16.05.2022, 9:30
Оқылды: 89

Ұлт мүддесіне сай бастама

Жаннат Танабаева, облыстық «Азаматтық альянс» қауымдастығының атқарушы  директоры, «Мәңгі қазақ елі» ҚБ-ның төрайымы:

IMG-20220516-WA0009

– Алғашқы Конституция 1995 жылы 30 тамызда республикалық референдум өткізу арқылы қабылданған болатын. Енді, міне, араға 27 жыл салып, сол бір тарихи кезеңді тағы да бастан өткергелі отырмыз. Бұл референдумның басты ерекшелігі – Президенттің бастамасымен «Жаңа Қазақстан» құруға ұмтылыс, яғни  конституциялық реформалар аясында  саяси жүйенің жаңа трансформацияланған моделін қалыптастыру.

«Референдум бізге не береді?» деген сұрақ – қазіргі күннің маңызды мәселесі. Әлеуметтік желілерде неше түрлі пікір жазылуда.

Референдум мен сайлаудың аражігін ажырата алмай жүргендер де бар. Сондықтан бұл жерде азаматтардың Конституцияға енгізілетін 33 түзетудің қандай баптарды қамтитынын білуі маңызды. Референдумда саяси жүйені түбегейлі өзгерту, супер президенттік басқарудан күшті парламенті бар президенттік республикаға түпкілікті көшу, саяси партияларға мүмкіндіктер беру, Сенат пен Мәжілістің, мәслихаттың депутаттарын сайлауды саяси бәсекелестік негізінде жүргізу, жергілікті мемлекеттік басқару жүйесін қайта қарау, азаматтық қоғам институттарының рөлін күшейту, халықтың әлеуметтік, құқықтық жағынан қорғалуы және басқа да мәселелер  қаралады.

Конституциялық реформаларды халыққа түсіндіріп, жүктелген міндетті адал атқару – парыз. Жалпы, референдум Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізіп отырған саяси реформаларына деген азаматтардың ұстанымдарын күшейтуге бағытталған. Басты мақсат – халықтың арасында референдум өткізудің маңыздылығын ұғындыру. Сондықтан еліміз, жеріміз және болашағымыз үшін осы тарихи кезеңде жұдырықтай жұмылып жұмыс атқаруымыз керек.

Анна Мортовицкая, ардагер-педагог, Ақжайық ауданы:

IMG-20220516-WA0010

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздегі саяси жүйеге маңызды реформалар жүргізілетіні ашық айтылды. Сол айтылған сөз жерде қалмай, ҚХА сессиясында Ата Заңға енетін өзгерістерді жалпы халықтың таңдауына беріп, референдум өткізуді ұсынғаны бек құптарлық. Түсіне білгенге, бұл референдум – еліміздің келешегін, мемлекет басқарудағы соны серпілістердің бастауы. Сондықтан бұл саяси науқанның маңызына  тереңірек үңілгеніміз жөн. Негізі, бұған дейін де Конституциямыз талай мәрте өзгерді. Бірақ қарапайым халықтың ой-пікірімен ешкім санасқан емес, сұраған да емес. Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар Парламент қарауына ұсынылып, халық қалаулылары бірауыздан мақұлдай салатын-ды. Сондықтан әркім өзіне берілген мүмкіндікті тиімді пайдаланып, референдумға қатысып, өз таңдауымызды жасауымыз керек.

Мемлекетімізді басты заңына енгізілуге тиіс ұсыныстардың ішінде маңыздыларын атап өтер болсақ, ол – Қазақстан жері мен табиғи ресурстары мемлекетке емес, халыққа тиесілі, өлім жазасынан бас тарту, Президенттің туған-туыстарына басшылық қызметтерде жұмыс істеуге тыйым салу, заңдылықты қамтамасыз ететін жоғарғы тәуелсіз құрылым ретінде Конституциялық соттың құрылуы, Мәжіліс депутаттарының партиялық тізім мен бірмандатты округтер арқылы сайлануы, әкімдердің баламалы негізде сайлануы, сонымен қатар Президенттің ешқандай партия мүшесі болмауы. Қазір әлем күйіп тұр. Бұрынғы одақтас елдердің арасындағы қақтығыс, алпауыт елдердегі дағдарыс мемлекетімізге «салқынын» тигізбеуі мүлдем мүмкін емес. Қазақстанның әлемдік аренадан алған орнын әрі қарай нығайтып, елдегі тұрақтылық пен бірлікті сақтау үшін осындай қадамға баруымыз қажет.

«Конституциялық реформа биліктің өкілді тармағын айтарлықтай күшейтеді. Үйлесімді және теңгерімді жүйені нығайтады. Мәслихаттардың ықпалын арттырады», – деп Президентіміз айтқандай, референдум алдағы уақытта басқару үлгісіндегі олқылықтардан арылып, 30 жылдық өмір сабағынан қорытынды шығаруға бастайды. Сонымен қатар өткен кемшіліктерді түзетіп, пәрменді Парламенті және есеп беретін Үкіметі бар жаңа Қазақстанға  түбегейлі  көшуді көздейді.

Конституция – тәуелсіз дамудың, баршаға тең құқықтың кепілі ғана емес, демократиялық, құқықтық мемлекеттіліктің одан әрі беки түсуінде мығым заңдылық негіз болып қала бермек. Сондықтан тарихи шешім қабылдауда бірге болып, еліміздің құқықтық өміріндегі жасампаз жаңа дәуіріне бірге қадам басайық.

Самал Абуов, Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театрының режиссер-актері:

IMG-20220516-WA0008

– «Елу жылда ел жаңа» демекші,  елімізде ірі өзгерістердің болып жатқаны құптарлық іс. Таяу күндері Ата заңымыздың 3/1 бөлігіне өзгеріс енгізіліп, саяси реформа жасалмақ. Мұндай ігі істердің қазақ елінде тұратын әр азаматтың өміріне жақсы өзгеріс әкелетініне сенімім мол. Мәселен, Мәжіліс депутаты болу үшін партиялық тізімге ену шарт емес. Өзін-өзі ұсыну арқылы да Мәжіліс депутаты болуға болады.

Бұл – елдік мәселелерді шешіп жүрген біраз аза­маттың өз әлеуетін көрсетуіне  мүмкіндік  береді.

Ата заңымызға қатысты келешек өзгерістердің халықпен етене байланысты екені қуантады. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы ассамблеясының «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» атты ХХХІ сессиясында «Әзірленген түзетулердің тарихи маңызы бар. Біз мемлекеттігіміздің даму жолындағы жаңа кезеңге қадам басқалы тұрмыз», – деген сөздері халыққа  күш берді деп ойлаймын.

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале