23.09.2021, 17:47
Оқылды: 54

Есенсайда жазғы сахна орнатылды

Тұңғыш Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауылдағы орта мектепті бітіргендеріне 30 жыл толған 1991 жылғы түлектер туған ауылдарына тарту жасап, еңселі сахна орнатты.  Барша есенсайлықтардың қуанышын осыған орай ұйымдастырылған «Туған жерге туыңды тік»  концерттік бағдарламасы еселеді. Думанды кешке Орал қаласынан жерлесіміз, әнші Жаңылсын Хасанова бастаған Қайрат Кәкімов, Бибіт Қажығалиев және «Серілер» тобы келді. Өнерпаздарды ауыл әкімі бастаған есенсайлықтар дәммен қарсы алды.

2

Сол күні кешқұрым  Есенсайдың аспаны әнге бөленді, домбыра күмбірледі. Ел  қонақтары ән шырқап, терме төкпелетті. Жаңа мәдәниет нысанының лентасын ел ағасы Нұрбек Санатұлы қиса, еңбек ардагері Меруерт Қауымбаева шашу шашты. Аудан әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушев сөз алып, ауылдағы ағайынға арнап, игілікті іс атқарған азаматтар мен азаматшаларға зор ризашылығын арнай келе, аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетовтың атынан алғыс хат тапсырды.  Сондай-ақ бағдарлама аясында ауданда 5 жыл ішінде атқарылған жұмыстарға тоқталды:

– Жанашыр азаматтардың, ірі кәсіпкерлердің, меценаттардың көмегімен құны  200 млн теңгеден асатын 120 ірі жоба жүзеге асқан. Солардың бірі – былтыр ақиық ақын Жұбан Молдағалиевтың 100 жылдығы қарсаңында аудан орталығында бой көтерген «Жұбан орталығы». Бударин ауылында 60 млн теңгенің елу орындық балабақша құрылысы аяқталуға жақын. Биыл 24,5 млн теңгеге  22 жоба аяқталса, осылардың бәрі де туған жерге туын тіккен жомарт азаматтардың көмегімен іске асқан жұмыстар. Әр жылдары мектеп бітірген түлектердің де осы бағдарламаға үлес қосып жатқандығы да қуантады.

Бұл ауылда жерлестердің бастамасымен атқарылған жұмыстар тек бұл емес. Су жаңа сахнадан тұрғындарды құттықтаған ауылдық округ әкімі Ілияс Баймұратовтың айтуынша, биыл Кеңсуат ауылында мектеп түлектері 16 қанатты киіз үй тарту етсе, осындай киіз үйді 2006 жылы мектеп бітіргендер де Есенсай ауылына сыйлаған. 1983 жылғы түлектер  ауылдағы орта  мектептің ауласына «Алма бағын» отырғызып берсе, өзге ауылдастар «Мұз айдынын» жасақтап,  әкімшілік ғимаратына қоршау орнатты.

Осы жұмыстардың бастамашыларына да кеш аясында құрмет көрсетілді.

Әсет Бисенғалиев,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале