9.04.2021, 9:47
Оқылды: 83

Үшінші ғарышкердің құттықтауы

Биыл 12 сәуірде адам баласының алғаш рет ғарышқа ұшқанына 60 жыл болады. Дәл осы күні Ю.Гагарин тұңғыш рет «Восток» ғарыш кемесімен 108 минутта жерді айнала ұшқан болатын. Атаулы күнге орай осы аптаның сәрсенбісінде ҚазИИТУ ғылыми-білім кешенінде ұйымдастырылған үлкен шараға қос мемлекеттің аталмыш сала бойынша ғалымдары мен Орал қаласындағы мектептердің оқушылары қатысты.

AF05394B-B3FE-4DAB-8F14-51131A1E4E47

Жиынды ҚазИИТУ ғылыми-білім кешенінің президенті және құрылтайшысы, ҚР ҰИА академигі Ақсерік Әйтімов ашып, әлемдік өркениеттің дамуындағы жаңа дәуірді ашқан Юрий Гагариннің ерлігі-
нің тарихи маңызына тоқталды.
Ол адамның ғарышқа ұшуы қазақ жерінен басталғандығына ерекше мақтаныш сезімін білдірді. Тарихқа көз жүгіртсек, ғарышқа адам баласын ұшырмас бұрын ғалымдар жылдар бойы тәжірибе жүргізген еді. 1957 жылы 3 қарашада «Спутник-2» ғарыш кемесімен космосқа аттанған ең алғаш тіршілік иесі Лайка есімді ит болды. Бірақ техникалық олқылықтардан бұл ұшырылым сәтсіз аяқталды. Мұнан кейін 1960 жылы Белка және Стрелка атты иттер орбитаға көтеріліп, аман-есен жерге қонды. Осыдан кейін барып Юрий Гагарин ғарышқа самғады. Ол 302 шақырым биіктікте жер шарын бір айналып шығып, адамзат арманын жүзеге асырды. Ал 1991 жылы 2 қазанда қазақ елі үшін тарихи оқиға жүзеге асты. Тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров Байқоңырдан «Союз ТМ-13» кемесімен ғарышқа жол тартты. Ғарыштағы «Мир» орбиталық кешенінде сегіз күн болып, биотехнология, металлургия, медицина салалары бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жерге оралды. Тоқтар ағадан соң тағы бір отандасымыз Талғат Мұсабаев космосқа үш рет ұшып, барлығы 342 күнін галактикада өткізіп, ғарышты зерттеуге елеулі үлес қосты.
Ал Айдын Айымбетов – үшінші қазақ ғарышкері. 2015 жылы 2 қыркүйекте «Союз ТМА 18М» экипажымен халықаралық ғарыш стансасына аттанып, 10 күн зерттеу жұмыстарын жүргізуге тікелей  атсалысты.

– Зымыранның ішінде адам қалықтап ұшып жүреді. Құлаған жағдайда қолды немесе аяқты сындырып аламын деп қорықпайсың. Қалықтап жүріп тамақтана аласыз, қасыңыздағы серігіңізді бір саусағыңызбен көтере аласыз. Бірақ ғарышқа кез келген адам ұша алмайды.  Кеңістікке шыққаннан кейін бір жарым сағаттан соң жүрек айни бастайды және бұл жағдай сағат сайын күшейе түседі. Қан қысымы өзгеріп, басыңыз, тіпті түгел денеңіз ауыра бастайды. Орбитада ғарышкерлер ғылыми бағдарламаны орындайды, тәжірибе жүргізеді, ғарыш техникасын сынайды және ол сынып қалса, жөндейді. Ғарышкерлер медицина, биотехнология, материалтану, астрономия, астрофизика секілді ғылымның әр түрлі салалары бойынша тәжірибе жасайды. Ғарышта сынақтар өткізгісі келетін ұйымдар өте көп. Біреу тірі ағзаларды тәжірибеден өткізсе, енді бірі  металды ерітеді, плазмамен жұмыс істейді.  Бұрын біздің кезімізде ғарышкер болу үшін
әскери ұшқыш мамандығы бойынша Мәскеу авиациялық институтын немесе Мәскеу мемлекеттік техникалық университетінде инженер мамандығы бойынша білім алу міндеттелетін. Енді ғарышқа ұшу үшін қабылданатын мамандықтардың тізімі кеңейді. Дәрігер, физик, биолог немесе геолог ғарышқа ұшуы мүмкін, бірақ ол маман ғарыштық техниканы жетік меңгеруі тиіс. Ғарышкерге қойылатын ең басты талап – денсаулығында кінәрат болмауы керек, – деді жиында сөз алған Ресей Федерациясының ұшқыш-космонавты Александр Лазуткин.

 Гүлім Ақап,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале