Теректі ауданындағы Подстепный ауылдық округі аумағында шегіртке тұқымдас зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізетін мекемелердің арнайы техникаларының дайындығы тексерілді.

Далада өткен кеңеске ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Сәкен Қаныбеков, облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов, мердігер компаниялар өкілдері, сала мамандары қатысты.

Іс-шара алдымен мердігер ұйымдардың химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуге арналған бүріккіш техникаларының жабдықталуы мен дайындығын көрсетумен басталды. Өйткені жұмыстың нәтижелі болуы осы техника түрлерінің әзірлігіне байланысты екені даусыз. Ауыл шаруашылығын дамыту үшін егістік алқаптарын, жайылымдарды, шабындықтарды түрлі зиянкес¬терден қорғау маңызды. Әсіресе үйірлі шегірткенің жаппай көбеюі ауыл шаруашылығы жерлері мен егістіктеріне үлкен қауіп төндіреді. Биыл өңірімізде 455 мың гектар жер зиянкестерге қарсы өңделеді. Оның ішінде республикалық бюджет есебінен үйірлі шегірткелерге қарсы 225 мың гектар, облыстық қазына қаржысына саяқ шегірткелерге қарсы 229,288 мың гектар жерді улау жоспарланған.

– Аудан және округ әкімдіктерімен жоспарланған іс-шараға сәйкес 440 анықтаушы белгіленеді. Олар шегірткенің шығуын бақылайды және оған мониторинг жүргізеді. Сонымен қатар облыстық штабқа хабар береді. Соған қарай қарекет жасалады. «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ БҚО филиалымен келісімшарт жасалып, бес айға ақылы түрде 32 анықтаушы жұмыс істейді. Шегірткенің ауа-райына қарай өсіп-өнетін не азаятын кезеңдері болады. Мысалға, 2024 жылы – 209 мың, 2025 жылы 540 мың гектар жер өңделді. Ал 2026 жылы 455 мың гектарды өңдеу көзделуде. Былтыр, биыл қанатты зиянкестердің көп таралғаны байқалып отыр. Шегірткелердің таралу циклі – 10-12 жыл. Алдағы жылдан бастап азаяды деп күтілуде, – деді Қалияр Айтмұхамбетов.
Химиялық өңдеуді жүргізушілерді анықтау мақсатында министрлік және облыс әкімдігі тарапынан тиісті мемлекеттік сатып алу рәсімдері өткізілді. Соның нәтижесінде төрт мердігер анықталды. Өңдеу жұмыстарына жалпы 58 арнайы техника тартылады. Мамырдың 25-інен кейін «Магтоксин» ЖШС 8 аэрозольді генератормен, ақтөбелік «ЗапКазФумигация» ЖШС 23 жер үсті желдеткіш бүріккішпен, алматылық «АгроСЛА» ЖШС екі жеңіл ұшақпен және «Фитосанитария» РМК БҚО филиалы алты ұшқышсыз ұшу аппаратпен өңдеуді бастайды. Былтыр тек үш агродрон болған. ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті БҚО аумақтық инспекциясының басшысы Ерлан Орынбаевтың түсіндіруінше, ондай аппаратпен жер өңдеу былтыр өңірде бірінші рет қолға алынған. Нәтижесі көңіл қанғаттандырады. «Өсімдік қорғау саласы бойынша өткен жылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қаражаты есебінен аса қауіпті зиянкестер мен ауруларға қарсы 36 мың гектар жер химиялық өңдеуден өтті. Биыл 24 мың гектарды химиялық өңдеуден өткізу жоспарланды. Салыстыра қарасақ, өңделетін жер көлемі бірден 12 мың гектарға азайды. Осының өзі жыл сайын химиялық өңдеу жұмыстарын уақтылы, дер кезінде жасаудың жақсы нәтижесі деуге болады», – деді Ерлан Құлатайұлы инспекцияның өткен жылғы жұмысы туралы.
Алматылық «АгроСЛА» ЖШС-ның авиациялық-химиялық жұмыстар саласындағы еңбек өтіліне 20 жыл толған. Осы жылдар иірімінде Қазақстанның жер өңдеуші компаниялары арасында көшбасшылар қатарына енген. Компания өкілі Берік Нұрғазин аталған компанияның жоспар бойынша Сырым, Теректі аудандарындағы 33 мың гектар жерді өңдейтінін айтты. Оған қажетті препараттар алынған. Жер өңдеу бір жеңіл ұшақ және дельтапланмен атқарылады.
Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасының айтуынша, министрлік өкілдері жылда химиялық өңдеу басталар алдында осындай іс-шараға қатысады. Өйткені үйірлі шегірткеге қарсы қарекеттерге министрлік жауапты. Сондықтан өңдеу жұмыстары басталарда мердігерлердің техникалық жарақтануын тексереді. Сондай миссия-міндетпен келіп, дайындық барысын көрген комитет төрағасы әкімдіктердің барлық шаруаны дер кезінде ұйымдастырған деп жоғары бағалады.
– Мердігерлердің дайындықтары тыңғылықты. 2025 және 2024 жылдары химиялық өңдеу жоғары деңгейде өтті. Соның нәтижесінде өңделетін жер көлемі азаюда. Қазіргі кезде агродрондарды пайдаланудамыз. 2024 жылы еліміз бойынша өңделетін жер көлемі 3 млн 100 мың гектар болса, биыл 2 млн 200 мың гектарды құрады. Бұл көрсеткіштердің төмендеуі – мемлекеттің уақтылы берген қаражатының, мердігерлердің жауапкершілігінің және министрліктің шегірткеге қарсы күрес шараларын жаңаша ұйымдастыруының нәтижесі. Біріншіден, өңдеу жұмыстары жоспарын 100 гектардан деп есептейтінбіз. Оны 70 гектар деп өзгерттік. Өңдеудің тиімділігін 85%-дан 90%-ға көтердік. Бұған дейін химиялық улау жұмыстарына және қажетті препаратты жеткізушілерге екі бөлек тендер ұйымдастырылатын. Енді осы екі тендер біріктірілді. Соның арқасында жауапкершілік бір мердігерден сұралады. Мердігерлер қажетті химиялық заттарымен, техникасымен, адам күшімен келіп, міндеттерін атқарады. Биыл шегіртке азаяр деп отырмыз, – деді Сәкен Қаныбеков.
Төраға жиналған қауымға мемлекет тарапынан химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуге барлық жағдай жасалғанын, ендігі міндет шаруаны уақтылы әрі сапалы орындау екенін айтып, алдағы қызу науқанға сәттілік тіледі.
Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,
«Орал өңірі»