16.01.2025, 15:18
Оқылды: 111

Ақжайықтық Ғабит - дәнекерлеудің хас шебері

Бәрімізге белгілі, осы жылды Президентіміз елімізде «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Бұл – әрине, адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдардың  еңбегіне құрмет, олардың еселі қызметін насихаттауға екпін түсіріледі деген сөз.

Жасыратыны жоқ, кейде жастарымыз мамандық таңдауда қателесіп жатады. Оқу оқып, соншама термен алған сала құлаш дипломын, көңілі қаламайтын кәсіп болғасын, ештеңеге пайдаға астырмай жатқандар қаншама?! Аз ғана мойын бұрып, жан-жағымызға қарайықшы осы, қарапайым жұмысшы болса да, кәсібіне икемі болғандықтан, қызметінде беделге жеткендер бар емес пе?

WhatsApp Image 2025-01-16 at 16.15.46

Сондай жандардың бірі – Жайық ауылының азаматы Ғабит Аралов. Ғабиттің мамандығы – дәнекерлеуші. Бұл кәсіпті меңгеру үшін жоғары оқу орнында табандай 4 жыл оқудың қажеті жоқ, колледжде меңгерген. Бүгінде қай ауылға барсаң да, құрылыстың қарқыны ерекше. Жаңа баспана, қора жай салып жатқандардың да қатары қалың. Міне, осындай шаруа бастаған тұрғындар міндетті түрде  дәнекерлеушінің қызметіне әркез жүгінеді. Жайықтықтардың бағына орай, Ғабит қызметке кірісуге әркез дайын. Темір есік, қақпа, жылыту жүйесін орнату, өзге де дәнекерлеу жұмыстары – шебердің қолынан бәрі де келеді. Жаз айларында жерлестерінен осындай өтініштердің көп түсетіні соншалық, кезекке де тұруға тура келеді екен.

– Бәріміз ауылдың  баласымыз ғой, ерте жастан еңбекке араласып өстік. Ал еңбек адамды тәрбиелейді, жауапкершілікке баулиды.  Қандай жұмыс істесең де, жұрттың көңілінен шығатындай етіп, қызмет қылу үшін табандылық қажет. Ыждағаттылық, төзімділік пен сенімділікпен қаруланбасаң да, істеген ісіңнің олқы тартып кететіні тағы бар, – деп ол әңгімесін әріден бастады, – сонау 2007 жылы Оралдан 3 айлық курсты тәмамдап, дәнекерлеуші  мамандығын алған соң, Астанаға жол тарттым. Жаспыз, жұмыс керек, отырып қалуға болмайды. Бірден дәнекерлеу ісіне араласпадым. Бір жылдай жасы үлкен әріптестеріме көмектесіп, оңды-солын байқадым. Содан кейін ептеп өзім де кірісе бастадым. Үйлердің металл құрылыстарын жасадым. Бұл істе аса мұқият, сақ, абай болуың қажет. Мәселен, ұзақ уақыт демалмай, дәнекерлесем, көзімнің талып ауыратынын байқаймын. Сондықтан біздің кәсіпте қауіпсіздік шараларын да қатаң сақтаған жөн.

Астана қаласында он жылдай жұмыс істеп, әбден өз ісіне төселген соң, Ғабит туған ауылына қайтуды ойлаған. Содан бері осы Жайықта. «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» деген осы, – деп күледі ол миығынан.

Ауылдағы үйлердің жартысынан көбіне жылыту құбырын жүргізген біздің кейіпкеріміз. Онымен қоса жақын маңдағы ауылдар, Орал, тіпті көршілер Индерден де тапсырыстар түсіп жатады. Тапсырыстың көп болуы да орынды – шебер қақпа қондыру, есік жасау, жеңіл көлікке арба, т.б., былайша айтқанда, темірге қатыстының барлық шаруаға епті.

– Дәнекерлеушіге оқы десе, табысын аздай көріп, мұрнын шүйіріп,  менсінбейді жастардың көбі.  Негізінде бұл таптырмас кәсіп қой, мұндай мамандарға сұраныс әруақытта да бар. Айтқанымдай, көбі ойлайды, қара жұмыс, табысы да мардымсыз деп. Өзім осы салада еңбек етіп жатырмын ғой, бұл оймен тіптен келісе алмаймын. Ерінбесең, шеберлігіңді шыңдап, көпшілікке ісің жақса, табысың отбасыңды асыраудан жетіп артылады. Кез келген жұмыстың өз ауыртпалығы болатыны сияқты, осы істің де өзіндік қиындықтары бар. Бұл салаға келген адам басында қиналуы мүмін, бірақ шыдамды болсаң, еңбекқор болсаң, кейін қолың мен көзің үйренген соң, бәрі жеңілдеп сала береді, – дейді ол.

«Ынтасыз ырыс жоқ, ауырсыз жеңіл жоқ» – мақаламыздың кейіпкерінің айтқанынан түйетін ой осы. Расында да, бастапқыдағы қиындықтарға шыдай біліп, шеберлігіңді одан  сайын шыңдай түссең, қай жерде де табыс тауып, жұртшылықтың құрметіне бөленуге болады.

Азамат Қанапия,

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале