8.05.2021, 13:29
Оқылды: 165

Аға буын өткен асулар

Пятимар жылқы заводының немесе Пятимар ауылдық округінің 90 жылдық тарихынан соғысқа дейін естігенімді, соғыс біткесін көргенімді баяндайын, ойда қалған естеліктер жайлы сыр шертейін деп әрі кейінгі жастарға аманат ету мақсатында қолыма қалам алдым. Біз ежелден-ақ кең байтақ жерді мекендеп, ұланғайыр атырапқа иелік еткен халықпыз. Дегенмен де аумалы-төкпелі заманда кейбір жерлерге басқа халық өкілдері қоныстанды.

20210508_132808

Пятимар жерін үлкендердің айтуынша, бір кездері қалмақтар мекен еткен екен. Оның бұрынғы атауы «Бесқалмақ» атануы содан қалған дейді. Қабыршақты өзенінің бойында болғандықтан біздің жер сазды, ылғалды, сортаң келеді. Көшім өзенінде құстардан: аққу, қаз, үйрек, суда: сазан балық, шортан, табан, жайын секілді балықтар бар. Қамыс пен құрақ ішінде аңдардан: қабан, түлкі, қоян, қасқырлар мекендейді.

Пятимар кеңшарының құрылып, жұмыс істеуі 1931 жылы 1 наурызда басталды. 1931 жылы алғашқы директор Козицки Гусаревтің бұйрығымен №51-ші жылқы кеңшарының директор міндетін атқарған Әбілхайыр Жұбанышев 1943 жылы №28 жылқы заводы қазіргі «Талдыапан» бөлініп шыққан. Ал Пятимарда Андрей Степанович Борисов 1943 жылдан 1969 жылға дейін, яғни зейнетке шыққанша жұмыс істеген. 1969-1972 жылдары Кәрім Валиев, 1972-1982 жылдары Бейсенбі Губашев, 1982-1990 жылдары Мүсір Айтасов, 1990-1993 жылдары Марат Қоспаев, 1993-1996 жылдары кеңшар тарағанға дейін Мәлік Еркеғұлов және Жұмахмет Мұқанов басшылық етті. 1934-1940 жылдары асылтұқымды айғырлар, 1941-1945 жылдары «Дон» және «Буденный» тұқымдас айғырлар әкелініп, жылқы тұқымы асылдандырылды.

Пятимар халқы соғыс жылдарында орасан зор қиындыққа қарамастан қажырлы еңбек етті. Еңкейген кәріден, бойы өсіп, бұғанасы қатпаған балалар да, үй шаруасындағы әйелдер де майданға кеткендердің орнына пішен шауып, жер жыртып, мал бақты. Кеште майдандағыларға киім-кешек дайындады. 1941-1945 жылдары Маршаль Буденный Пятимарға өзі келіп, майданға жылқы малын көбейту мақсатында Алғайға пойызбен 500-ден астам жылқы тиеткен.

Сол кезде жылқышылар Дошман Тәжиев, Қоңырша Өтеғұлов, Нұрхат Байтақов, Пашут Қанатбаев боранда, қара жаңбырға қарамай жылқыны шығынсыз бағып, қажырлықпен еңбек еткен. Өздерінің ерен еңбегінің арқасында ел құрметіне ие болған Ағиба Қалаулиева, Ақжүніс Есенғалиева, Мейіз Жұмағалиева, Шақу Иманғалиева, Асима Галиасқарова, Зибаш Ибрашева, Қатима Батырова сияқты аналарымыздың еңбектері бір төбе. Қайман Габдуллин майдандағы ерлігі үшін «Даңқ» орденімен, бірнеше жауынгерлік медальдармен наградталған.

1949 жылы жаздың жайма шуақ күнінде Кеңес одағының маршалы Семен Михайлович Буденный келген еді. Андрей Степанович Борисов өзі қарсылап тұрған (суретте) С.Буденный жылқылардың салмағын, бойын өлшеп қабылдау кезі болатын. Менің осы суреттен танып отырғаным сол кездегі әкелеріміз, мал дәрігері Қайман Ғабдуллин болу керек. Сол келуінде Семен Буденный ауыл тұрғындарына жасыл желек ағаш отырғызуға тапсырма беріп, «үш жылдан кейін келемін» деп кетеді. Өкінішке орай содан кейін келмеген. Содан ауыл аймағына су жүретін бал жүргізіп, терек егілген. Айта кетсем, С.М.Буденный келуіне байланысты мектепке С.М.Буденный орта мектебі аты беріліп, С.М.Буденный жылқы заводы деп аталған. Соғыстан кейін еңбек еткен азаматтар Дабыс, Дошман, Әнес, Ғұбаш, Ихсан, Қоштай, Нұрғат, З.М.Маркик, И.Попов, Шевелев, А.Селкин, Т.Еркеғұлов, И.Ізтілеуов, Т.Оспанов, Қ.Досмағамбетовтердің есімдері ойымда қалыпты. Сол уақытта біз бала болсақ та әкеміз қатал болды. Оқудан келгенде сөмкемізді тастап, бірден қораға жылқыға жем-шөп беруге, суаруға кетеміз. Содан бәрін реттеп, кеште бір келеміз. Киімді түске дейін біреуіміз, түстен кейін екіншіміз кезекпен ауыстырып киеміз.

1963 жылы Пятимар заводынан екінші рет «Красного» қазіргі Қызылоба жылқы зауыты бөлініп шықты. Зауыт тарихында өздерінің қажырлы еңбегімен отанымыздың жоғарғы орден медальдарын алған жолдастар: «Ленин» орденін алған шопан Хамит Хажиденов, «Октябрь» революциясы орденін Жаудыр Сексенбаев, «Еңбек қызыл ту» орденімен А.С.Борисов, К.Төреғалиев марапатталаған. Әртүрлі медальдармен наградталған еңбек адамдары Әли Қанатов, Ұрхия Мұхамбетжанова, Дәуеш Кенжеғалиевтер еді.

Біздің бала кезімізде сол ауылды айнала өскен тал-теректер алыстан менмұндалап, көз тартатын. Теректерді қолмен бал арқылы суаруды түске дейін 2 ат, түстен кейін 2 атпен насос айналдырып, Көшімнен су құйылатын. Сондай еңбекпен өскен ағаш бертін келе өкінішке орай қырқылды. Иван Карташов деген алма бағын отырғызып, қоршап өсірген еді. Біз баламыз сол садқа барып түсеміз, шалбарымызды сымға іліп жыртып жүретін едік. Ол кезде «Разгон» деген болды, онда жылқылар байланады. Әкеміз делбеші боп қызмет етті. Директорға аттарды баптап, арба-шанаға жегіп әзірлейтін. Сол кезде ауылда 10-15 шақты өзге ұлт өкілі болды. Бәрі де тату тәтті өмір сүрді. Екі қабатты қызыл тастан салынған мектептен біршама жақсылар мен жайсаңдар білім алып шықты. Сосын қызыл тастан салған аурухана болды. Онда білікті дәрігерлер еңбек етті. Атап айтсақ, Ерефеев, Лиза Губашева, Марат Абдушев, Сағын Сатқанов, Надежда Қоштаева сынды дәрігерлер. Біз жүргізушілер ол кезде ешқандай техниканы үйге қоймаймыз. МТМ гаражымыз бар, қашан келсек те машинаны сонда тоқтатамыз. Суын жіберіп үйге сосын келеміз. Қазір олардың орны да жоқ. Осы жылдар ішінде қиын кездер де, жақсы замандар да өтті. Ал қазір ауыл көркейіп он жылдық мектеп, мәдениет үйі, әкімшілік үйі, екі қабатты балабақша, жатақхана бәрі жұмыс істеп тұр. Тек жастарға жұмыс әстеу керек деп ойлаймын. Заман жақсы. Жастарға оқу керек, сосын адал еңбек еткен ләзім. Ауылда газ, жарық, ауыз суымыз үйге кіріп тұр. Осыдан басқа бізге не керек. Еліміз аман, заманымыз тыныш болғай.

Сабырғазы Нұрхатов, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, еңбек ардагері, Жаңақала ауданы Пятимар ауылы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале