Жақында 7-8 сынып қыздары арасында волейболдан «Шұбар доп» Ұлттық мектеп лига жарыстарының облыстық кезеңі өтті. Аталған жарысқа аудандық кезеңнің жеңімпаздары Ақсай қаласының №4 ЖОББМ-нің қыздар командасы қатысты.
Облыстық кезеңнің жалпыкомандалық есебінде №4 ЖОББ мектебінің 7-8 сынып қыздары жүлделі І орынды жеңіп алып, республикалық кезеңге жолдама ұтып алды. Сонымен қатар команда құрамындағы Полина Кравченко үздік атанып, «Үздік ойыншы» аталымымен марапатталды.
Жеңімпаз команданың құрамында Аяна Ғұсман, Аружан Қуаныш, Малика Амантаева, Каусар Жасталап, Дария Қасымова, Самира Иликеева, Полина Кравченко, Яна Михальчук, Алсу Ғалиуллина, Диляра Бексейтовалар болды. Қыздарды жарысқа дайындаған дене шынықтыру пәні мұғалімі, «Волейбол» үйірмесінің жетекшісі Айдос Ашығалиев.
Республикалық кезеңде аудан, облыс намысын қорғайтын Ақсай қаласының №4 ЖОББМ-нің қыздар командасына сәттілік тілейміз.
Айдана Абдрахманова,
Бөрлі ауданы