25.06.2024, 11:03
Оқылды: 99

Жаңа бағдарламалар, жағымды жаңалықтар – Жәңгір хан университетінде

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің басқарма төрағасы-ректоры, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор, академик Асқар Наметов өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен жүздесті.

5AC5E0C5-F433-460F-A434-A52E276C90A7

Асқар Мырзахметұлы аталған жоғары оқу орнында атқарылып жатқан жұмыстармен, ауқымды жоба-жоспарлармен бөлісіп, олардың аграрлық саланы дамытуға және ел экономикасын ілгерілетуге тигізетін пайдасы туралы баяндады.

– ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Ауыл шаруашылығындағы барлық мүмкіндікті іске асыру мақсатында еңбек өнімділігін едәуір арттыру қажет. Сондықтан аграрлық ғылымды дамытудың, агроөнеркәсіп кешеніне заманауи технологияларды енгізудің мәні зор» деген болатын. Осы ретте Жәңгір хан университетінің ғалымдары ауыл шаруашылығын және аграрлық ғылымды дамыту бойынша жаңа бағыттарға бет бұрып, қомақты ғылыми жетістікке қол жеткізді. Біз негізгі үш бағытқа басымдық бердік. Алдымен ғалымдарымыздың ғылыми ізденістерін экономикаға енгізуге талпындық. Мұны жүзеге асыру үшін олардың зерттеулерін трансферттік технология, патенттерді коммерцияландыру, шаруашылықтарға апробация ретінде енгізу секілді әдіс-тәсілдерді қолдандық. Сондай-ақ инфрақұрылымымызды өзгертіп, ғылыми зертханалар ашып, оның жұмысын кәсіптік бағытқа бейімдедік. Технологиялық даму орталығын ашып, ғылымды коммерцияландырумен айналысатын маман дайындадық. Біздің ғалымдарымыз суды үнемдеу, жайылымдық жерлерді суландыру, қой жүнін пайдаға асыру секілді өзекті мәселелерді шешуге атсалысып келеді. Мысалы, құс шаруашылығын дамыту мақсатында үйректің жаңа кросын аштық. Оларды Петропавл қаласындағы «Бескөл» құс фабрикасына енгіздік. Бүгінде үйректің жаңа кростары сол өңірде сатылуда. Ал біз үйректердің аналық өзегін (племенное ядро) алып қалып, оның тиімділігіне ғылыми зерттеу жүргізудеміз. Яғни, үйректердің қазақстандық тұқымын ашу бағытында жұмыстанып жатырмыз, - деді Асқар Мырзахметұлы.

D2C24304-7E6C-4609-B9A1-C6CD2D831056

Жалпы кейінгі үш жылда Жәңгір хан университетіндегі ғалымдардың тікелей араласуымен ірі қара өсірумен айналысатын 15 шаруашылықта селекциялық жұмыстар жүргізілген. Алдағы уақытта олар жасанды ұрықтандыру жолымен жаппай асылдандыру жұмыстарына кіріспекші. Ғалымдар жайылымдық жерлерді қалпына келтіру, құнарлылығын арттыру бағытындағы жұмыстарды да жүзеге асырып жатқан көрінеді. Сондай-ақ университет ғалымдары шетелден дәнді дақылдардың түрлі сорттарын облысымызға әкеліп, тексеруде. Осы бағытта сөз сабақтаған ректор әңгімесін әрі қарай жалғады. Оған қоса баспасөз мәжілісіне қатысып отырған бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сауал-сұрақтарына толыққанды жауап қатты.

– БҚАТУ ғалымдары жерасты суларын шаруашылыққа және тұрмысқа пайдалануға қолжетімді ету үшін суды арнайы сорбенттер арқылы сүзгіден өткізді. Елдегі экономикалық өзгерістерді ескере отырып, білікті кадр даярлау мақсатында заман талабына сай цифрлық технология, ғылыми және экономикалық білім беру жүйелерін енгіздік. Сондай-ақ бітіруші түлектерімізге кәсіпкерлік білім берудеміз. Олар кейін өзінің бизнесін ашады немесе ірі бизнес кәсіпорындарында жетекші маман қызметін атқара алады. Теорияны тәжірибемен ұштастырамыз. Бүгінгі таңда оқу бағдарламаларына да өзгеріс енгізіп, робототехника, цифрлық экономика, индустриалдық менеджмент бағыттары бойынша жаңа мамандықтар аштық. Университетті дамытудың негізгі бағыттары – агроөнеркәсіптік кешен саласындағы инновациялық зерттеулер және білім мен ғылымдағы заманауи ақпараттық технологиялар болып табылады. Өңіріміздегі ірі кәсіпорындармен және өндіріс ошақтарымен түрлі бағытта келісімшарттарға қол қойып, жүйелі түрде еңбек етіп келеміз, – деді Асқар Наметов.
Ректордың мәлімдеуінше, ғылыми жобалар мен ғылыми-техникалық бағдарламаларды орындау барысында университет ұжымы көптеген нәтижеге қол жеткізген. Атап айтар болсақ, қазақ тұқымды жылқыларының жабы, адай, найман, көшім және мұғалжар типтеріне, сондай-ақ қазақтың ақбас тұқымды ірі қара малына толық геномдық қайта секвенирлеу жүргізілген. Қазақстандағы әулиекөл, қазақтың ақбас, герефорд және голшин тұқымды ірі қара мал популяцияларының және отандық жылқы тұқымдарының генетикалық құрылымы зерттелген.

2C66F80A-4EBA-47A7-A189-4C0536B5481B

– Бүгінгі таңда университетте 85 білім беру бағдарламасы іске асырылуда. Жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеу үшін біз форсайт-сессиялар, яғни, белгілі бір салада зерттеулер жүргіземіз. Қажет болғанда жаңа кәсіптер атласымен жұмыс істейміз. Білім беру бағдарламаларын әзірлеумен жұмыс аяқталмайды. Оны одан әрі іске асыру жұмыс берушілермен серіктестікте жүзеге асырылады. Негізгі сапа оқу кезінде қамтамасыз етілуі керек. Студенттерді академиялық ұтқырлық шеңберінде шетелдік жоғары оқу орындарына 1 семестрге жіберу үшін қосымша курстар оқытылады. Сондай-ақ цифрлық оқытуға, кәсіпкерлік дағдыларға және студенттерді практикалық даярлауға баса назар аударылады. Бейіндік пәндер бойынша сабақтардың кем дегенде 30%-ы Орал қаласындағы бейіндік кәсіпорындарда өткізіледі. Кәсіпорындардың тапсырысы бойынша жаңа білім беру бағдарламасы – «Индустриялық менеджмент» әзірленді. Ерте жұмысқа орналастыру жүйесін жүзеге асыру бойынша тағылымдама ұйымдастырылады. Талдау жасай отырып, біз жұмысқа орналасу моделін құрдық, – деп Асқар Мырзахметұлы жиынды қорытындылады.

Марлен Ғилымхан
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале