19.04.2022, 16:45
Оқылды: 62

Бағымсыз мал батпаққа батуда

Мал ұстайтын ауыл тұрғындары мен жергілікті жерлерде мал бағымын ұйымдастырушы тиісті орындар үшін малдың өріске шығуы күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі екенін жыл сайын көріп келеміз.

006

Қаратөбе аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі мамандарының мәліметіне сүйенсек, биыл аудан бойынша жеке сектордың ірі қара малы 75 бағытқа өріске шықса, қазіргі таңда оның тек 15 бағытында ғана бақташы бар екен.

Күзде малым жоғалмаса, ұрылар мен ит-құстан аман болса екен деп тілейтін ауыл тұрғындарының биыл далалық жерлерге судың мол келуінен өріске бағымсыз шыққан ірі қара малдары батпаққа батып, ұймалап қалу жайттары көптеп кездесуде. Оны көрген жанашыр ауыл азаматтары әлеуметтік желідегі түрлі топтарға хабарлама жолдап, «Мынау кімнің малы?» деп дабыл қағып жатады. «Малдың аты - мал» демекші, бағымсыз жүргесін жағдайдың солай болары белгілі жай.

Мал бағымы дер кезінде ұйымдастырылса, бұндай жайсыз жағдайлар болмас па еді?

Ауданның кейбір округтерінде кооперативтер құрылып, соның арқасында мал бағымы жолға қойылып келеді.

Аудан бойынша мал бағымын дер кезінде ұйымдастыруды жыл сайынғы дәстүрге сай Егіндікөл ауылдық округі жақсы жолға қойып келеді. Биыл Қаракөл ауылдық округіндегі бұрынғы кіші Қоскөл ауылына аудан орталығы Қаратөбе ауылы тұрғындарының 300 басқа тарта ірі қара  бағымға алынды. Олар төлемақыны мал басына 3000 теңгеден деп белгілеп отыр. Ал Қаратөбе ауылдық округіндегі «Дастан» шаруа қожалығы ірі-қара малының әр басын 5 мың теңгеден бағымға алуда.

Ауданның Саралжын, Аққозы, Сулыкөл ауылдарында мал бағымын ұйымдастыру жұмыстары әлі күнге дейін қолға алынбаған. Мәселенің мәнісі жергілікті жерлерде өтетін жиналыста шешілмек дегеннен басқа ештеңе айтылмай отыр.

Ірі қара бағымымен Қоскөл ауылдық округінде 2 кооператив және Шалғын ауылында бір бағытқа бір бақташы жұмыстанбақ. Жусандыойда 2 кооператив бар. Әзірге бір кооператив жұмысын жүргізе бастады. Оның үстінде ауыл тұрғындары Жусандыойда - 3, Ханкөл ауылында да 3 бағытқа ірі қараны кезекпен бағуды ұйымдастыруда. Ал ұсақ малдың бағымын жергілікті жерлердің тұрғындары өздері шешіп жатыр. Оған ешбір алаң жоқ, - дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Қанат Бадақов.

Ал аудан орталығында осы бір өзекті мәселе әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Кооперативтерге бірігудің тиімді екендігін халық әлі дұрыс түсінбейтін сынды. Тиісті орындар осы мәселені халыққа насихаттап, түсіндіру жұмыстарын жиі жүргізсе. Білікті, іскер, ұйымдастырушылық қабілеті бар азаматтар кооперативтерге жетекшілікке ұсынылып, олар әуел бастан-ақ жұмыс нәтижесін көрсетсе, ауыл тұрғындарының кооперативтерге деген сенімі мен қызығушылығы артып, өздері үшін бірігер ме еді?

Қаратөбе ауылдық округінің әкімі Берікқали Мусадан осы өзекті мәселеге қатысты мән-жайды  білмек болып хабарласқан едік. Бұл сауалымызға жауап берген ауыл әкімі аппаратының мал бағымына қатысты жұмыстарды ұйымдастыруға жауапты маманы Әлібек Есенжанұлының айтуына қарағанда, округ орталығы Қаратөбе ауылында ірі қара малы биыл - 8, Шөптікөл ауылында – 4, Соналы мен Үшағаш ауылдарында 3 бағытқа өріске шығады екен. Бұл өзекті мәселенің аудан орталығында өтетін ауыл тұрғындарымен кездесу жиналысында талқыланып, нақты шешілетіндігін тілге тиек еткен Әлібек Қанафин, әзірге бағым жөнінде насихат жұмыстары жүріп жатқанын және мемлекеттік грант арқылы 2-3 бағытқа болса да мал бақташысын ұйымдастыру жұмыстары жоспарланғанын айтады. «Аудан орталығында мал бағымын ұйымдастырып, бақташы шығарғанша малдың біразы батпаққа ұймалап тынбай ма?» деген ой ауыл тұрғындарын мал өріске шыққаннан бері мазалап жүргені жасырын емес.

004

– Өткел бетіне өріске шыққан сиырым ми батпаққа батып, ұймалап қалғанын естіп, ұлдарым мен көрші-көлем көмекке келіп даладан малымызды үйге әкелді. Оны жеткізу де оңайға соққан жоқ. Әбден әлсіреп қалған мал өздігінен тұра алмайтындықтан көптің күшімен көтеріп тұрғызамыз. Қыстан аман-есен шыққан ақ адал малымыздың осындай жағдайға тап болғаны қиын-ақ.

Жергілікті мал бағымын ұйымдастырушылар ауыл халқы үшін өте маңызды бұл өзекті мәселені ертерек ойлап, мал өріске шыққанға дейін бағымды дер кезінде ұйымдастырса, бұндай жағдайлар болмас еді. Өйткені малдың амандығы бақташының жауапкершілігінде болғандықтан оған жіті көңіл бөлінеді. Бақташының бағымындағы мал өз еркімен жүрген малдардай бет алған бағытына жүре бермейді. Сондықтан мал бағымының ерте бастан ұйымдастырылғаны тұрғындар үшін тиімді деп ойлаймын. Тым болмаса әуел баста өрісінде батпағы бар бағыттарға міндеті түрде бақташы шығарған дұрыс,- дейді Қаратөбе ауылының тұрғыны Ғалия Дүйсенова.

005

Ауыл тұрғындарының мал бағуға немқұрайлы қарайтындығы аталмыш мәселеге едәуір кері ықпалын тигізетіндігі белгілі. «Мал баққанға бітеді» демекші, ата-бабамыз малмен күнелткен. Бірақ ауыл халқы бұрынғыдай мал бағуға құлықты емес. Мал бағымын ұйымдастырушылардың бәрінің айтатыны: «Мал бағуға ешбір адам шықпайды».

«Қалауын тапса, қар жанар» демекші сәтін тауып жұмыстанса, шешілмейтін іс болмайды.Бар мәселе тұрғындармен өтетін жиналыстан кейін шешіліп жатса игі, ол уақыт еншісінде.

Ерболат Мырзағұлұлы,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале