Сырым ауданында 2026 - 2027 оқу жылында Құспанкөл бастауыш мектебі жұмысын негізгі мектеп ретінде жалғастырады. Ел қалаға көшіп,оқушы саны толмай талай мектептің тағдыры қыл үстінде тұрған, тіпті кейбіріне құлып тағылған тар кезеңде Құспанкөлдегі оқу ордасының бойын биік көтеріп, жаңа заманның ауасымен тыныстауы - өз дәуірі үшін ерлік.
Қазіргі таңда Шолақаңқаты ауылдық округі, Құспанкөл ауылында құны 1, 4 млрд теңгені құрайтын 60 орындық бір қабатты мектептің құрылысы жүруде.
Ауыл тамырына қан жүгірткен “алтын жобаны” қаржыландырушы - «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В” компаниялар консорциумы.
Мердігер -MasterCommLogistics” ЖШС.
Учаске бастығы Мирлан Төлегеновтың айтуынша бүгінде мектептің құрылысы 90% аяқталған. Ішкі жұмыстарда іркіліс жоқ. Сылақшылар бригадалары сағат сайын жаңа бөлмеге ауысуда.
Ғимараттың айналасына толықтай өрнектас төселді. Сыртқа аулада спорт алаңы және резеңке жабынды балалар ойын алаңқайы және StreetWorkOut зонасы дайын. Мектептің спорт залының өзі - шағын кешен. Едені жабыстырмалы паркет емес, кәдімгі ағаш.
Мектептің жиһаздары мен жабдықтары да жеткізілген, құрастырып, орналастыру ғана қалған. Ауладан музыка кабинетіне келген қобызды байқап, сүйсіндік. Сан ұлт тоғысқан Шолаңқаты өзенінің бойынан енді қобыздың қоңыр үні шалқитын болды.
Бұған дейін Құспанкөлде бастауыш мектеп қана жұмыс жасады. Азып - тозған, асханасына адам еңкейіп кіретін ғимаратта да педагогтар еңбек етті, балалар білім алды. Ауылдың 5 - 9 сынып жасындағы балалары 4 шақырым жердегі В. И. Шубин атындағы мектепке автобуспен қатынап оқыды.
Шолақаңқаты ауылдық округінің әкімі Ерлан Журалиев жаңа мектептің салынуына алдағы жылдарға зерделенген бала санының оң динамикасы, сонымен бірге еңбекке құштар құспанкөлдіктердің ерік - жігері де себеп болғанын айтады. Әйтпесе, қаңқасы қирағалы тұрған мектепті жабу керек деген шешімдер де талқыланған. Ең бастысы - ескі мектептегі 18 қызметкер жұмыссыз қалмайтын болды.
Ал, Сырым аудандық білім беру бөлімінің басшысы Әкежан Жамбылдың айтысына қарасақ, жұмыс орыны әлі да ашылажақ. Себебі, жаңа мектепте шағын орталық, балабақша, мектепалды даярлық мен тоғыз сыныпты қосқанда 79 бала білім алмақ.
Иә, Құспанкөл мектебі бастауыш санатынан негізгі мектеп деңгейіне көтеріліп заман бәйгесінде жарқын жеңіске жетті!
Қай ауылдың да тағдырын мектептің босағасындағы алтын топса ұстап тұр. Білім үйінің шырағы сөнсе, ауылдың болашағын түнек басады.
Ал, Құспанкөл негізгі мектебі 1 қыркүйек күні соғылатын жез қоңырауды сүртіп, тарихи күнге тыңғылықты дайындалып жатыр.
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
“Сырым елі”