28.07.2026, 11:00
Оқылды: 8

Дала еңбегі жемісті: Бәйтеректе гектарынан 70 центнерден астық жиналды

БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллин жұмыс сапарымен Бәйтерек ауданына келіп, дала еңбеккерлерінің бүгінгі тыныс-тіршілігімен, егін жинау науқанының барысымен танысты.

ЖП, дала, Бәйтерек

​Аудан әкімі Марат Тоқжанов пен салалық бөлім басшылары бар топ ең әуелі Сұлукөл ауылдық округінде орналасқан өңірдегі іргелі құрылымдардың бірі — «АгроСервисБатыс» ЖШС-ның егістік алқабына аялдады.

- Мемлекет басшысының агроөнеркәсіпті, соның ішінде өсімдік шаруашылығын дамыту тапсырмасы Бәйтерек ауданында нақты іспен дәлелденуде. Соңғы төрт жылда ауданымыздың егіс көлемі 40 мың гектарға өсіп, биыл рекордтық 267,1 мың гектарға жетті. Бүгінде ауданда күздік дақылдарды жинау қарқынды жүріп жатыр. Орташа өнімділік гектарына 40 центнерді құрауда. Біз келіп тұрған «БатысАгроСервис» ЖШС гектарынан орта есеппен 70 центнерден астық жинап, өңір бойынша абсолютті рекорд орнатып отыр. Сонымен қатар «Асан Ауыл», «Раздольное», «Хаминское» және «Заман» серіктестіктері де гектарына 35–40 центнерден астам өнім алуда.

ЖП, дала, Бәйтерек

Теория мен практиканы ұштастырып, үнемі тың эксперименттерге баратын серіктестікке жетекшілік жасап отырған Армат Бисенов сияқты азаматтар өз тәжірибесін, жаңа идеяларын ешқашан жасырмай, әлеуметтік желіде де, іс жүзінде де әріптестерімен бөлісіп отырады. Бұрын «ауылға жастар бармайды» деуші едік, бүгін керісінше, жастарымыздың маңдай төгіп, нанын тауып жүргені — үлкен мақтаныш. Бұрындары басқа шаруашылықтар 15-20 центнерден өнім жинап жатқанда, Армат Ғимаранұлының берген есебінен «4» деген санды көріп, «бұл қалай болғаны?» деп таңғалғаным бар еді. Кейін өзінен сұрасам, өнімді гектарына центнермен емес, тоннамен есептейтін жаңа әдіске көшкен екен! Бұл да болса заманауи көзқарастың көрінісі, - деді Марат Лұқпанұлы.

​Айта кетейік, «АгроСервисБатыстың» иелігінде 8 мың гектардан астам жер телімі бар. Мұнда дәстүрлі астық тұқымдастарынан бөлек, нарық сұранысына ие майлы және бұршақ тұқымдас дақылдарды өсіру ісі жоғары деңгейде жолға қойылған. Өткен жылы 5 мың гектардан астам алқаптан өнім жиналып, күздік бидай, күнбағыс, ноқат пен жасымықтан мол астық қамбаға түскен еді. Ал биыл 4,7 мыңнан астам гектар алқапқа егіс егілген. Оның 1169 гектары күздік бидай. Қуатты «John Deere» комбайндары мен заманауи «PLA» бүріккіштері сияқты озық техниканы тізгіндеген 32 тұрақты жұмысшының маңдай тері бүгінде өз жемісін беруде.

​Жұмыс сапары одан әрі Бейбітшілік ауылындағы іргелі құрылымдардың бірі — «Асан Ауыл» ЖШС алқабында жалғасты. 1999 жылы құрылған бұл серіктестік қарамағында 13,4 мың гектардан астам жер телімі бар. Былтыр 12,7 мың гектардан астам егістік алқабы игеріліп, күздік және жаздық бидай, арпа, күнбағыс пен мал азықтық дақылдардан мол өнім жиналған болатын. Ал биыл егіс көлемі 10,8 мың гектарды құрап, мұнда күздік бидай аумағы 2 мың гектардан асты. Сондай-ақ тары, мақсары, арпа және күнбағыс сияқты әртүрлі дақылдар бапталған. Шаруашылықтың техникалық паркі де толықтай жаңартылған. Мұнда 10 қуатты трактор (оның ішінде 6 «John Deere», «К-700» т.б.) мен 14 астық жинау комбайны саптық әзірлікте. Құрылымда 38 жергілікті тұрғын тұрақты еңбек етіп жүр.

ЖП, дала, Бәйтерек

​​—Жер-ана күтімді, ал дала науқаны ұйымшылдықты сүйеді. Біз жыл сайын ауа райының тосын мінезіне қарамастан, өз міндетімізге ыждағаттылықпен қараймыз. Техникалық паркіміз дайын, механизаторларымыздың тәжірибесі жеткілікті. Ең бастысы — өнімді шашпай-бөкпей, сапалы түрде қамбаға құйып алғанға дейін ұжым болып жұмыла еңбек етеміз. Жерге салған әрбір дән — халықтың несібесі, сондықтан ел игілігі үшін атқарылар жұмыста босаңсуға қақымыз жоқ, - деді көп жылғы мол тәжірибесі бар, жердің бабын беске білетін шаруашылық басшысы Бейбіт  Асанов.

ЖП, дала, Бәйтерек

Бәйтеректегі астықты алқапты аралап, дала еңбеккерлерінің қарқынды жұмысына куә болған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы шаруалардың еңбегіне жоғары баға берді. «Облысымыздағы іргелі шаруашылықтардың тыныс-тіршілігімен танысып, алқап аралау барысында ерекше әсерде болдық, - деді Жасұлан Жолдыбайұлы.

- Бұл серіктестіктердің әлеуеті бізге бұрыннан таныс. Биыл ауа райы қолайлы болып, күздік бидайдан жақсы өнім алынуда. Жаздық бидай көлемі де өткен жылдарғы көрсеткіштен асып түседі деген сенімдеміз. Төгілген маңдай тердің нәтижесі ақталып, науқанды жоғары көрсеткішпен түйіндеуге тілектеспін!»

 

Салтанат Зұлқарнаева,

Бәйтерек ауданы

ЖП, дала, Бәйтерек

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале