30.06.2019, 9:59
Оқылды: 0

Ащысайда таза ауыз су құбыры іске қосылды

Облыс әкімі Ғали Есқалиев Шыңғырлау ауданына барып, өңірдегі ел-жұрттың тыныс-тіршілігімен танысты.

IMG_3366

Дәл осы күні Ащысай ауылында
«Өңірлерді дамыту» бағдарламасының «Ақ бұлақ» бағытымен ауыз су жүйесі іске қосылды.
Аудан әкімі Альберт Есалиевтің мәлімдеуінше, қазіргі таңда аудан халқының 82%-ы таза ауыз сумен қамтылған. Ашықтоғай ұңғымасынан Жаңакүш ауылына дейін су құбырын тартуға 329,352 млн. теңге бөлініп, бұл жұмысты «Газстрой» ЖШС жүзеге асыруда. Сонымен қатар «УниверсалСтройСервис» ЖШС Алмаз ауылына су тарту жұмысын бастап кеткен. Аталмыш жұмыстың жобалық құны – 283,472 млн. теңге. Ал «Болат-Д» ЖШС келісімшарт бойынша белгіленген бағасы 170,923 млн. теңге болатын Ақтау ауылындағы су құбырын қайта қалпына келтіру жұмыстарын аяқтағаннан кейін аудан халқының сумен қамтылу көрсеткіші 94%-ға жетпек. Сондай-ақ аудандағы алты елді мекенге су жүргізу үшін (Ақсуат, Ұрысай, Сегізсай, Қайыңды, Ақсоғым, Қарағаш) жобалық-сметалық құжаттамалар дайындау жұмысы жүзеге асырылуда. Жергілікті билік 2021 жылы аудан халқын таза ауыз сумен 100 пайыз қамту межесін көздеп отыр.

IMG_3346

– Соңғы үш жылда «Ақ бұлақ» бағытымен облыс бойынша 2 мың шақырымдай су құбыры қайта салынды немесе қайта қалпына келтірілді. Осы бағытта республикалық және жергілікті бюджеттен 14 млрд. теңге жұмсалды. Атқарылған істер нәтижесінде ауылдық жерлерде тұратын 81 мың тұрғын таза суды тұтынып отыр. Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Оралға жұмыс сапарымен келген кезінде ауылдық елді мекендердегі халықты ауыз сумен қамтуды бірінші кезектегі тапсырма ретінде жүктеді. Күрежолдың бойында орналасқан Ащысай ауылында газ бар, бүгінгі күні ауыз су құбырын іске қоссақ, сіздерден міндет елді мекенді көркейтуге үлес қосып, бизнесті дамыту болмақ, – деді Ғали Нәжімеденұлы салтанатты шарада.
Ащысайлықтар атынан сөз алған зейнеткер, еңбек ардагері Зұлқарнай Нұрғазиев отыз жылға жуық уақыт бойы ауыл халқы ащы суды тұтынып, таза ауыз суын зарыға күткендігін айтты. «Ащысайда 67 жыл бойы тіршілік кешіп, 50 жыл ғұмырымды осы өлкені өркендетуге арнадым. Бұл қуанышты сәтті «ақ түйенің қарны жарылған» сәт деп санаймын. Мұндай зор қуаныш – мемлекетіміздің сарабдал саясатының, жергілікті билік өкілдерінің еңбегінің арқасы», – деді ақсақал.

IMG_3388
Ащысай ауылдық мектебінде қырық жыл еңбек еткен Хадиша Битенғалиеваның айтуынша, бүгінгі күнге дейін су таситын көліктің жолын күтіп жүрген ауыл халқы үшін әр үйге таза су кіргізілуі – айрықша бақыт.
– Үйім құбырдың құрылысы жүріп жатқан жерге жақын орналасқандықтан және қоғамдық бақылау комиссиясының мүшесі ретінде жұмысты бастан аяқ қадағаладым. 1992 жылдан бері су зардабын тартып, соңғы он жылда тасып жеткізілетін суды пайдаланып келдік. Судың қадірін біз жақсы түсінеміз, сол себепті табиғатта су қоры сарқылмасын деп тілеймін, – дейді Хадиша Хайыршақызы.
Мердігер компания – «Қазқұрылыс» ЖШС директорының орынбасары Қатира Тұяқбаева Х.Битенғалиеваның азаматтық белсенділігі және туған ауылында жүзеге асырылып жатқан жобаға шынайы жанашырлығын айрықша атап өтіп, компания атынан кір жуғыш машинаны сыйға тартты.

Аяужан Кереева,

суретке түсірген Темірболат Тоқмамбетов
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале