29.04.2022, 10:00
Оқылды: 86

Абырой биігіндегі нәзік иықтылар

Ақжайық ауданы Алмалыда өткен ауқымды шара осы округті 1999-2010 жылдары басқарған Күләш Өтеулінің мерейлі 70 жасқа толуына арналды. Еліміз үшін ауыр кезеңде ер-азаматтармен бірге білек сыбанып, ауыл әкімі қызметін атқарған Күләш Сұлтангерейқызы – халықпен етене жұмыстың анық үлгісін көрсете білген жан.

28

Ардагерді құттықтауға арнайы келген Ақжайық ауданының әкімі Қалияр Айтмұхамбетов облыс әкімі Ғ.Есқалиев пен өзінің алғысхатын табыстап, иығына камзол жапты. Ғибраты мол жүздесуде мемлекеттік қызметтегі ұстазының талапшылдығымен қатар адамгершілігі, ұлтжандылығы жөнінде оның ізбасары Жарқынғали Ахметов, замандастары, бірге қызметте болған әріптестері айтты.

Ардагердің жылы естеліктермен өрілген кеште ғибартқа толы еңбек жолы, өнегелі өмірі ұлықталды. Тайпақ жұмысшылар кооперациясына сатушы болып келген аққұба бойжеткеннің жанарынан сол кездің өзінде-ақ жігер байқалатын. Сол жігер, еңбекке ынтызарлық жас қызды шарболаттай шыңдап, абырой биігіне көтерді. Халықтың сеніміне ие болған нәзік иықты ауылдық және аудандық кеңестің депутаты болды, «Сауда озаты» белгісін кеудесіне тақты.

Уақытпен санаспай атқарған істері бағаланып, басшылық жұмысқа тартылды. Күләш Сұлтангерейқызының талап қоя білетін табандылығы, ұйымдастырушылығы Котельная жұмысшылар кооперация басқарма бастығы қызметінде болған кезде анық көрінді. Шашыраңқы дүкендердің басын біріктіріп, пайдасын еселету мақсатында ұжымдық бақша салып, еңбекке жұмылдырды. Осылай ауыл дүкендерінен көкөніс, картоп, жеміс-жидек арылмады.

Тоқырау кезеңінде шаш-етек шаруа қадам бастырмайтын. Ауқымды істерді былай қойғанда, халыққа азық-түлік тауып берудің өзі мұң еді. Қиын тұста ел басқару бұйырған нәзік жанды әркез жұртының тұрмысын түгендейтін, қолдан келер жұмысты сол жерде үйлестіретін. Мұның өзі – жай жақсы атақ үшін емес, шын жүрегінен шыққан қамқорлық. Өзге әріптестеріне халықпен жұмыс жасаудың үлгісін әрдайым іспен көрсетті.

К.Өтеулінің ерекше бір қыры – ол округ әкімі ретінде халықтың ахуалын жақсартып, ризығын молайтуға ғана емес, тұрғындардың рухани жаңаруына да ықпал еткен жан. Жұмыссыздықты сылтау етіп, арақ, картаға басы айналғандарды ақсақалдармен, әйелдер кеңесімен, үлгі етерлік жастармен бірлесіп, түзу жолға сала білді, жаппай еңбекке бағыттады. Соның жемісін қазір де көруге болады. Алмалыда жаз айларында көшеде қолы бос сенделіп жүрген адамды жолықтыру мүмкін емес, ес білгеннің бәрі қарбызымен әйгілі бақша басында.

Кеш иесі жерлестерінің өзіне көрсеткен ықыласына зор ризашылығын білдіріп, ауылдастарының әрқайсысы жүрегінің төрінен орын алғанын тебірене толғады.

– Бүгін айтылған ақжарма тілектердің бәрі бір ғана менің еңбегім деп білсеңдер, қате. Бір адамдай жұмылған күллі алмалылықтардың еңбегінің нәтижесі, ел көмектесті. Қанша алғыр басшы болмасын, ауылдастары қолдамай, істің қиюын келтіру әсте мүмкін емес. Қолдауларыңыз, құрметтеріңіз үшін алғысым зор, – деді ардақты ардагер.

Шара концертпен жалғасты.

***

Есенсай ауылында сонымен қатар еңбек ардагері, осындағы  ардагерлер кеңесінің төрайымы Мерует Қауымбаева 80 жасқа толуына арналған тағылымды шара өткізілді.

Кездесуге қатысқан аудан әкімі аппаратының басшысы Рауан Рахметуллин ұзақ жылдар бойы ұстаздық қызметті абыройлы атқарып, қазіргі таңда ауданның қоғамдық-мәдени шараларына белсене атсалысып жүрген мерейтой иесі Мерует Өтегенқызына облыс және аудан әкімдерінің құттықтау хаттарын табыстап, ізгі тілегін білдірді.

Сонымен қатар Есенсай ауылдық округінің әкімі Ілияс Баймұратов, кеш иесінің үзеңгілес достары мен замандастары өз құттықтауларын арнады.

Әлия Шарапиева,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале