30.05.2024, 12:30
Оқылды:

Редактор Сәтбек Иманқұлов

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні

 

Осыдан он бес жыл бұрын «Азалы кітапты» (жазықсыз жала жабылып, «халық жауы» атанған боздақтар туралы) бастанаяқ мұқият оқып отырғанымызда, Сәтбек Иманқұлов деген фамилия кө-зімізге түсті. Оның біздің назарымызды ерекше аударғаны – тұтқындалған кезде «Екпінді құрылыс» (қазіргі «Орал өңірі») газетінің редакторы болып істеп жүр екен... Шыны керек, айтқызбаған заманның ызғары ма, сол кезге дейін ол кісі туралы білмек түгілі, атын да естімеппіз. «Орал өңірінің» редакциясына сонау 70-жылдардың екінші жартысында келген едік. Ол тұста 30-жылдардың ойранын өз көздерімен көрген, кейбіреулері тіпті оның зобалаңын бастарынан кешкен журналист ағаларымыздың қатары баршылық болатын. Бірақ ол кезеңдер туралы ағаларымыз мүлдем әңгімелемейтін. Халық арасында сол 30-жылдарда кең тараған «Больше трёх не собираться» деген сөздің нені меңзеп айтылғанын ағаларымыздан жастыққа тән қызығушылықпен сұрайтынбыз. Сонда үлкен ағаларымыз «Қарақтарым, ол кездің несін сұрайсыңдар... Ондай күндер енді қайтып келмесін» деп көрген-білгенін айтудан жалтаратын. Айтса да алыстан орағытып өтетін. Сол ағаларымыз ең болмаса, өзімізге бәрінен жақын (журналист қой) Иманқұлов туралы бізге неге жақ ашпады екен?..

InShot_20240530_104811017

«Азалы кітаптан» оқыған есім осы жолдардың ауторына тыныштық бермей, ақыры, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне редакциядан ресми сұрау салған хатты қалтама басып, сыртынан ызғарлы көрінетін кеңсенің табалдырығынан аттадым. Өтініш хатты алып қалған олар өзіміз хабарласамыз деді. Сонымен арада бірнеше күн өтті. ҰҚК тым-тырыс. Шыдай алмай, өзіміз хабарластық. Құдіреті күшті мекеме «Хабар күтіңіз» деп салқын қайырды. Арада он шақты күн өткенде біз іздеген құжат қолымызға тиді-ау... Әрине, ҰҚК-ның талабы, тәртібі бойынша өзіңіз көрген құжаттан ештеңені көшіріп немесе суретке басып алуға болмайды. Сондықтан бұл жолдардың ауторына бірнеше рет баруға, барған сайын «қылмыстық іс» аталатын бір томдықтың әр бетін ғана емес, әр жолын еске сақтап, көңілдің пленкасына тайға таңба басқандай көшіріп алуға тура келді. Сол бойда редактор Сәтбек Иманқұлов – туралы көлемді мақала жазылып, «Орал өңірінде» жарияланды. Енді, міне, сол мақаланың етек-жеңін ықшамдап, оқырмандардың жадында редактор Иманқұловтың есімін тағы да бір жаңғыртып қоймақшымыз.

 *  *  *

1937 жылдың 5 қыркүйегі күні Орал қаласы, Совет көшесіндегі (Қасым ақынның сол жылдарда «Кешкенмін, Совет көшесін, Кеудемді ашып құрбыма» деп жүрек қылын шертетін жастық жырындағы, әйбат әнге бергісіз  өлеңіндегі қазіргі Достық даңғылы ғой) 174-үйдің ауласына халық аузында «қара құзғын» аталып кеткен қара машина екпіндей келіп тоқтады. Сәлден кейін облыстық «Екпінді құрылыс» газетінің редакторы Сәтбек Сәрсенұлы

Иманқұлов тұратын үшінші қабаттағы пәтердің есігі сарт-сұрт қағылды. Сол кездегі БҚО НКВД басқармасының бастығы, майор Ромейконың қолы қойылған ордерді жалаңдатқан сержант (бар болғаны) шеніндегі қазақтың екпіні тау құлатардай еді.

Ордермен бірге Құдайдың қолын ұстағандай болып келген сержанттың төсқалтасындағы қағаз Ромейконың алдына осыдан екі күн бұрын (3 қыркүйек, 1937 жыл) барған еді. Әр сөзі мірдің оғындай. «Иманқұлов – Батыс Қазақстан облысындағы белсенді қимылға көшкен ұлтшыл контрреволюциялық ұйымның белсенді мүшесі. Ұйым Қазақстандағы ұлтшыл орталықпен тығыз байланыста. Иманқұлов сол орталықтың арнайы тапсырмасымен ұлтшылдық әрекетін белсенді жүргізіп жатқандығын дәлелдейтін оперативтік мәліметтер бар» деп келген әлгі ордерге Ромейко көк қарындашпен сойдақтата қол қойыпты.

Үйде Иманқұловтың  жас келіншегі София, төрт жасар қызы Ная, бір жастағы ұлы Өмірбек және 69 жасар әкесі Сәрсен қарт бар еді.

Сержантпен еріп келген өңкей бір әкіреңдеген әскерилер үй ішінің астан-кестенін шығарды. Редактордың дүние-мүлкін айтпағанда кітапханасы бай- тұғын. Көркем әдеби кітаптардың өзі 500-ге жуықтайтын. Бұған Маркс, Энгельс, Ленин мен Сталиннің кітаптарын қосыңыз. Сержант бастаған айдауылдар өздерімен ерте келген куәларды қақшитып қойып, ешкімді үйге кіргізбеді, жан баласын сыртқа шығармады. Әр кітапты ақтара қарап, ішінен ештеңе таба алмағандарына ыза болғандай, еденге лақтырып жатыр. Арасында қолдарына күн көсемдердің кітаптары іліге қалса, өйтпейді, алған орындарына еппен қайтадан қояды. Біраз уақыттан кейін редактордың паспортын, партиялық билетін қаттап, қалтасына басқан сержант айдауылдарымен Иманқұловтың 20-сыншы калибрлі аңшы мылтығын, «Маузер» тапаншасын тәркіледі (ол кезде обком хатшылары мен облыстық газеттің редакторларына арнайы қару беріп қоятын тәртіп болған. Анау «Маузер» «Екпінді құрылыстың» редакторына сол ретпен берілсе керек. Өйткені, әрі қарай жүрген тергеу, жауаптау кездерінде, олардың хаттамаларында тапанша туралы мүлдем сөз болмайды).

Сәлден кейін сержант бастаған айдауылдар редакторды алдарына салып, үйден шыға берді. Үйелмелі-сүйелмелі ұлы мен қызын бауырына қысып, еңіреген София мен сақалын жас жуған Сәрсен ақсақал үйде қала барды. Одан әрі сүт пісірім уақыт өтті ме, өтпеді ме жаңағы 174-үйдің ауласына тағы бір көлік келіп тоқтады. Бұл жолғысы қорабында 5-6 солдат отырған жүк машинасы еді. Арада бірнеше минут өткенде үшінші қабаттағы үйдің шалқайта ашылған терезелерінен машинаның қорабына солдаттар киім-кешек, кілем-төсеніш, кітаптарды лақтырып тией бастады. Дүние-мүліктен ада болған үйден ертесіне редактордың жанұясы біржола қуылды.

 *  *  *

Сәтбек Иманқұлов сонау Қаратөбенің Ханкөл ауылының тумасы. Сонда 1904 жылы дүниеге келеді. 1919-1922 жылдары ауылдық кеңесте хатшы болып жұмыс істепті. Сол кездің оқыған-тоқыған, көзі ашық, жас қайраты – комсомолы. 1922 жылы Орынбор сапарлап, онда үш жыл оқиды. 1925 жылы Жымпитыға жолданып, уездік комсомолдың жетекшісі болып жұмыс істеген. Осында жүргенде жан-жақты сауатты, 21 жасар  жас өрен  сол кездің тілімен айтқанда шаруасы дүмді, Нығыметжанов деген байдың қызын шын сүйіп, үйленеді. Кейін, яғни 1937 жылы істі болғанда қауіптің бір бұлты сол «байдың қызына үйленген» деген желеумен қайын жұрт жағынан төнетінін кім білген?.. Әрине, оны көңірсітіп жүргендер қайын жұрт жағы емес, редакторға жала жапқан жалақорлардың төңірегінен шығыпты. Бірақ тырнақ астынан кір іздейтін сол тұста байдың қызына үйленген деген желеу де Иманқұловтың кінәсін ауырлата түседі. Өйткені, бұған Сәтбек Сәрсенұлының бір кезде атасы Иманқұлдың қолында тәрбиеленгені және қосылады. Иманқұл қария оқыған-тоқыған, патша ағзамның кезінде сот болған кісі. Оның үстіне ауқатты, бай болғанын қайда қоясыз?  Бірақ редакторды бір күнде тұтқындап, тар қапасқа қамауға себеп болған бұдан да «мықты дәлел» бар еді.

snapedit_1716957737372

Иманқұловты айдап алып кеткен сержант оны сол күні жауаптың астына алады. «Сіз ұлтшыл-контрреволюциялық ұйымның мүшесі көрінесіз. Ол ұйымға қашан кірдіңіз?» Бұл алғашқы сұрақ. Редактор оған «Ешқандай ұйымға ешқашан мүше болған жоқпын» деп жауап береді. Тергеуші қадалған жерінен қан алып, «Тергеу сіздің сөзіңізге сенбейді. Уақыт алмай, бұлтақтатпай шындығыңызды айтыңыз» деп отырып алады. «Мен шынымды айтып отырмын, ешқашан, ешқандай ұйымға мүше болған емеспін». Тергеуші одан әрі:

– Тергеу сіздің ұлтшыл-контрреволюциялық ұйымға мүше екендігіңізді анықтады. Сондықтан шыныңызды айтуыңызды тергеу сізден үзілді-кесілді талап етеді, – деп мәжбүрлеуге татырлық белсенділікке көшеді. Алғашында мұндай жаланың кімнен немесе кімдердің тарапынан жабылғанын білмеген редактор ешқайда, ешқашан мүше болмағанын айтып, сол айтқанынан қайтпайды. Әп дегенде жалаң қолмен редактордың шаруасын бітіріп жібермек болған тергеушінің мақсаты жүзеге аспады ма, әлде осыншама уақыт жасырынбақ ойнады ма, ол жағы белгісіз. Әйтеуір арада екі ай уақыт өткенде, Иманқұловқа жабылған жалалардың «куәлары» пайда болып, жауаптау ауаны өзгере бастайды. Әрине, ол «куәлардың» ары таза болғандықтан, екі ай бойы айтқанынан қайтпаған, қайтарған жауабынан танбаған қайсар редактордың үстінен әдейі ұйымдастырылған жандар болуы әбден мүмкін.

«Екпінді құрылыс» газетінің редакторына тағылған айып ауыр болатын. Ол сол кезде тырнағына іліккендерді тірі жібермейтін 58 баптың жаналғыш тармақтарына тура келіп тұрды. Тергеушілердің уәждерінше, Иманқұлов Батыс Қазақстан облысындағы контрреволюциялық ұйымның белсенді мүшесі болуымен қатар, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, ұйымға жаңа мүшелер тартыпты. Ал енді облыстағы бас газеттің басшысын тұтқындауға себеп болған контрреволюциялық ұйымға өзі «тартқан» сол адамдардың арызы... Сонда олар кімдер? Бірқатары өзімен жұмыстас болған қарауындағы қызметкерлері (олардың да біразы 58 баптың қанды шеңгеліне ілініп, атылып кеткен). Енді біреулері күні кешеге дейін жанұяларымен мидай араласып келген жолдастары... Тағы біреулері жұмыс бабында кездесіп, талай пікірлескен әр саланың қызметкерлері. Бәрі де мұның үстінен неше түрлі айыпты үйіп-төгеді. Солардың көңірсіткені ме, әлде уақытын күтіп жатты ма, НКВД-ның Иманқұловты қырына алуының тағы бір себебі бар сияқты. Ол 1926 жылы комсомолец Сәтбектің  Жымпиты уезіндегі жастардың көсемі болып жүрген кезінде партиядағылар екі топқа бөлінеді. Садвақасовшыл болып, меңдешовшіл болып өзара айтысқан сол бір аласапыран шақта Сәтбек соңғысының жағында қалады. Кейін коммунистік партияға жат, жау бағыт болып есептелген меңдешовшілердің де жау болып шыға келетіні өзінен-өзі белгілі. Бұған қоса редактор таптық көзқарасы бұзық, ойы жат адамдарды газетке жұмысқа қабылдаған-мыс. Тап жауларын ақи-тақи әшкерелейтін материалдарды газетке жариялап отыруға онша құлықты болмаған. Мысалы, редакцияның стенографисткасы қызметіне обкомның айтуымен алынған келіншек кейін байдың қызы болып шығады. Әрі оның әкесі алашордашылардың мүшесі ретінде азамат соғысының ақ иық батыры Аманкелді Имановты өлтіруге қатысқан (стенографистка келіншек деп отырғаны соңынан Мұхтар Әуезовтің атақты «Абайын» стенографиялаған Дәмеш Байқадамова апайымыз ғой). Иманқұловқа тағылған кінәлар осылай жалғасып кете барады. Батыстағы осынау ірі контрреволюциялық ұйымның басында сол кездегі обкомның хатшысы Ізмұқан Құрамысов тұрған-мыс. Құжатта талай адамдардың есімдері жүр. Оралдың қазақ драма театрының директоры Жұмат Шанин (жазықсыз атылып кеткен), әнші-артистер Қанабек Байсейітов пен Манарбек Ержанов куәлардың мәлімдеуінше, ұлтшыл ұйымның «мүшелері болған».

Редактор Иманқұлов 1938 жылдың ақпанында арнайы этаппен Алматы қаласына жеткізіліп, тергеу енді сонда жалғасады. Ақыры, 1938 жылы 8 наурыз күні Иманқұловтың ісін қараған «үштіктің» соты 13 сағат 15 минутта басталып, 13 сағат 30 минутта аяқталады. Үкім шығарардың алдында Иманқұловқа соңғы сөз беріледі. Отыз үш жасар Сәтбек Иманқұлов Кеңес үкіметі алдында зәредей кінәсі жоқ екенін айта келіп: – Менің адал екенімді ескерсеңіздер екен, – деп аяқтайды сөзін. Алайда бір адамның өмірін он бес минут безбенге сыйдырған «үштік» илікпеді. Өлім жазасына кесті. Үкім сол күні орындалған.

Редактор Сәтбек Сәрсенұлы Иманқұловтың есімі содан кейін 20 жыл бойы еш жерде аталмады. Жиырма жыл бойы оның жары Софияның күйеуін ақтап алу үшін бармаған, жазбаған жері қалмапты. Жиырма жыл дегенде күйеуінің ақталғандығы жөніндегі ақтау қағазы оның қолына тиеді. Софияның және оның ұлы мен қызының кейінгі тағдыры бізге белгісіз. Кімдері бар екен  бүгінде, Иманқұловтың соңында қалған?..

Біз осылай деп мақаламыздың нүктесін қойған едік сол кезде.

Көп ұзамай, Қаратөбенің Ханкөл ауылының тумасы Жеңсікбай Шүйінішқалиұлы Бейісов деген азамат хабарласты. Қатты қуандық. Араға бірер апта салып, редакцияға Жеңсікбайдың өзі келді. Редактор Сәтбек Иманқұловтың әкесі Сәрсеннің Битілеу деген інісі болған. Битілеуден Бейіс туады. Жеңсікбайдың әкесі Шүйінішқали сол Бейістің баласы. Ол бізге сол кезден сақталып қалған жалғыз суретті ала келіпті. Онда София жеңгеміз ұлы Өмірбекпен, келін-немерелерімен түсіпті. Алайда бұл кісілердің кейінгі тағдыры бізге әлі белгісіз. «Үмітсіз шайтан» деген ғой, бәлки Иманқұловтың ұрпақтары бар шығар деген үмітіміз зор...

Есенжол Қыстаубаев,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале