатты үйлерде газдан улану, пеш қосу кезінде оқыс оқиғалар болады. Осындай кезде өрт оқиғасы жиілейді. Пәтер иелері коперативтерімен үздіксіз жұмыс жүргіземіз. Үгіт-насихат өткізудеміз. Айта өту керек, әлі күнге дейін газ баллон қолданатындар бар. Осындай жағдайларда барынша қауіпсіздікті елеу керек. Біз қанша жерден ескертсекте көп нәрсе үйдегі тәрбиеге, үйретуге де байланысты. Балаға кішкентайынан сіріңке ұстап ойнамауды, газды, электрді қолданғада абай болуды құлағына құйып отырған жөн деп есептеймін, - дейді Нұрсұлтан Серіков.

Қала жыл өткен сайын дамып, халық саны да өсуде. Уақытпен санаспайтын мамандық иелеріне түсетін күште артып, сұраныс жоғарылай беретіні анық. Бейбіт күн батырларының ерен еңбегі ең жоғары бағаға лайық.

Гүлмира Сарсенғали

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале