26.01.2021, 12:08
Оқылды: 83

Қайырымы мол Қайырлы

Өткен жылы басталған пандемия адамдарды қатты әбіржіткені өз алдына, бұған қоса біздің әрқайсымыздың адами келбетімізге де сын болған секілді. Айтып келген ауру деп осыны айтса керек, өйткені осы індет алыстағы шетел түгілі  республика аумағында жүріп жатқанынан әбден хабардар болсақ та, қауіпсіздік шараларын сақтауға асықпадық. Бәз-баяғы, бейқам тірлігімізді жасай бердік. Тойға бардық, қонақ шақырдық, құда күттік, лық толы көліктерге таласа-тармаса міндік. Мұның өзі сақтанбаған адамға ауруды жұқтырудың ең оңай жолы болғандығы ақиқат еді.

D9658A44-A104-409B-ACB9-51CDA43427B3

Басымызға ауыр күн туғанда жанымызды сауғалап ауруханаға жүгірдік, ақ халатты дәрігерлердің қабағына қарап, үміт ұялататын сөздерін жанымызға жалау еттік, әншейінде жүре құлақ асатын нұсқауларын қалт тұра қалып тыңдадық, тапжылтпай орындадық. Әшейінде өмірге жүрдім-бардым қарайтын аңғал жұрт денсаулықтың, оның ішінде өмірдің қаншалықты қымбат екенін сол кезде жан-дүниесімен түйсінді, бағалау керектігін ұғынды. Жанталасып дәрі-дәрмекті уыстап ішті, түрлі халықтық емдерге жүгінді, дәрігерлермен кеңесті, әйтеуір аман қалудың жолын шарқ ұрып іздеді. Тәубе, алдымен Алланың көзі дұрыс болған болар, екінші ақ халатты абзал жандардың ақыл-кеңесі мен дұрыс қойған ем-домының арқасында аман қалдық. Өмірден өтіп кеткендер де өкіндірмей қоймады. Дейтұрғанмен сол ел басына ауыр күн туғанда көбіміз үйден ем алып, ине салатын медбике таба алмай шарқ ұрдық. Өйткені ауруханалардағы медбикелерде жүктеме көп болатын, күніне бір емес бірнеше ауру түсіп жатқан уақытта соларды оңалту жұмысы бірінші кезекте тұрды. Сол себепті де көпшілігі жұмыстан сәл-пәл босаған медбикелердің көмегіне жүгінді. Мен осы кезде жұртшылыққа жәрдемдесіп, басын қатерге тіге жүріп, үй аралап система, уколдарын салған қайырымды жан Қайырлы Құлниязова туралы айтқым келеді.

Мінезі байсалды, артық-ауыз сөзі жоқ, өз ісіне тындырымды ол өзінен көмек күткен бір адамның да тауын қайтармаған екен сол кезде. Бетіне бетпердесін тағып алып, барынша сақтық шараларын сақтап, тұрғындарға көп көмек етті. Халықтың алғысына бөленді, өз мамандығына адалдығын дәлелдеді. Қайсыбіреулер ауру жұғады деп бастарын ала қашқан тұста қайтсем көмегім тиеді, салған дәрім қаншалықты емін беріп жатыр деп бірге алаңдады, көп жылғы жинаған тәжірибесімен бөлісе отырып, өзі де білгенін айта жүрді. Осылайша ол қиын шақта ауылдастарына көмек қолын соза алды, адамгершілік келбетін сақтап қалды. (Сол кезде жаны қиналған жұрт қайсыбір зейнетте отырған медбикелердің бір салған инесіне 500 теңге сұрағандарын айтып, реніштерін жасырмаған болатын).

Күні бүгінге дейін сол Қайырлының қайырымын көрген ауылдастар алғыстарын жаудырып, ризашылық сезіммен айтып отырады. Үй-үйдегі бірнеше ауру адамдардың жағдайын түсіне отырып, өзі де ауру жұқтырып алу қаупі төніп тұрғанына қарамастан ақ халаттың атына кір келтірмеген болмысы көпке үлгі болды.

Қайырлы Ғабдылнасырқызы 1981-83 жылдар аралығында Орал қаласындағы медучилищені бітіріп, ауданымызға келген болатын. Тубдиспансер жеке аурухана болған шақта сол жерде медбике болып жұмысын бастаған-тұғын. Содан бері аудандық ауруханада жұмысын жалғастырып келеді. Бұл күнде әлеуметтік медбике қызметін атқаратын ол жұмысына деген жауапкершілігімен, тыңғылықтылығымен назар аудартады. Болмысынан қарапайым Қайырлы мақтау-мақтанудан мүлде алыс, тіпті өзіне алғыс жаудырып жатқандардың да шынайы тілегін қысыла қабылдап: «бұл менің медбикелік міндетім, мен атқарып жүрген жұмысты өзгелер де жасап жатыр ғой» дейді.

Қарапайымдылық пен мейірімділік бір бойынан табылған жанды ауылдастары адал еңбегі үшін орынды бағалап жатқанында сөз жоқ, ендеше еңбегің өзіңе тек ләззат сыйлай берсін дегіміз келеді қайырымды Қайырлыға.

                Гүлшат Ибрагимқызы,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале