21.01.2021, 10:57
Оқылды: 91

Ақжайықтық орманшының еңбек үлгісі

Бір жерде, бір мекемеде 45 жыл жұмыс атқарып, бозбала шағынан бастап зейнет жасына жеткенше, еңбек өтілін бір салаға ғана емес, бір қызметке арнаған адам кемде-кем. Кеңсуаттық Серік Темірхановты зейнеткерлік, яки ақсақалдық жасқа қия да алмайды екенсің. Қимылы ширақ, аса сақ, айналасындағыны мүлт жібермей, селт еткенді көзден таса қылмайды екен.

орман

Ширек ғасырға жуық өмірін орман сақтығына арнаған азаматпен жүзбе-жүз кездесіп, табанды жанмен танысу үшін Кеңсуатты бетке алып, жолға шықтық. Бізді де бір құдірет айдаған шығар, тап осы күні шашын енді ғана қырау шала бастаған ағамыз пайғамбар жасын тойлап жатыр екен. «Тойлап жатыр» дегеніміз артық шығар, әдеттегідей аста-төк дастарқан басында жиналған қонақ жоқ, керісінше, аға кезекті рейдке дайындалып жатыр екен...

Алдымыздан қарсы шыққан Серік ағамыздың күн менен жел қақтаған жүзінен қарапайым еңбек адамы екені бірден байқалады. Оның бұл қасиетін сөзге сараңдығынан, адал еңбектің қазанында қайнаса да, атқарған істерін мақтана айтудан аулақтығынан да  алдағы әңгіме барысында анық аңғардық.

– Мен 1958 жылы қақаған қаңтар айында осы Есенсайдың «Досыбай» деп аталатын елді мекенінде дүниеге келіппін. Ата-анам 8 перзентті дүниеге әкеліп өсіріп, өндірді. Әкем Ұлы Отан соғысына қатысып, ауыр жарақаттанса да, емделіп шыққасын қаруластарына қайта қосылып, соғысты аяқтап, елге абыроймен оралған жауынгер. Сонау 1960 жылы Есенсай орман шаруашылығына орманшы болып орналасыпты. Мінездің қайсарлығын айтсаңызшы, жалғыз өскен әкем жалғыз өзі ауылдың шетінен үй тұрғызып алған еді. Бірінен соң бірі дүниеге келген біздерді сонау Первомай ауылындағы мектеп-интернатқа қыста ат шанамен, жазда ат арбамен тасып, оқытты. Мен кейіннен осы іргедегі сол кезде ХХІІ партсъездің құрметіне аталған ұжымшарда (қазіргі Көнеккеткен ауылы) білім алдым. Орманшының жұмысы оңай емес, таңның атысы, күннің батысы тоғай қорып жүргені, кейде балалардың бір-екеуін қасына ертіп әкетеді. Онысы бала жастан еңбекке араласа берсін дегені шығар, әйтеуір, өз жұмысын адал атқарған орман қорықшысы әкемнің тәрбиесі мен жасаған еңбектерінің куәсі бола жүріп, ер жеттік.

18 жасқа енді толған шағым, әкем соғыс салған жарақат асқынып, науқастанып қалды. Көп ойланбастан әке орнына жұмысқа тұруға ниет білдірдім. Жоғарыдағы басшылар да қарсы болмады, қызметке қабылданып, осылай Есенсай ауылына орман қорықшысы болып тағайындалдым, - дейді кейіпкеріміз.

Арада бір жыл өткен соң 1977-1979 жылдары Отан алдындағы әскери борышын өтеп, келгесін елдегі қызметін қайта жалғастырады.

1980 жылы әкесі Темірханның сырқаты меңдеп, жанұя түгел Кеңсуатқа көшіп келеді. Өкінішке қарай, соғыс ардагері, еңбекқор әке сол науқастан айыға алмай, 1981 жылы 63 жасында дүниеден озыпты. Артындағы іні-қарындастарын қамқорлау, оқыту керек, осы міндеттің бәрін Серік аға түгел мойнына алады. Жұмысын жасай жүріп, бауырларын да баптап, анасына көмектесіп, барлығын жетілдіреді. 1982 жылы Райхан есімді ұстаз арумен шаңырақ көтеріп, анасының «қолын ұзартады».

Бүгінде аға-апамыздың өздерінде 5 перзент бар 4 қыз бен 1 ұл өсіп өнген. Қыздарының алды теңін тауып, жиендермен қуантса, ұлы Атырау қаласында жұмыста.

Арада жылдар өткенде өсіп өніп жанұялы болған екі інісі бірінен соң бірі дүниеден озады. Өзі секілді орман шаруашылығында еңбек еткен бір бауырының артында қалған бала-шағасына Серік ағамыз әлі қарасып тұратынын айтады ел іші. Қалған бауырлары Орал қаласында. Өз кәсіптерін ашып алғандары да жоқ емес. Әрине, бұл жетістіктерінің бәрі бала кезінен әкедей қамқорлаған Серік ағаларының арқасы.

Бір кездері елге көгілдір отын келмеген қиын уақыттарда тоғайдан ағаш ұрлайтын жағдайлар жиі кездесетін. Сол кездегі бір оқиғаны есіне алған ағаның естелігіне назар аударсақ. Орманшы қасына бөлесін ертіп, тоғай ішін бақылап қайтуға түн ішінде жолға шығады. Барса, екі адамның отын дайындап, шанаға артқалы жатқанын көріпті. Әлгілер оқыстан кеп қалған адамдардан шошып, екі балтамен қарсы ұмтылыпты. «Ұрайын, жығайын демеген шығар, дегенмен мән-жайды айтып ұғындырып, райынан қайтардық. Тіпті біраздан соң заңсыз кескен отынын сол жерге тастап кетуге де көндірдік. Әрине, балта ұстап, сес көрсеткен жандарды сотқа дейін сүйреуге болар еді. Бірақ олар бұл қадамға тойғанынан емес, тоңғанынан барды емес пе?!, - дейді орманшы.

Орманшының қызметінің мәні тек өзіне бекітілген аумақты қору ғана емес, сол жердің табиғатын, аң-жануарлар дүниесін сақтауда. Тіршілікте табиғатқа төнер қауіп көп. Солардың бірі – алапат өрт, соның салдарынан Жайықтың қос бойын түгел қаптаған орман алқаптарын сиреп бара жатыр. Тоғайды өрт шарпыған күндері үй көрмей кететін аға мына естелігімен бөлісті: «Бірде қалың өрт біздің орманды да шарпыды, сонда ауылдас азамат екеуміз елдің алдына шығып кетіп, оттың ортасында қалдық. Айнала жанған тоғай, қалың түтін, қысылып қайда бас сауғаларымызды білмей қалдық. Тіпті ұшқын тиіп, киіміміздің кей тұстары өртене бастады. Әйтеуір бағымызға Жайық өзенінің жағасы көрініп, соған қарай түтін арасымен қашып барып, жағалауда суға киіммен түсіп, бір сағат тұрғанымыз бар. Сонда да бізді күйік шалып үлгеріпті, артынан есімізді жиып алып, таңға шейін тілсіз жаумен алысып, әрең өшірдік».

Осы әңгімесін аяқтай беріп еді, Серік ағамыздың жан жары Райхан апамыз араласып, мына бір жайды баяндады: «Осы биыл жаз бізде орманда қарқыны сұмдық өрт орын алып, біраз күн жұртшылықты әуреге салғаны аян. Кезектесіп, ауыл халқы сол өртті сөндіруге жұмылды. Сол күндердің бірінде үйге таныс адамдар келіп қалып, қазақы дәстүрмен ет аспаймын ба? Дайын болған соң, орманда жүрген отағасына қоңырау шалдым. «Өрттің беті қайта бастаған секілді, үйге көлігіңмен келіп, ет жеп ауқаттанып кет», - дедім. Қуана келісе кетті. Ай, отағасының қарыны әбден ашқан екен деп қоямын. Біраз уақыттан кейін үйге келген ол отырғандармен  қысқаша амандасып, асханаға жетіп кеп тұр. Апыл ғұпыл дайын тұрған астың жартысына жуығын пакетке аудара салды. Түк ұқпай мен тұрмын, «дені сау ма» ішімнен ойлап қоямын, айтсам, жекіп тастай ма деп те қорқамын. Бәрін салып алып: «Мен кеттім, анда жігіттерге тамақ алуға келгем, сенің үйдегі қонақтарыңа қалғаны да жетеді. Сорпасын да құйшы» деп тұр. Үйден алса ештеңе емес, сол күндері інісінің шаңырағынан ас-ауқат алдыртыпты. Ағаларың осындай жұмысына барын салып кіріскен адам».

Біз жолығып сөйлескен ауыл адамдары да ағаның есімін естігенде, жадырап, ой бөлісіп жатты. Осы ауылдағы негізгі мектепте ұстаздық ететін Мақсат Балғымбаев былай дейді: «Серік ағамды мен бала кезімнен білемін. Біздің ауыл бұл кісінің азаматтығы мен адалдығын аңыз етіп айтады, ешкімді ренжітпейтін мінезге бай адам. Жұмыста адал. Сондықтан болар, ешкіммен сөзге келмей, әріптестерімен түсінісіп, бір орында тапжылмай еңбек еткені. Қайырымдылығы өз алдына, жыл сайын Есенсайдағы мешітке тегін өз қаражатынан отын жеткізіп беріп отырған кезінде. Орманшыға қанша артық білім керек деп ойлайтын шығарсыз, дегенмен, ол сонау 1987  жылы Көкшетау облысында екі айлық курста мамандығы бойынша білім алды. Демек, атқарар міндетіне бейжай қарамағандығы азаматтың. Бүгінде ақсақалдық жасқа келген ол кейінгі жастарды адалдыққа тәрбиелеуге барын салып жүр».

Ал абыройлы ағаның әр жылдары алған алғыс хаттары, дипломдарын апамыз көздің қарашығындай сақтапты, оның өзі де бір мұражайдың жәдігер қорын толтырғандай. Біз тек Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министірлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау комитеті атынан кеудесіне таққан lll дәрежелі «Қазақстан орманын қорғаудағы мінсіз қызметі үшін» медалін айтсақ, жеткілікті шығар.

Әсет Сағынтайұлы,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале