21.12.2021, 9:00
Оқылды: 68

Діни сауатсыздық орға жығады

Жуырда Нұр-Мүбәрак Египет ислам мәдениеті университетінің аға оқытушысы, исламтанушы-теолог Ризабек Батталұлы арнайы іссапармен Тасқала ауданына келді.

1

Осыған орай аудандық мәдениет үйінде «Діни тұрақтылық – қоғам қауіпсіздігі» тақырыбында жиын ұйымдастырылды. Жиынды аудан әкімі аппаратының басшысы Ержан Тұрмағамбетов жүр-гізді. Оған мекеме және бөлім басшылары, құқық қорғау құрылымдары, студенттер, аудан тұрғындары қатысты.

Алдымен сөз алған аппарат басшысы Ержан Рысжанұлы қонақтарға қош келдіңіз айтып, ел аумағындағы дін мәселелеріне тоқталып өтті. «Жалпы, ауылдастар, өздеріңізге белгілі, еліміз – көпдінді мемлекет. Қазақстан халық ассамблеясының сессиясында сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тәуелсіздік жылдары еліміздің аумағындағы діни қауымдастықтардың саны 700-ден 4,5 мыңға дейін өскеніне, дін рухани өміріміздің негізіне айналып келе жатқанына  тоқталып өткен болатын. Сонымен бірге дінге оралу барысында  барлық бұрынғы социалистік елдерде, соның ішінде Қазақстан сияқты зайырлы мемлекетте діннің төңірегінде пікірталастар тууда. Басқа елдердегі діни ахуал, сондай-ақ еліміздегі  діни қозғалыстардың мемлекетіміздің әлеуметтік-психологиялық өміріне ықпал етуі – бүгінгі күннің өткір мәселесіне айналып отыр. Осы және басқа жағдайлар әр түрлі ой туғызып, көпшілікке түрлі пікір тастауда. Сол себепті бүгінгі жиынымызды ұйымдастырып отырмыз. Кездесу тақырыбы «Діни тұрақтылық – қоғам қауіпсіздігі» деп аталады. Бұл басқосудағы ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүр сабақтастығы өзге дінге қатысты сіз бен біздің білуімізге қажетті ақпараттар талқыланады», – деді өз сөзінде Ержан Рысжанұлы.

2

Одан әрі Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің аға оқытушысы, исламтанушы-теолог Ризабек Батталұлы дәстүр мен дін біте қайнасқан қазақы тәрбиенің маңызына тоқталып өтті.  Сонымен қатар жат идеологияның құрығына түсіп қалмау үшін сақтану шараларын егжей-тегжей әңгімеледі.

Діни тұрақтылықты қалай сақтаймыз?

– Қазақта «Отан – отбасынан басталады» деген аталы сөз бар. Бұл сөзді әрбір кездесуімде қайталаймын. Және «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дейді. Бірінші тәрбие тал бесіктен, шаңырақтан бастау алуы керек. Осыны біз бірінші кезекке қоюымыз керек. Біз кейде бала тәрбиесін  ысырып қойғымыз келеді. Балабақшаға жүктегіміз келеді. Одан қала берді, мектепке жүктейміз. Одан қала берді, университет қабырғасында тәлім алу керек деген тұжырымдарды айтып жатамыз. Негізі тәрбие тал бесіктен басталады. Бала сол шаңырақта ұлттық құндылықты, діни құндылықты сіңіруі керек. Өзінің мұсылман екенін, сол мұсылман дінінің ішінде Абу-Ханифа масхабы матруди сенім мектебін ұстанатынын, сол жолды бабалары ұстанып келгенін және сол жолдан айнымау керектігін білуі қажет. Бала осы қасиетті ұғымдарды қара шаңырақтан бойына сіңіреді. Ал енді бүгінгі діни ахуалдың нашарлауына бірден-бір себеп  жастарымыздың шаңырақта діни құндылықты сіңірмеуі болып отыр. Ол тілін біліп шығуы мүмкін, тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін білуі мүмкін.  Кейбір шаңырақта атқарылып жатқан құран оқыту, шелпек пісіру, жұма күні құран бағыштау деген секілді  кейбір діни салтымызға қатысты амалдарды білгенмен, дініміздің негіз-гі құндылығынан хабарсыз болғандықтан, ол есейген кезде қате сенім-нанымдарға ұрынады. Сондықтан біз бірінші кезекте осы бала тәрбиесін, ұлттың тәрбиесін шаңырақтан бастауымыз керек. Ол үшін бәріміз бүгінгі таңда осы діни ұстанымымызды дәстүрлі мәдениетімізбен біте қайнасқан тілімізбен, дінімізбен, салт-дәстүрімізбен сіңіскен, ажыратып болмайтын мұсылмандықтың қандай бағытын ұстанамыз? Оның негізгі принциптері қандай, неден тұрады соны білу қажет. Ал қазіргі біздің жат ағым деп жүрген кейбір ағымдар мен біздің бабаларымыз ұстанып келген исламның арасында қандай айырмашылық бар? Осы нәрселерді біз білуіміз керек. Осыны әр кез жастарымызға насихаттауымыз керек. Сол кезде ғана біз бүгінгідей алмағайып заманда өскелең ұрпақты сақтап қаламыз. Қазір діннің атын жамылған саяси топтар көп. Өйткені дін деген – қасиетті ұғым. Оны әрбір иманы бар адам құрметтейді. Сол діннің атын жамылып, исламның ішінен кейбір топтарды қолдан жасап, біздерге арандатушылық салып отырған сыртқы күштер де бар. Әлі де болса ештен кеш жақсы дегендей, қолымыздан келгенше жастарымызды, қоғамның белсенді өкілдерін сақтап қалуымыз керек. Бұған немқұрайлы қарауға болмайды. Дін деген – өте нәзік әлім. Нәтижесін, міне, бүгін көріп отырмыз. Қаншама ұл-қыздарымыз Сирия асып кетті. Жат елдерге, айтар болсам, Ауғанстанға, Шешен Республикасына, тағы сол сияқты өзге мемлекеттерге барды. Қазақтың қара көздері қай жерде қандай діни төңкеріс болды сол жерге барды. Себеп не? Себеп – діни  сауатсыздық. Бұл жерде әрқайсымыз, бірінші кезекте, дініміздің негізін білуіміз керек.

Бабаларымыздың ұстанған жолы қандай?

Қасиетті ислам дініміз қазақ халқымен біте қайнасқан. Бабаларымыз оны қабылдады. Мың жылдан астам уақыт біз осы дінді ұстанып келеміз. Дәстүріміз де осы дін негізінде қалыптасты. Қаншама үрдістеріміз бар. Ислам діні ешбір ұлттың ұлттық құндылығына, тіліне, мәдени дәстүріне қайшы келген жоқ. Бұған тарих куә. Біз, қазақ халқы, ислам қабылдағалы, яғни оңтүстік аймаққа исламның дендеп енуіне мың жылдан асты. Сол уақыттан бері  ислам біздің тілімізге, салт-дәстүрімізге, ұлттық мәдени мұрамызға қайшы келген емес. Қазақ қазақ болып қалды. Өзінің киім үлгісін де, салтын да өзгертпеді. Сол секілді өзбек халқы да, тәжік халқы да, татар халқы да – ешбір халық өзінің мәдениетін жоғалтпады. Сондықтан исламды ұстанған халықтардың ешқайсысы өзінің төл мәдениетін жойған жоқ.  Қазіргі таңда ислам арабтікі деп бізді сол исламнан айырғысы келетін топтар бар. Сыртқы саяси күштер де бар. Біз бұларға жол бермеуіміз керек. Бұны арабтандыру дейді. Қазақ араб болса, мың жылда араб болып кететін еді. Керісінше, біз жетпіс жылда өзіміз-дің тілімізді, мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді жоғалтып, орыс болып кетудің сәл алдында қалдық. Соның зардабын бүгінде көріп жатырмыз. Бар болғаны жетпіс жыл ғана. Міне, ұлттың құндылығын жоятын саяси бағыт. Ал исламмен мың жыл болды, біз не тілімізді, не дінімізді, не мәдениетімізді, біреуін де өзгерткен жоқпыз. Сондықтан исламның мақсаты – бір ұлтты жою емес, исламның бар мақсаты – адамзатты бейбіт-шілікке үндеу, бұл дүниеге келгендегі мақсатын тану, Аллаға құлшылық ету. Болды. Ислам бейбіт жолмен келді, бабаларымыз қабылдады. Сол дінімізбен біте қайнасқан мәдениетіміз бар. Ал енді бүгін бізді сол ұлттың мәдени құндылығымыздан, тарихымыздан ажыратып, бізді тағы бір сергелдеңге салғысы келетіндер бар. Біз осындай қауесеттерге жол бермеуіміз қажет. Біз исламнан айырылсақ, бүгін біз Абайдан айырыламыз. Көптеген бабаларымыздан айырыламыз. Бізге жаңа дін қажет емес, мың жыл ұстанып келген, бабаларымыз құптап келген қасиетті дінімізді ұстануымыз керек. Өте терең, бай мәдениетіміз бар. Біз бір халықтан мәдениет алатындай емес, өзімізге өзіміздің мәдениетіміз жететін халықпыз. Қазіргі біз заманауи деп, жаһандық деп батыстың кейбір үрдісіне ауысып барамыз. Бұл бізге жақсылық әкелмейді, біз төл мәдениетімізді ұмытпауымыз керек. Немқұрайлықтың салдарынан жастарымыз жат ағымның жетегінде кетіп жатыр. Бұған  немқұрайлы қарамауымыз керек. Қандай сұрақтар болмасын, имамға жолығуымыз қажет. «Ата-анасынан, қоғамынан бездіріп, жат жерге алып кетіп жатқан бұл қандай ағым? Оның айырмашылығы неде?» деген сұрақтарды біз жиі қоюымыз керек. Және білуіміз керек. Дәстүрлі исламда дініміз негізгі үш тарамнан тұрады. Біріншісі – наным-сенім. Яғни оны дінімізде ақида деп атайды. Екіншісі – шариғат, үшіншісі – ихсан. Адамның рухани тәрбиелену кезеңі дейді мұны. Осы үш негізде біздің дініміз насихатталады. Біз бір топтың қателігін ажырату үшін осыны білуіміз қажет. Еліміз тыныш болсын! – деп сөзін аяқтады Ризабек Батталұлы.

Жиын барысында аудан тұрғындары дін төңірегінде сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптарын алды.

Болат Бек,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале