10.10.2022, 9:45
Оқылды: 354

За обслуживание» заңды ма? - «За обслуживание» заңсыз!

Нұрсәлима Имашева, Орал қаласы:

- Басқа қалаларда да солай ма, білмеймін. Әйтеуір Оралдағы кейбір асхана, кафе-мейрамханаларда ішер тамағыңызға ақы төлеген чекте, «за обслуживание – 10%» деп жазулы тұрады. Ел-жұрт жаппай тамақтанатын нысандардың осы іс-әрекеті заңды ма? Меніңше, заңсыз. Себебі біз онсыз да алған тамағымыз үшін ақы төлейміз ғой...

IMG-20221010-WA0001

Фото дереккөзі: wfin.kz

Эльмира Қиматова, облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау

департаментінің басшысы:  

WhatsApp Image 2022-09-16 at 08.20.03

– Қоғамдық тамақтанатын орындардың тұтынушылардан «за обслуживание» деп 10% ақша ұстауы мүлде дұрыс емес. Себебі қоғамдық тамақтану нысандарының өзі халыққа қызмет көрсету үшін ашылған. Олар тұтынушыларға өздері дайындаған ас-ауқатты ұсынады. Ал көпшілік кафе-мейрамханаға тамақтану үшін барады. Сондықтан олардың қызмет көрсеткендері үшін бөлек ақша алуы  тұтынушының құқығын бұзу болып табылады. Мысалы, шаштаразға шаш қидыруға барғанда шаш қию үлгісіне деп әрі шашты қиып бергені үшін жеке-жеке ақы алмайды. Сол сияқты дүкен сатушысы тауарға төлеген ақшамен қоса, қызмет көрсеткеніне ақы сұрамайды. Сондықтан асхана, кафе-мейрамхана иелерінің  «за обслуживание» үшін 10% ұстауы – тұтынушылардың, азаматтардың құқын бұзу деген сөз. Егер қоғамдық тамақтану орындарының иелері дайындап берген тағамдарының бағасы мекеменің шығынын жаппайды деп есептесе, тағамның құнын толық есептеулері керек. Ол үшін пайдаланған өнімдермен қатар, коммуналдық шығындарды, аспаздардың қызметін де қосады. Ал тамақты үстелге жеткізіп бергені үшін ақы алу дұрыс емес.

Қоғамдық тамақтану орындарындағы мұндай келеңсіздікпен қалай күресуге болады? Ешбір мемлекеттік құрылым бизнес өкілдеріне: «Сіздердің қызмет көрсеткендеріңіз үшін тұтынушылардан 10 пайыз ұстауларыңыз дұрыс емес. Ақшаларын қайтарып беріңіздер» деп айта алмайды. Бұл мәселені тек сот  төрелігіне жүгіну арқылы шешуге болады. Облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне «Біз барған тамақтану орны қызмет көрсеткендері үшін 10 пайыз ұстап қалды. Бұл дұрыс па? Заңсыз болса, ақшамызды қалай қайтарып алуға болады?» деп сұрап, хабарласатындар бар.  Біз оларды департаментке шақырып, мәселені сот арқылы шешуге көмектесетінімізді айтамыз. Алайда тұрғындар соттың атын естігенде бірден бас тартады. Бірақ ескере кететін бір жайт,  «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңның 5-бабы бойынша,  уәкілетті құрылым  (орган), яғни мемлекеттік мекеме бір мәселе бойынша құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған оннан астам тұтынушының  құқықтарын сот арқылы қорғай алады. Яғни егер біздің департаментке оннан астам тұтынушы келіп, құқықтарын бұзған асхана, кафе-ресторанның үстінен бірге шағым айтса, мәселені шешуге көмектесуге болады. Алайда адамдар тап осы мәселе бойынша сотқа шағымданғысы келмейді. Тұтынушылардың құқығын бұзатын бизнес өкілдерінің бұл іс-әрекеті олардың заңды білмеуі ме, әлде біле тұра, әдейі істей ме, ол жағын кесіп айту қиын. Бірақ  мұндай жағдай тек Оралда орын алып отырған жоқ. Жалпы елімізде бұл мәселені сот арқылы шешуге ешкім тырысып көрмепті.

Негізі, әр адамның кафе-мейрамханадан тек бір кесе шай ішуге, әлде бірнеше мың теңгеге ауқаттануға құқығы бар. Яғни тұтынушы не ішіп-жейтінін өзі таңдайды. ҚР Азаматтық кодексі мен «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңда «тұтынушының құқығын шектеп, оған  қажет емес мөлшердегі тауарларды сатып алуға міндеттеуге ешкімнің құқы жоқ» деген қағида бар.

Айта кету керек, бизнес нысандары тұрғындар тауар сатып алғаннан кейін немесе оларға қызмет көрсеткен соң (шаштараз, сатушы) түбіртек (чек) берулері керек. Егер фискалдық чек болмаса, тауарлық чек беруге міндетті. Тұрғындардың  түбіртекті  сұрауына құқылы. Егер олар чек бермесе, тұтынушылар мемлекеттік кірістер департаментіне шағымдана алады. Ал базарлардағы сатушылар фискалдық чек бере алмаса, тауарлық чек беруге міндетті.

Ясипа Рабаева,

 zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале