12.10.2021, 9:24
Оқылды: 189

Жазушы жастарға не айтты?

Осыдан біразырақ күн бұрын Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің  студенттері жазушы-журналист Бауыржан Ғұбайдуллинмен кездесті. Университет кітапханасы жанындағы  «Парасат» ақпараттық білім беру орталығы  ұйымдастырған  жүздесуде жастар әуелі алдын ала  дайындалған  бейнебаяннан  қаламгердің  шығармашылығына қатысты біраз мағлұмат алды. Сосын кездесуді жүргізген университеттің ақпараттық жұмыс басқармасының басшысы Болатбек Сахиев  сөз  тізгінін қонақтың өзіне берді. Өз кезегінде жастармен жүздесуге жағдай жасағаны үшін БҚАТУ  басшылығына  ризашылығын  білдірген Бауыржан Файзоллаұлы қазіргі заманғы  ең  көкейкесті мәселелер бойынша қадау-қадау ойларын ортаға салды. Солардың бірқатарын біз бүгін оқырман назарына ұсынып отырмыз. 

E3D4DAA8-77A8-427F-93A3-7605758ADCAE

– Қазіргі  жастар кітап оқымайды, көркем әдебиетті жылы жауып қойды. Есіл-дерттері смартфон арқылы әлеуметтік желіге ауған деген пікірді мен жиі естимін. Бірақ бүгін бір қауым елдей болып менімен кездесуге келіп отырған студент қауымға бек рақмет! Сөйте тұра, жаңағы «Жастар кітап оқымайды, көркем әдебиетке мойын бұрмайды» деген пікір әсте ақиқаттан алыс емес. Бүгіндері жастардың дені кітап оқымайтындығы рас. Ал енді көркем әдебиеттен іргесін аулақ салған адамның өте көп нәрседен мақұрым қалатыны, дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Мен бұл бағытта сіздерге өз тарапымнан көл-көсір ақыл айтпай, күллі адамзаттық деңгейдегі кейбір ақыл-ой алыптарының кейбір афоризмдерін ғана тілге тиек етейін:

ХVIII ғасырда өмір сүрген француз философы Дени Дидро «Кітап  оқуды доғарған  адам ойланудан қалады» деген екен. Шынында да, кітап оқымайтын адамның интеллектуалдық өресі тек қарнының тоқтығы мен көйлегінің көктігін ойлауға ғана жететіндігіне сіздер де келісетін шығарсыздар.

Орыс драматургі Андрей Битов «Егер адам өмірінен, адамзат қоғамынан әдебиет пен өнерді алып тастаса, онда тек ақшаның шықыры мен зеңбіректің гүрсілі ғана қалады».

Неміс ақыны Генрих Гейне «Кітаптар өртелген жерде күндердің күнінде адамдар да өртелетін болады».

Тек қазіргі заманғы қазақ жазба сөз өнерінің ғана емес, бүкіл әлем әдебиетінің алыбы деуге лайық тұлға Әбіш Кекілбаев: «Адамды адам қылған – кітап, адамзат қылып қалыптастырған – кітапхана».

Максим Горький «Мен кітаптан көп нәрсе алдым» десе, ал көзі тірі кезінде классик ретінде мойындалған, өзі арамызда жер басып жүргенде абыз атанып, жер бетіндегі сапары аяқталысымен аңызға айналған Қадыр Мырза Әли «Мен де кітаптан өте көп нәрсе алдым» деген екен. Міне, кітапқа қатысты, көркем әдебиетке қатысты осы біразырақ қанатты сөздердің, афоризмдердің өзі сіздердің кітап оқуға ынта-ықыластарыңызды, құлшыныстарыңызды арттыруға жеткілікті деп ойлаймын.

> Мен сендердің өздерің қалаған мамандықтарыңды тыңғылықты меңгеріп қана қоймай, сонымен қатар саяси тұрғыдан өте сауатты болғандарыңды қалаймын. Бар болғаны осыдан 30 жыл бұрын ғана тәуелсіздікке ие болған жас мемлекетімізді, жалғыз Отанымызды қай-қай жағынан да ілгерілету, өркендету күні ертең сендерге жүктеледі. Осындай ұлы тарихи міндет-миссияға бүгіннен бастап қамдана бергендеріңіз ләзім.

> Тәуелсіздік алып, шекараны шегендедік дегенімізбен, мұнымен іс біржола бітпейтіндігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Кейде маған халықаралық саясатты айқындайтын әлемнің көшбасшы мемлекеттері дүние бөлісті, жер бөлісті қайтадан бастап жібергендей көрінеді. Бұл уәжге Ирактағы, Сириядағы, Ливиядағы жағдайларды мысал ретінде айтуға болады. Қазіргі кезде Ауғанстандағы ахуал да өте күрделі сипат алып отыр. Алысқа бармай-ақ, күні кешеге дейін КСРО-ның құрамында бірге болған Украина мен Ресейдің арасы соңғы жылдары қатты шиеленісіп кетті. Түп-тамыры мен тарихы, діні мен ділі, түрі мен тілі бір, туған бауыр, бір үйдің егіз баласы дейтіндей Украина мен Ресей бүгіндері қырғи-қабақ соғыс жағдайында. Осының өзі елдің тәуелсіздігі үшін күрес тәуелсіздік алғанша екендігін, соның өзі пәленбай жылға, талай ғасырға созылуы әбден ықтималдығын көрсетеді. Ал қол жеткен ұлы мәртебелі Тәуелсіздікті нығайта түсу, біржола баянды ету – бұл  мәңгі күрес, мәңгі майдан! Міне, осындай ұлт үшін ұлы құндылықтардан сіздер, студенттер қазірден бастап хабардар болуға тиіссіңдер. Мұндай ұлы құндылықтар сендердің өмірлеріңнің ғұмырлық мән-маңызына  айналуы шарт.

Қазақтың даласы кең байтақ. Территориясының кеңдігі жөнінен біздің Отанымыз әлемде алғашқы ондыққа енетіндігін, бұл мәселе бойынша тоғызыншы орында екендігімізді сендер біледі деп ойлаймын. Бірақ даламыздың осы  ұлан байтақтығына қазақтың қазіргі саны сәйкес емес. Жеріміз ұлан-ғайыр болғанымен, біз ат төбеліндей аз ғана халықпыз. Бұрынғылар «Бос жатқан жер жау шақырады» деп тектен-тек, жайдан-жай айтпаған. Әбден көзі жетіп, аузы күйгесін, басына тигесін айтқан. Осындай Ұлы даланы ұрпағына қалдыру үшін бүкіл ғұмырын аттан түспей, жаугершілікпен өткізген ата-бабамыз ен даланың елге, қазаққа толуын армандаған. Демек, ұлтымыздың жарқын болашағы үшін демографиялық дүмпу жасауды сендер ата-бабамыздың қасиетті аманаты, қастер-лі өсиеті деп түсінуге тиіссіңдер, айналайындар!

BCD9A8C6-9A99-48A0-B297-2013CB105946

> Мемлекет қоғамдық-саяси тұрғыдан да, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан да өзінен-өзі бәсекеге қабілетті бола салмайды. Елдің халықаралық ауқымда бәсекеге бек қабілетті болуы оның халқына, әсіресе, жастардың елжандылығына, отансүйгіштігіне, сана-се-зіміне, білім-білігіне және еңбекқорлығына тығыз байланысты. Осы орайда екпін түсіріп, астын сызып айтар маңызды мәселенің бірі – озық  технологияларды уақтылы меңгеру де бәсекеге қабілеттіліктің басты шарты. Сонымен қатар мен мына факторды баса айтқым келеді: Өз тізгініміз өз қолымызға тиген 30 жылдың ішінде қол жеткізген барлық жақсылыққа біз Елбасының өзі ұйытқы болған қазақстандық қоғамдағы ұлтаралық жарасымсыйластық және дінаралық татулық-түсіністік арқылы қол жеткіздік. Бұл жасампаз формуладан біз алдағы уақытта да айнымауға тиіспіз.

> Жаңа ғана менің «Кие», «Бір түнгі жалғыздық» және «Биленбеген вальс» атты шығармаларым туралы әңгіме өрбіттіңіздер.

«Биленбеген вальс» – ғашықтық, сүйіспеншілік тақырыбында жазылған дүние. Сірә, мәңгілік тақырып – махаббатқа арналғандықтан болса керек, үшбу әңгіменің жастарға ерекше ұнайтындығын, оның кейіпкерлерінің тағдырына оқырман қыз-жігіттердің бей-жай қарай алмайтынын мен әрине, жазушы ретінде сеземін. Ал кейбір оқырмандарымның әлеуметтік желі арқылы хабарласып, «Биленбеген вальстегі» басты кейіпкеріңіз Бақытжан әскерден оралғасын Гүлдәуренді тапты ма, жолықты ма, тапса, жолықса, екеуі қосылды ма?» деп сұрағаны да бар. Тіпті осы әңгіменің әсерімен «Биленбеген вальс» деген ән шыққандығын мен өзім жақында естідім. Бұл әннің әуенін Орынбек деген жас ақын, ал өлеңін әрі жазба, әрі айтыс ақыны ретінде ерте танылған Талғат Мықи жазған екен. «Биленбеген вальсті» сіздер қазір өздеріңіз сияқты студент Әділ Ахметовтың орындауында тыңдайсыздар...

> Ендігі кезекте «Кие» мен «Бір түнгі жалғыздыққа» келер болсақ, бұлар менің ересектерге арнап жазған алғашқы әңгімелерім. «Бір түнгі жалғыздық» адам баласын, тұтастай алғанда бүкіл адамзатты табиғаттың заңдылықтарымен үндесіп, жарасым тауып өмір сүруге, тіршілік етуге үндейді. Жеме-жемге келгенде экологиялық мәдениет – болуы  әбден ықтимал ақырзаманды кейін шегіндіретін, әріге шегере түсетін жалғыз амал, жалқы тәсіл.

«Киенің» басты тақырыбы әйел затын әдейі жасанды түсік, яғни аборт жасатудан сақтандыру. Рас, дәрігерлер кейде әйел-ананың өмірін сақтап қалу үшін аборт жасайды. Мұндай әрекет басқа амалдың жоқтығынан баратын мәжбүрлік жағдай. Ал енді тұлабойына біткен бөбегін, перзентін әйелдің өз ықтиярымен алдырып тастауы, бұл барлық іргелі, дәстүрлі дін атаулыда адам өлтірумен пара-пар өте ауыр күнә саналады. Бүгінгі бойжеткен – ертеңгі ана. Әлгіндей ойсыз әрекеттен, өте ауыр күнәдан аулақ болыңдар, айналайындар.

Жігіттер де өз кезегінде қыздарды жылатпауы шарт. Қазақтың қызы – қазақ жігітінің қарындасы. Демек, қазақ қызының жыламауына ең бірінші кезекте қазақтың жігіті мүдделілік танытуы тиіс. Қыз баланың наласы, қыз баланың жазықсыз төгілген көз жасы ерте ме, кеш пе, ешкімді де жазасыз қалдыр-майды. Қыз балаға, бейкүнә бойжеткенге жасалған қиянат Жаратқан иемізге мүлдем жақпайтын әрекет екендігін ескеріп жүріңдер, естен шығармаңдар,  жігіттер!

Соңғы жылдары жастар арасында үйленер-үйленбестен ажырасу үдеп барады. Бұл керітартпа көрініс менің ойымша, халықты да, билікті де ойландыруы тиіс. Қол ұстасып, қолтықтасып, жолға шықпас бұрын, шаңырақ көтеріп, отау құрмас бұрын негізгі мәселелер бойынша пікірлеріңіз бірдей ме немесе  ең болмаса ұқсас па, іргелі дүниетанымдық көзқарастарыңыз сәйкес пе, міне, осыған түпкілікті көз жеткізіп алсаңдар жөн болар еді.

Француз жазушысы Антуан де Сент-Экзюпери «Махаббат дегеніміз, қыз бен жігіттің ғашық болуы дегеніміз, екеуінің бірі-біріне қарауы емес, екеуінің бір бағытқа қарауы» депті.  Өз еріктерімен тағдырларын бір арнаға тоғыстырған жас жұбайлардың арман-тілегі, мұрат-мақсаты бір болса ғана ақ некенің берік болары  анық.

Ұлтымыздың ұлы қаламгері Мұхтар Әуезовтің «Отбасы өнегелі болса, Отан кемел болады» деген ғибратты сөзі бар. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, бүгін менімен кездесуге келген әр жігіттің күні ертең бақытты отбасының отағасы болуына, ал әр бойжеткеннің өзі тұрмысқа шыққан ер жігіттің шаңырағының шамшырағына, шаттығына айналуына тілектеспін!

Әрдайым жақсылықта жолығайық!

Шамшырақ Есенғалиева, БҚАТУ-дың І курс студенті:

шамшырак

 

 

– Жалпы,  бұл жүздесу мен үшін есте қаларлықтай болды. Бауыржан Ғұбайдуллиннің өмір жолымен танысып қана қоймай, оның «Биленбеген вальс», «Кие», «Бір түнгі жалғыздық» тағы да басқа әңгімелерінің жазылу мақсаты мен  тарихын тыңдап, бас редактордың жазушылық қабілетіне одан бетер қызыға түстім. Кездесу барысында жазушы-журналист тек өзінің өмірі мен шығармашылығы жайында ғана емес, жалпы елдік, ғаламдық мәселелер жөнінде, сондай-ақ әдебиет туралы да керемет әңгіме өрбітті. Жазушымен жүздескен екі сағатымыз көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Университет табалдырығын биыл аттаған, студенттік өмірге енді үйренісіп жатқан жас буын үшін бұл өте әсерлі, тәрбиелік мәні айтулы  іс-шара болды. Осы ретте шараны ұйымдастырған университетіміздің «Парасат» ақпараттық білім беру орталығына да ризашылығымды білдіргім келеді. Кездесу соңында Бауыржан ағаның ізбасар інілерінің өлеңі мен әсем әнін тыңдап, естелік суретке түстік.

Әнуар Айдынғали, БҚАТУ-дың І курс студенті:

WhatsApp Image 2021-10-12 at 09.08.11 (1)

– «Бір түнгі жалғыздықта» жазушы біздің заманымызға тән өте күрделі рухани-экологиялық мәселелерді аталмыш әңгіменің басты кейіпкері орманшы-қорықшы Әбіл қарт арқылы береді. Ормандағы өз үйінде бір түнге ғана жалғыз қалған қарияның ойлары арқылы өзің де тәубеге келіп, сабаңа түскендей боласың...

«Біз өзімізді өзіміз, яғни адамды, адамзатты ең жоғары сатыдағы ақыл-ой иесі санаймыз. Ал шынымен солай болса, адам баласы неге әлі күнге дейін бірі-біріне қару кезеніп, мемлекеттер бірі-бірімен соғысып, бірінің халқын бірі қырып-жоюға құмар? Неге адам баласы ғана табиғатқа орасан зор экологиялық нұқсан келтіруге «қабілетті»? Мұндай көрсоқырлық өзге жан иесі – бірде-бір хайуанаттың миына кіріп те шықпайды. Жер бетінің ала-топалаңын шығарғаны аздай, адам баласы енді ғарышқа, өзге ғаламшарға қоныс аударуды көздейді екен. Ал адамның жүрген жері белгілі ғой... Осы өркениет деп өрекпіп жүргеніміздің шыңы – адамзаттың өміріне қойылатын соңғы нүкте емес пе екен?..»

Енді төрелігін өзіңіз айтыңыз, әлгіндей ойлар Әбіл қартты ғана мазалауы тиіс пе?.. «Бір түнгі жалғыздықты» оқыған адам қоршаған ортаның ең қымбат қазына екендігін түсінеді.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале