25.08.2020, 11:47
Оқылды: 429

Ақтаудың ажары айшықталып келеді

Тасқала ауданына 12 шақырым жердегі «Ақтау» ауылдық оругіне ат терлетпей-ақ жетіп бардық. Көзге шалынғаны – жұпыны ауыл келбеті жаңарып, жасара түскен. Күрделі жөндеуден өтіп, «жұтынып» тұрған медициналық амбулаторияның, қарқынды жүріп жатқан білім ұясының құрылысы назарға ілікті.

Бұрынғы атауы – «Паника»

Жалпы, Ақтау – ауданның орталық бөлігінде орналасқан. Солтүстік батысында «Достық», солтүстік шығысында «Мерей», оңтүстігінде «Атамекен», батысында «Амангелді» ауылдық округтерімен шектеседі. Жер көлемі – 73 511 га. Ауыл тарихына аз-мұз тоқталсақ, Ақтау бұрынғы «Красный маяк» совхозының негізінде құрылып, Ақтау деген атау алған. Сол кезде осы ауылды мекен еткендер саны 2005 адамнан, 11 ұлт өкілінен құралған. Облыс орталығынан 95, ауданнан 12 шақырым қашықтықта орналасқан. Бұл жерде елді мекен 1824 жылы пайда болыпты. Оған Н.Ильин деген орыстың генералы екі бауырымен иелік еткен. Олардың су бойында екі қабатты үш үйі мен бау-бақшалары болған. Жаз айында шөп шауып, оған ауыл адамдарын пайдаланған. Бастапқыда ауыл Паника аталған. Яғни, «Паника» – Ақтаудың бұрынғы атауы. Бұл атаудың шығуы ауыл маңындағы өзен суымен тығыз байланысты. Өйткені төмен қарай жылдам аққан су кенет бұрылысты таба алмай буырқанып, көбік шашып жарға соғылады. Содан орыстар «паникует», яғни шу шығарады деп, ауыл «Паника» аталған. Жалпы, үңіліп кетсең, ауыл тарихына қатысты небір қызық жайттарға кезігесің. Маңыздысын ғана оқырман үшін жариялап отырмыз.

Ak (4)

Қазіргі таңда округ аумағында Қараой, Қызылбас, Ақкүтір, Ақтау ауылдары орын тепкен. Халық саны – 1248. Ауылда өткен жылдармен салыстырғанда мал басы өскен. Округте 40 шаруа қожалығы тіркелген. Оның 7-еуі егін егумен, қалғандары мал өсіріп, шөп дайындаумен айналысады. Бүгінде ауылшаруашылық саласында 72 адам еңбек көрігін қыздыруда. Сондай-ақ, округте 40 кәсіпкер өз істерін өрістетіп отыр. Өткен жылмен салыстырғанда 12 кәсіпкерге артқан. Осы игі істің нәтижесінде 37 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Әлі де ауылда жеке кәсіппен айналысуға ниеттілер жетіп артылады.

Мектеп күрделі жөнделуде

Ауыл мектебінің негізі 1929 жылы қаланған. Алғашында бірінші сыныпқа 12-13 жастағы балалар қабылданған. 1986 жылы білім ұясы жаңа типтік ғимаратқа көшкен. 2010 жылы мектеп жанынан 25 орындық шағын балалар орталығы ашылады. Оннан аса ғылым докторы мен кандидаттары, өзге де елге танымал тұлғалар осы білім ұясынан қанаттанған. Көптен сиқы қашып тұрған екі қабатты ауыл мектебі биыл күрделі жөнделуде. Мердігер «Аяла» ЖШС білек сыбанып, мамыр айында іске кіріскен. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп, сайдың тасындай іріктелген құрылысшы жігіттердің 80 пайызы жергілікті азаматтар болса, 20 пайызы қаладан келген. Құрылысқа 202 667,0 теңге көлемінде қаражат бөлінген. Дәл қазір жұмыстың 70 пайызы орындалып тұр. Мектеп айналасы қарбалас тірлік. «Аяла» ЖШС-нің бөлімше басшысы Алшынбек Ержановтың айтуынша, мектептің екінші қабатына жасалған жөндеу нәтижесі көріне бастаған.

Ak (3)

– Ғимарат қабырғалары қырылып, еденге линолеум төселді. Бірінші қабатта ішкі жұмыстар қалды. Жастар түн ауғанша еңбек етіп, сапалы қызмет нәтижесін көрсетуге талпынуда. Сәтін салса, құрылыс жұмысын қыркүйек айының соңына дейін бітіреміз деп отырмыз. Мерзімінен бұрын аяқтауымыз да ғажап емес. Мұның бәрі құрылыс материалдарының уақытында жеткізілуіне байланысты», – дейді Алшынбек Қуанұлы. Иә, санаулы уақыттан соң білім күні де келіп жетпек. Қашықтан оқыса да, жарқырап тұрған мектепті көру оқушылар мен мұғалімдер үшін үлкен қуаныш. Қазіргі таңда білім ұясында 35 мұғалім еңбек етуде.

Бөгет құрылысы жанданды

Жақында тұрғындардың ауыл шетінде бітеліп қалған жер асты бұлағының көзін ашып, айналасын қоршағаны жайында көзі қарақты оқырманды құлағдар еткен болатынбыз. Кезінде сол бұлақтан аққан суды пайдаланып бау-бақша салған, өрістерін малға толтырған. Бір сөзбен айтқанда, кәдімгідей рахатын көрген. Алдымен сол бөгет маңына бау-бақша салып, өнімге қарық болған қарапайым тұрғындарға кейін мектептің өндірістік бригадасы қосылған. Олар көлемді жерге картоп еккен екен. Ол уақытта техникалық су әр үйге құбырлар арқылы кіріп тұрған. Ауыл тұрғындарының айтуынша, ауасы да саф таза болған. Көкөрайға малынып тұрған далада қыбырлаған тірлік еріксіз елітетін. Бүгінде сол ауыл шетінде бітеліп қалған су қорғау бөгеттерін қайта құру жұмыстары қарқынды жүруде. Бірнеше техника жұмылдырылып, (мердігер «BRAT.М» ЖШС) жұмыс қызып жатыр. Маусым айының 15- інде басталған бұл жұмыстың осы уақыт ішінде 50 пайызы орындалған. Құрылыс бөлімінің басшысы Бекболат Губаевтың мәліметінен ұққанымыз, құрылыс монтаж жұмыстарына 53 млн.- ға жуық қаржы бөлінген екен. Бөгеттің ұзындығы 8 шақырымды құрайды. Ауыл тұрғындарының айтуынша кезінде ауыл шетінде сылдырап ағып жатқан бұлақ пен қар суы жиналып үлкен бөгетке айналған.

Ak (1)

Сағынтай Темірбеков, ауыл тұрғыны:

– Бөгетті қайта құру жұмысының қолға алынуына халық дән риза. Бұрынғы қалыпқа келтіру оңай болмайтыны анық. Дегенмен қыбырлаған тірлік. Бұрын бұл жер шаруашылыққа өте қолайлы-тұғын. Бұлақ суы ағып жататын. Алдымен ауыл шетіне кәрістер бақша салды. Өте еңбекқор халық қой. Ауыл тұрғындары жиналып сол кезде картоп екті. Бұлақ суы біткесін, техникалық су құбырлармен әр үйдің ауласына тартылды. Мотор арқылы су тартылды. Әйтеуір тұрғындардың жағдайы жасалды. Тұрғындар мал, бақша өсіріп, рахатын көрді. Адам тырбанса, Жер-Ана құр қалдырмайды ғой. Сөйтіп, бұл бөгеттің кезінде жырылып кеткен жері бітелмей, су шайып кетті. Су көл-көсір боп жатқанда қар суы, бұлақ суы жиналып кішігірім көл боп жататын. Аққулар тізіліп осы бөгет суына жиі келетін. Адамдар балық аулайтын. Оқушылардың өндірістік бригадасы тал-терек екті. Совхоз кезінде бұл маң дүрілдеп тұрды. Ауасын айтсаңшы!? Қандай саф, таза еді?! Әрине, бөгет жөнделер болса, қуанамыз. Су бар жерде ауа таза болады.

Дәрігерлік-амбулаториялық пункт жаңарды

Ауылдың ажарын ашып тұрған тағы бір мекеме бар. Ол – фельдшерлік-амбулаториялық пункт. Жарқырап тұрған ғимарат алыстан менмұндалайды. Ғимарат ұзақ жыл жөндеу көрмей, азып тұрған екен. Биыл ғана «айы» оңынан туып күрделі жөндеуден өткен. Кезінде қыстай салқын жерде бүрсеңдеп жұмыс жасаған ақ халаттылар «ақ түйенің қарыны жарылды» деп қуаныштарын жасырмады. Бүгінде дәрігерлік-амбулаториялық пунктте бес адам қызмет етеді. Жылы су, дәретханамен қатар, пластикалық терезелер қойылған. Жайнап тұр. Мұның бәрі адамдар үшін жасалып жатқан ізгілік.

Ak (2)

Міне, біз көрген Ақтаудағы тірлік осындай. Расында, адамдар ауыл келбетінің көркейе түскеніне ризашылықтарын айтуда. «Еселі еңбек – ел үшін!» деген қағида ақтаулықтардың көкейіне мықтап орныққандай көрінді бізге.

Гүлнар Қадырова,

Тасқала-Ақтау-Тасқала

Суреттерді түсірген Ш.Қадыров

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале