24.04.2026, 12:00
Оқылды: 12

«Алтын алма» базарына рейд: делдалдар бағаға қалай әсер етеді?

Орал қаласындағы «Алтын алма» базарында баға қалыптастырудағы делдалдық жүйені анықтау мақсатында өңірлік комиссияның көшпелі рейді ұйымдастырылды.  Тексеруге сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің, қала әкімдігінің, ауыл шаруашылығы басқармасының, санитарлық қызмет, монополияға қарсы және мемлекеттік кірістер құрылымдары, БАҚ өкілдері қатысты.

43571c35-c2c0-462a-ad4c-917e8718d12d

«Қазір ескерту берілмейді, бірден айыппұл салынады»

Бұл тексерістің мәнісі мынада – делдалдарды анықтау және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сату ережелерін түсіндіру. Соның ішінде тауарларға сауда үстемесі 15%-дан аспауы тиіс екендігін ескерту.

Базарда   әдеттегі қарбалас.  Сауда қатарларында сатып алушылардың кейбірі тауар таңдап жүрсе, енді бірі тауар сатып алуда. Сатушылар қауырт қызмет көрсетуде.  Ал комиссия мүшелері бағалар мен жеткізу көздерін нақтылап, сауда нүктелерін аралап шықты. Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Эльмира Қиматованың айтуынша, тексерулер көбіне тұрғындардың арыз-шағымы негізінде жүргізіледі.

– Тұтынушылар көбінесе тауарлардың бағасы көрсетілмейтініне шағымданады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлері тізімі туралы сұрайды. Баға мониторингі апта сайын көшпелі топтардың жұмысының нәтижесіне сүйеніп жүргізіледі, – деді Эльмира Қиматова.

Оның сөзінше, жыл басынан бері сауда үстемесін асыра қолданған 49 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. «Қазір ескерту берілмейді, бірден айыппұл салынады», – деп атап өтті аталған департамент басшысы.

Делдалсыз сауда жоқ

Базардағы делдалдарды баға өсіміне негізгі себепкер деуге болады. Рейд барысында тауар жеткізу тізбегіне ерекше назар аударылды. Тексеру нәтижесінде өнімдердің басым бөлігі базарға делдалдар арқылы жеткізілетіні анықталды. Ет сатушылардың айтуынша, өнім тікелей өндірушіден сирек жеткізіледі.

b0d4a3f4-439c-4baf-ac81-b5644b3d2013

– Етті көбіне алыпсатарлардан аламыз. Өндірушіден алсақ, еттің келісі 100-200 теңгеге арзанға шығады, – дейді олар.

Мамандар барынша 15%-дық үстеме сақталғанымен, бәрібір соңғы баға айтарлықтай өсіп кетуі мүмкін екенін айтады. Осындай қосымша 100-200 теңге бағаның өзі сырт көзге «көрінбейтін» өсу факторына айналады.

Көкөніс павильондарында да жағдай ет сөрелеріне ұқсас. Сатушылар жылыжай шаруашылықтарынан өнім тікелей жеткізілмейтінін айтады. «Көкөністі негізінен делдалдар әкеледі. Шаруашылықтардың өздері жеткізумен айналыспайды», – деп түсіндірді сатушылардың бірі. Мұндағы сауда үстемесі кем дегенде 50 теңге, кейде одан да жоғары көрінеді. Сатушылармен сөйлескенде түйгеніміз делдалдардан толық бас тарту әзірге мүмкін емес. Бұған басты себеп – логистика. Өндірушілерде өнімді өздігінен жеткізуге қажетті көлік, жүргізуші және уақыт жағы тапшы көрінеді.

Ветеринарлық анықтама бағаға әсер ете ме?

Рейд барысында ветеринарлық анықтамалар мәселесі де көтерілді. Сатушылардың пікірінше, ветеринарлық анықтамалар да ет бағасына әсер етеді.

– Қасапхананың анықтамасы болмаса, базарда сатуға ет қабылданбайды. Тіпті ауыл әкімдігінен анықтама болса да, қайтадан құжат талап етіледі, – дейді олар.

Мәселе барлық ауылда қасапханалардың болмауына байланысты күрделене түседі. Соның салдарынан өндірушілер өнімін делдалдарға сатуға мәжбүр, ал олар құжаттарды рәсімдеп, тауарды базарға жеткізеді. Бұл жағдайға қатысты ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің БҚО бойынша департамент басшысы

Сағындық Ирғалиев өз пікірін білдірді. «Егер ветеринарлық анықтама берілген болса, ол жарамды деп танылуы тиіс. Онда неге қайта рәсімдеу талап етіледі деген сұрақ туындайды», – деді ол. Департамент басшысы мұндай талаптар қосымша шығындарға әкеліп, ақыр соңында тұтынушыға салмақ түсіретінін  ашық  айтты.

Бақылау күшейтіледі

Анықталған түйткілді мәселелерге қарамастан, мамандар өңірдегі азық-түлік түрлері бағаларының республика бойынша ең төмен деңгейде екенін атап өтті. Облыста тұрақтандыру қоры арқылы көкөніс өнімдерін төмендетілген бағамен сату жалғасуда. Мәселен, картоп бір қолға 10 келіден аспайтын мөлшерде, келісі   165 теңгеден сатылуда. Тұрақтандыру қорының өнімдері Орал қаласындағы 54 ірі сауда нүктесінде, соның ішінде «Алтындар», «Суровский», «Анвар», «Дина», «Манго», «Вега» сауда желілерінде және аудандардағы дүкендерде қолжетімді.

Рейд қорытындысы бойынша ведомство өкілдері өндірушіден бастап тұтынушыға дейінгі өнім жеткізу тізбегін бақылауды күшейту жоспарланып отырғанын мәлімдеді.

– Біздің міндетіміз – артық делдалдарды азайтып, баға қалыптастырудың ашықтығын қамтамасыз ету. Бұл қымбатшылықты тежеуге және өнімдердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді, – деп атап  өтті комиссия өкілдері.

Мұндай рейдтер алдағы уақытта да жалғасады. Жақын күндері қаладағы басқа базарларда, соның ішінде таңертеңгі мезгілде мониторинг жүргізу жоспарланып отыр. Бұл тәсіл  бағаның тауар базарға түскен сәттен бастап қалай қалыптасатынына көз жеткізуге мүмкіндік  береді.

Гүлбаршын Дыбысқалиқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале