19.11.2021, 10:06
Оқылды: 45

«Бүгін класта кім кезекші?»

Осы сұрақ Кеңес мектептерінде білім алған әр адамның есінде шығар. Есіктен кірер-кірместен мұғалім сыныпты көзімен бір шолып шығып, кезекшілерден сабаққа қатыспай отырғандарды сұрап, түгендейтін. Тақтаның алдында бор мен дымқыл шүберектің болуы бұлжымас заңдылық. Бала болсақ та, өзімізге жүктелген жауапкершілікті түйсініп, кезекшілік маңдайымызға бұйырған күні, қарымызға қызыл матаны байлап алып, тазалық пен тәртіпті қырағы сақшыдай бақылайтынбыз. Қайран, балалық шақтың керемет естеліктері-ай десеңізші...

????????????????????????????????????

Содан бері білім саласына талай реформалар енгізіліп, ұл-қызды жауапкершілікке, еңбекқорлыққа баулитын осы бір жақсы үрдіс бала еңбегін қанайтын әдістердің бірі ретінде мектептерде атымен жойылды. Нәтиже қандай? Мектепте оқушы айналасындағы тазалыққа да, тәртіпке де жауапты емес. Сөмкесін арқалап келіп, жарытып оқыса, оқығаны, оқымаса, сол сөмкесін асынған күйі үйіне кері қайтады. Осы олқылықтың орнын толтыруды көздеген Ақжайық аудандық білім бөлімі жаңа оқу жылы басталысымен, Жайық негізгі және Ораз Исаев атындағы орта мектепте оқу және тәрбие бағдарламасына «Еңбек EDUCATION» әлеуметтік жобасын пилоттық негізде енгізіпті. Қазақшалап айтсақ, «Еңбек арқылы оқыту» деп түсінсеңіз болады.

Аталмыш жобаның басты мақсаты – балалардың  санасында еңбекке қатысты оң көзқарас қалыптастыру, еңбекқорлықты, жауапкершілік пен мақсаткерлікті ұрпақ жан дүниесіне сіңіру.

Бұл жоба аясында аптаның әр күніне әр сыныптан  кезекші  тағайындалып, олар өздері дәріс алатын кабинеттің тазалығын, жалпы мектептегі тәртіпті қадағалайды.

«Аудандық білім бөлімі жаңа жобаны қолға алыпты» дегенді естіген бойда, Жайық негізгі мектебін бетке алып, атқа қондық. Көзімізге түскені – шағын ғана мектептің айналасындағы мұнтаздай тазалық. Үзілістің кезіне дәл түсіппіз. Ұл-қыздар сыныптарында гүл отырғызып, парталардың шаңын сүртіп жатыр екен.

– Адам баласы өмірге келген күннен еңбекпен тығыз байланыста болады. Шарананың тар құрсақтан мына жарық дүниеге келгенінің өзі еңбек емес пе?! «Жалқаулық аздырады, еңбек оздырады» дейді дана халқымыз. Сондықтан оқушыларымызды тәрбиелеудің бір қыры – еңбектенуде. Жаңа жоба аясында оқушылар мектептің ішкі тазалығымен қатар ауланы көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарына да тартылған. Еңбекқорлыққа, қайырымдылыққа, сол арқылы адамгершілікке тәрбиелеудің бір тәсілі – өзгелерге қолұшын созып, көмек көрсету. Осы бағытта біздің шәкірттеріміз ауылдағы жалғызбасты қариялар, мүмкіндігі шектеулі жандар, өзге де көмекке зәру тұрғындарға үй шаруасына жәрдемдеседі. Осылайша олардың бойында өз еңбегін  бағалау, өзгенің жұмысын құрметтеу, бірлесе отырып топпен жұмыстану дағдылары қалыптасады. Қазіргідей ғылым мен техниканың қарыштап дамыған сәтінде, оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру бағытындағы мақсат-міндеттерді қамтып отырған бұл жобаның тиімділігіне шүбәсіз сенемін, – дейді бізбен сұхбаттасқан мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Асылгүл Өтешева.

Тап осындай көрініске ертеңгі күнгі Көнеккеткен ауылына барған сапарымызда куә болдық. Ораз Исаев атындағы мектептің ауласында жасөспірім ұлдар теректердің күзгі күтім-бағымын қамдап, жұмыстануда. Бізді қарсы алған мектеп директоры Нұрлан Есболатовтың жүзінен шәкірттерінің берекелі тірлігіне ризашылығын анық байқауға болады.

– Бала дегеніміз жас өскіндей, барыңды салып, шынайы ынтамен баптасаң, ертең-ақ ибалы, адамгершілігі мол, ізетті азамат болып шығады. Бүгінде адамға ең керек қабілет – еңбекқорлық. Жалқаулықтан озған, өмірде өз жолын тауып, өзгелердің алды болған ешкім жоқ. Бұл – ақиқат. Сондықтан бастама көтерген аудандық білім бөліміне, біздің мектепте осы жобаны енгізуді қолдаған ата-аналарға ризашылығым зор, – дейді ол.

Аталмыш мектепте 109 бала білім алуда. Солардың бастауыш, орта және жоғары сыныптарына  арнап  еңбек тәрбиесі бойынша  жоспар жасалған.  Соған сай аптаның әр сәрсенбісі «Еңбек күні» деп белгіленіп, оқушылар тазалық жұмыстарынан бөлек мектеп ауласы мен ауыл тірлігіне де өз үлестерін қосады. Айталық, күз айларында ағаштардың түбін қопсытып, қураған бұталардан тазартып, сол бұтақтардан өз қолдарымен жасалған түрлі мүсіндермен мектеп ауласын көркейтсе, бастауыш сынып балдырғандары ардагерлерге тілек-ниеттерін білдіріп, ашық хат жазады. Қыс мезгілінде ұлдардың құстарға жемсауыт жасап, ауланы қардан тазалауы, қыздардың ескірген кітаптарды түптеп, қалдықтардан түрлі дүние-жарақ жасауы, топ болып аққала соғу жұмыстары алдағы уақыттың еншісінде.

Оқу жылы басталғанына екі айға жуық уақыт өтсе де, мектепте еңбекке тартылған балаларының жетістіктерін көріп, қуанған ата-аналардың қатарында Фатима Ізбасарова бар. «Осында екі ұлым білім алады. Баланы еңбекке  араластыру қиын. Ата-анасына еркелейді, тіл алғысы келмейді, кей мезетте телефоннан айыру мүмкін емес. Оқу жылы басталмас бұрын, мектепте еңбек тәрбиесі бойынша жоба жүзеге асқалы жатқанын естіп, жолдасым екеуіміз бірден қолдадық. Толық нәтижесі туралы айтуға әлі ерте, бірақ қазір  үйге келгенде, мектепте істеген жұмысын үйде жасағысы келіп тұрады. Үлкені 4-сыныпта оқиды.  2-сынып оқитын балама ойнаған орнын жинастыруды тапсырсақ, үлкен ұлымның оған көмектесіп, қамқор болып жүргенін байқадым. Шынымен, бірігіп жұмыс істеген балаларға қызық. Бір-бірімен ойнап жүріп, біраз шаруаны бітіріп тастайды емес пе? Балаларды топтастырып, еңбекке тартқан тиімді», – дейді ол.

Үзіліс уақытында 10-сыныпқа кірген бізді сыныптастарынан бұрын аңқылдап тұрған жасөспірім қыз бала қарсылап алды. Аты-жөні – Томирис Сәбитова. Әдемілеп тіккен алжапқышы мен басындағы үшбұрышты орамалы аққұба қызға ерекше жарасып тұр. Қолындағы шүберегін тастай сала, бізбен амандасқан ол жасап жатқан жұмыстарымен таныстыра кетті.

– Бұрын мектепте еңбекпен тек технология сабақтарында айналысатынбыз.

Ол да аптасына бір рет болатын. Енді, міне, күн сайын өз сыныбымызды тазалап, сәрсенбіде бәрімізге ортақ жұмыс – мектебімізді көріктендіру, көгалдандыруды қолға алдық. Тазалық ерекше назарда. Кіші қызметкерлер бізге қолғап, хлор береді. Парта-орындықтар, есіктерезелерді тазартып шығамыз. Аса қиын жұмыс емес қой, әрі ұлдар да қолынан келген көмегін аямайды. Орындықтарды көтеріп, суды әлсін-әлсін ауыстырады. Кейде сынып қалған жиһаздарды технология пәнінің мұғалімі Дастан Бижановпен бірге жөндеп те қояды. Бүгін сәрсенбі. Өздеріңіз кіргенде байқаған шығарсыз, мектебіміздің ауласы гүлмен жайнап тұр. Сабақтан босаған соң, сол гүлдердің тұқымын қыздар болып жинаймыз, – дейді жасөспірім.

Бұл мектепте оқушылардың шығармашылық әлеуетін  арттыруға бағытталған өзге жобалар көп-ақ. Солардың бірі – 2017 жылы қолға алынып, әлі күнге жалғасып келе жатқан «Кітап – сенің досың» жобасы. Оқушыларды кітап оқуға ортақтастыруға бағытталған бұл жобаға ұл-қыздар белсенді қатысады екен.

– Биыл мектептегі барлық оқушы осы жобаға қатысуға тілек білдірді. Олардың өтініштерін мектеп кітапханашысы тіркеп алады. Жыл соңында ұл-қыздар оқыған шығармалары бойынша арнайы тапсырмаларды орындап, арасындағы үздіктерін мұғалімдер мен қамқоршылық кеңес өкілдерінен тағайындалған қазылар алқасы анықтайды. Екі жеңімпазға велосипед табыстаймыз. Алғашында велосипедтерді мектеп ұжымы болып сатып алдық. Артынан мектеп түлектері «Өзіміздің соңымыздан ерген іні-қарындас, сіңлілеріміз білімді, кітапқұмар болсын» деп, өздері алып беретін болды. Биыл да былтыр мектеп бітірген оқушыларымыз алып берген су жаңа қос велосипед дәлізде тұр. Жылдың соңында жеңімпаздарға тарту етеміз. Жыл бойы бала кітап оқып, өзінің дүниетанымын кеңейтіп, білімін арттырса, бұл да еңбек емес пе? – деп жымиды мектеп директоры.

Р.S. Иә, пилоттық деп тәжірибе түрінде енгізілген жобаның баланы еңбекке тартуда нәтижелі болатынына бір-ақ сапардың өзінде анық көз жеткіздік. Аудандық білім бөлімі болашақта осындай үрдісті өзге де мектептерде іске қосуды жоспарлапты. Сіз не дейсіз, ата-ана? Балаңыздың еңбекке ерте араласқанын қалайсыз ба?

Әлия Шарапиева,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале