9.12.2021, 10:20
Оқылды: 91

Бір сәт – мәңгі тарих

Биыл қазақ фотоөнеріне – 180 жыл. Ең алғаш ақ-қара болып түсірілген фотосуреттер осы уақыт аралығында үлкен өзгерістерге ұшырағаны белгілі. Ең алғашқы1839 жылы Францияның Париж академиясында Луи Дагер мен Джозеф Ньепс деген ғалымдар фотографияны өмірге алып келген. Үш жылдан соң 1841 жылы Жәңгір хан Ордада мектеп ашқанда арнайы фотограф алдырып, оқушылармен бірге суретке түскен. Сөйтіп бұл өнер қазақ даласына өзінің алғашқы қадамын жасаған.

WhatsApp Image 2021-12-09 at 10.16.52

Қазақ даласында ХІХ ғасырда дами бастаған фотоөнердің тарихы басында арнайы Ресейден және шетелдерден келген еліміздің тұрмыс-тіршілігі мен өмір салтына қызыққан саяхатшылардың, өлкетанушылар мен этнографтардың, фотографтардың тұрғандығы ақиқат. Олардың негізгі назарларына жергілікті тұрғындардың өмірі мен тұрмысы, жеке адамдар мен
отбасылық портреттер түсті. Байтақ қазақ даласына жасалынған түрлі экспедициялардың барысындағы фотолардың қазіргі таңдағы тарихи құндылығы аса жоғары екендігі айтпаса да түсінікті. Өз заманында Орынбор, Омбы, Семей сияқты қалаларда ашылып, жұмыс істеген жекеменшік фотосалондар мен фотопавильондарда түсірілген фотолардың көптеген тарихи тұлғаларымызды танып, білуімізге, олардың жарқын бейнелерін ғасырлар бойы сақтап қалуымызға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда еліміздің архивтері мен музей қорларында халқымыздың қоғамдық, саяси-әлеуметтіктұрмысы туралы көптеген танымдық туындылармен қатар, жеке тұлғаларымызға қатысты қаншама құнды фотосуреттер сақталуда.

Ал қазақтың тұңғыш фотографы – Шәңгерей Бөкеев екенін көп ешкім біле бермейді. Яғни қазақ фотоөнері Батыс Қазақстан облысынан бастау алды деп сеніммен айта аламыз.1901 жылы Бөкей ордасының 100 жылдығы аталып өткенде Петерборға қонақ ретінде шақырылған Шәңгерей Бөкеевке Николай ІІ патша барлық құрал-жабдықтарымен фотоаппарат сыйлаған.

Екі ғасырға жуық тарихы бар фотоөнерінің бүгінде заманға сай сан түрге еңгені белгілі. Технология дамыған ғасырда фотопараттардың да түрлері көбейіп, сапасы күн санап артуда. Тіпті ұялы телефондардың көпшілігі бір-бірінен тек фотокамерасының сапасымен ерекшеленетіні рас.

Жалпы қалалық жерлерде түрлі фотосалондар мен фотостудиялар бүгінде жұмысын жүргізіп келеді. Бұның өзі халқымыздың фотоөнеріне деген қызығушылықтары бар екенін көрсетіп тұр.

-Фотостудиямыздың жұмыс жасап келе жатқанына 5 жылдан асты. Өзіміздің фотографтарымыз бар. Кейде әуесқой фотографтар студияны жалға алып жатады. Адамдар отбасымен мереке қарсаңында көп келеді. Сонымен қатар үйлену тойы кезінде, шақыру билеттеріне, мерейтойларға арнап түсіп жатады. Жаңа жыл қарсаңында жанұясымен келіп фотосессия жасайтындар көп. Кейде үлкен кісілер «осыны кім шығарған өзі» деп сөйлеп жатады, бірақ балаларының көңілі үшін түседі. Артынша «қандай керемет еді» деп мәз-мейрам болып жатады. Фотосессия жасаған соң «енді бір жерге отырып тамақтанайық» деп жоспарларымен бөлісіп жатады өзара. Сол уақытта фотосессиялардың отбасы үшін қандай жақсы жақтары бар екенін түсінесің. Әдемі жерде, жылы атмосферада жасаған фотосессия жанұя мүшелерін жақындастыратындай көрінеді. Ал соңынан фотосуреттердің барлығын өңдеп берген соң тіпті қуанып жатады. Ол суреттер бір жанұяның бақытты шағынан мәңгілік естелік болып қалады ғой. Өз жұмысымыздың біреулерге бақыт сыйлағанын көргенде біз де шабыттана түсеміз,- дейді оралдық фотограф Валентина Морозова.

«Жалпы фотоаппарат құрылғысы Жозеф Нисефор Ньепстің атымен тікелей байланысты. Француз өнертапқышы 1765 жылдың 7 наурызында Шелон-сюр-Сон қаласында дүниеге келген. Ньепстің ата-анасы өте құрметті адамдар еді. Жозефтың әкесі Людовик XV патшаның  кеңесшісі қызметін атқарса, шешесі белгілі  құқық қорғаушының қызы болатын. Жозеф әскерге барып келгеннен кейін туған ағасы Клод екеуі    бірігіп, зерттеу жұмыстарына кіріседі. Ағайындылар алдымен іштен жану қозғалтқышын құру арқылы танылады. Бірақ, бұл    жетістік оларға аздау көрінгендіктен, олар зерттеу жұмыстарын әрі қарай жалғастырады. Ағайындылар 1816 жылдан бастап, фото жасау  өнерін зерттей бастайды. Зерттеу жұмыстарын жүргізуде аянбай тер төккен Жозеф пен Клод Ньепстер нәтижесінде 1822 жылы «Жайылған  дастарқан» атты көріністі суретке түсіреді. Бұл адамзат тарихындағы ең алғашқы фотосурет».

Бүгінде фотоаппараттардың түрі қандай көп болса, фотосуреттің де түрі соншалықты алуан. Мысалы, «Портрет», «Пейзаж», «Макро», «Микро», «Репортаж» т.б. Сол сияқты бүгінгі таңда көпшіліктің назарын аударған «Мобилография» саласы да – фотоөнерінің жаңа бір қыры. Мобилографтар – бұл қолындағы ұялы телефонымен-ақ әдемі фотосуреттер жасайтын маман. Бұл сала, әсіресе ғаламтор желісінде жақсы дамыған. Мобилографтың қызметіне блогерлер көп жүгінеді.

-Жалпы мобилаграфия саласы – қазіргі таңда көп сұранысқа ие саланың бірі. Көбіміз қолымызға неше түрлі қымбат смартфондарды ұстап алып оны дұрыс пайдаланбай жатамыз. Мобилаграфия сол қолыңыздағы телефонды қалай пайдалану керектігін және айналаңыздағы болып жатқан күнделікті тіршілікті камераның көзімен қарауды да үйретеді. Мен бұл салаға аса қызығушылықпен келдім. Өйткені көзбен көріп жүрген нәрселерді фото, видеоға түсіру мен үшін бір қызық нәрсе болды. Қалтамнан телефонымды алып кез келген жерде естеліктер жасай аламын. Дейтұрғанмен түсіру керек екен деп түсіре беруде дұрыс емес екенін, оған білім керектігінде түсіндім. Сосын қабілетімді одан әрі шындамақ болып курстар оқи бастадым. Сол курстардың арқасында дами түсіп фото видеоны әдемі жасайтын дәрежеге жеттім. Онымен тоқтап қалмай осы саламды да табыс көзіне айналдыра білдім. Мобилография әлемнің түкпір-түкпірінде тұратын, әртүрлі тілдерде сөйлейтін адамдар арасындағы байланыс құралы ретінде өте маңызды. Суретке түсірген адам өз эмоцияларын, сезімдерін, көңіл күйлерін жеткізуге тырысады. Алайда әзірге көптеген адамдар бұл жанрға күмәнмен қарап, өнер деп есептемейді. Соған қарамастан, техникалық құралдар жетілдірілуде, мобильді фотографияға арналған құрылғылардағы камералардың сапасы жақсаруда. Сондай құралдар тіпті жоғары сапалы бейне жазбалар жасауғамүмкіндік береді, – дейді мобилограф Ақылбек Амантаев.

«Сандық фотоқұрылғылар пленкалы фотоаппараттардың орнын басқандықтан, қазіргі таңда пленканы магазин сөрелерінен таба алмайсыз. Фотопленканы жады құрылғылары ауыстырғанымен, фото түсіру өнерінде пленканың алатын орны ерекше. Жоғарыда айтылған дүниенің көмегімен адамзат бір ғасырға жуық фото түсіру өнерімен айналысқан».

Газет саласында да фото өнері өзінің биік бағасын алды. Баспасөз қызметі алғаш болып жарық көрген сәттен бастап-ақ фото бірге келе жатыр десек жалған болмас. Бүгінде кез келген газет мақаласы өзінің фотосуретімен ғана дәлелді әрі өтімді болмақ. Бұны газеттің фототілшілері өте жақсы түсінеді.

-Фотоөнер – ерекше қабілет пен ұшқыр қиялды талап ететін сала. Көздің жауын алатындай, биік талғамға сай сурет түсіру – екінің бірінің қолынан келе бермес машақаты мол жұмыс. Қазіргі уақытта қарыштап дамыған уақытта фотосуреттің алар орны ерекше. Өзім фотоаппаратты қолға алғаннан бұл істің қаншалықты жауапты екенін түсіндім. Біз сияқты аудандық газетте жұмыс істеп, аудан тарихына үлесімізді қосу бір ғанибет. Камераның сиқыры бірінші адаммен жолықтырады, екінші өмірде болып жатқан дүниеге көзқарасың өзгере бастайды. Ешкім сені елемейді, ал сен уақытты тоқтатып қойып, өмірдің әр сәтін тамашалайсың. Әрине қазір ақшаң болса, фотоаппараттың түр-түрін алып шарт-шарт етіп суретке түсіре беруге болады. Бастысы сапа. Қас-қағым сәтте сарт еткізіп, суретің ойдағыдай болғанға не жетсің. Қуанышың қойныңа сыймай кетеді. Бұл үлкен жауапты іс.  Қоршаған ортаңа фотообъективпен қарасаң мүлдем бөлек. Қарапайым күнде көріп жүрген жеріңді басқаша көз қарас қалыптастырады. Бір суретпен бүкіл жайтты баяндауға болады. Биыл, міне, осы өнердің қазақ даласына жеткеніне 180 жыл толып отыр екен. Бұл айтулы дата. Әрмен қарай осы сала елімізде дамып, қарыштай берсін,- деп өз тілегін жеткізді әріптесіміз, Ақжайық аудандық «Жайық таңы» газетінің фототілшісі Нұрбек Ихсан.

WhatsApp Image 2021-12-09 at 10.10.13

Фотоапарат объективі өмірдің жаңа бір қырларын байқауға, айнала қоршаған ортаға жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік береді. Түсінетін жандар үшін бұның өзі бір ғанибет. Фото өнерінің қызығына кірген әуесқой жандар үшін бүгінде фотоға түсіріп үйренудің неше түрлі жолы бар. Онлайн курс керек пе, немесе барып оқимын десеңіз де өз еркіңіз. Осының барлығы фото өнерінің бір орында тұрып қалмағанын көрсетеді.

Әсем Серікқали,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале