9.07.2026, 16:45
Оқылды: 13

Ардагерлерге көрсетілген құрмет – ұрпаққа өнеге

Кешегі буынның маңдай тері мен табанды еңбегі бүгінгі бейбіт өмірдің, тәуелсіз еліміздің берік іргетасына айналды. Елдің еңсесін тіктеп, қиын-қыстау кезеңде туған жердің дамуына аянбай үлес қосқан еңбек иелеріне  құрмет көрсету – ұрпақтың қасиетті парызы.

image-09-07-26-03-31 (3)

Осы игі дәстүр аясында бүгін Шыңғырлау ауданының әкімі Мұрат Өмірәлиев мерейлі 90 жасқа толған ардагерлеріміз Хамзин Хайролла Ибрагимұлын және Бахи Мағзумұлын арнайы құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді.

Аудан басшысы мерейтой иелерінің саналы ғұмыры адал еңбекпен өрілгенін, олардың өмір жолы кейінгі ұрпаққа өнеге екенін атап өтіп, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасы амандығын тіледі. Сонымен қатар мерейтой иелеріне естелік сыйлықтар табыс етіліп, құрмет көрсетілді.

image-09-07-26-03-31 (2)

Хамзин Хайролла Ибрагимұлы 1936 жылдың 1 шілдесінде Шыңғырлау ауданында дүниеге келген. Шилі орта мектебінде жеті сыныпты тәмамдаған соң еңбекке ерте араласып, балалар үйінде қызмет етеді. Кейін кешкі мектепте білімін жалғастырып, орта білім алады.

Жастық шағында Армения жерінде Отан алдындағы азаматтық борышын абыроймен өтеп, елге оралған соң автобазада слесарь, диспетчер болып еңбек етеді. Білімге деген құштарлығының арқасында ветеринарлық техникумды, кейін педагогикалық институтты бітіреді. Ұзақ жылдар бойы Шыңғырлау орта мектебінде еңбек пәнінің мұғалімі болып шәкірт тәрбиелеп, осы білім ордасынан құрметті еңбек демалысына шықты.

Ерен еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, «Еңбек ардагері» медалімен, сондай-ақ Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 және 75 жылдығына арналған мерекелік медальдармен марапатталған.

Ал Бахи Мағзумұлы 1936 жылы Орынбор облысының Александровка ауылында дүниеге келген. Жастайынан еңбекке араласып, 1952–1953 жылдары механизаторлар курсында білім алып, кейін осы салада еңбек етеді. 1955–1958 жылдары әскери борышын абыроймен атқарған соң, туған елге оралып, 1958 жылдан бастап Ұрысай ауылында механизатор болып қызмет етеді. Саналы ғұмырын ауыл шаруашылығына арнап, 1992 жылы құрметті еңбек демалысына шыққан.

Еңбек майданындағы табанды қызметі үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Бүгінде ардақты ақсақал үлкен әулеттің алтын діңгегі. Жұбайымен бірге 5 ұл мен 4 қыз тәрбиелеп өсіріп, 12 немере мен 15 шөбере сүйіп отырған бақытты ата.

Сонымен қатар, аудан басшысы Мұрат Амангелдіұлы Ұрысай ауылының тұрғыны тыл ардагері Макар Нұровтың да үйіне барып, қариямен емен жарқын әңгімелесіп,ауданның тыныс- тіршілігін айтып өтті.

image-09-07-26-03-30 (1)

Халқымыз  «Қариясы бар ел – қазынасы бар ел» дейді. Тоқсан жылдық ғұмырында елге адал қызмет етіп, маңдай терімен ұрпаққа өнеге болған қос ардагердің өмір жолы – еңбекқорлықтың, отансүйгіштіктің және адамдық асыл қасиеттердің жарқын үлгісі.

Осындай ардақты жандарға көрсетілген құрмет өткенге тағзым, еңбек адамына деген ізеттің айқын көрінісі. Ғасыр жасаған аға буынның ақ батасы мен өмірлік тәжірибесі елдің бірлігі мен берекесін нығайтып, кейінгі ұрпаққа әрдайым рухани бағдар бола беретіні сөзсіз. Ұзақ ғұмыр кешкен қос қарияға зор денсаулық, отбасы бақыты мен ұрпақтарының қызығын көре беруіне тілектеспіз.

Сара Шакрат

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале