8.12.2022, 15:00
Оқылды: 229

Келінді «келсап» қылатын ене ме, әлде үйдегі тәрбие ме?

Б.Момышұлы атамыздың келіні Зейнеп Ахметова апамыздың «Кез келген әйел ене бола алады, келінге ана бола білу керек» - деуі осы бір тақырыпқа арқау боларлықтай сөз. Үйдегі тыныштық пен береке ерлі-зайыптылардан бөлек ене мен келіннің қарым-қатынасына тікелей қатысты. Көпке топырақ шашудан аулақпын, алайда кейбір ене мен келіннің арасында құлып салынған қара қақпа орнаған.

21

Фото: islam.kz

Қазір әлеуметтік желіні ашып қалсаң болды, осы тақырыптағы түрлі бейнебаян мен жазбаларды кездестіруге болады. Тіпті соларды тамашалап отырған жандардың пікірін оқысаңыз төбе шашыңыз тік тұрады. Ене десе көз алдымызға бірден қатал, қызғаншақ жан елестейді. Ал ененің санасында: «Бұл келін мен туралы жаман ойлайды» деген күдік пен күмән пайда болады. Олай болса, біздің менталитетке мүлдем жат әрекеттің қалай алдын алу керегін айтайық.

Бірінші, көбіне ене мен келін арасындағы жанжалға бірден-бір себеп – салыстыру. Яғни, «Пәленшенің келіні жақсы», «қолынан бәрі келеді», «ерте тұрады» немесе керісінше «туған апамның енесі керемет жан, жуас екен» деген сынды ойлар қарым-қатынасқа іріткі салады. Кемшіліксіз адам болмайды. Сәйкесінше, әр пенденің өзгенің қолынан келмейтін артықшылығы да бар. Назарды адамның жақсы жағына аударып үйреніңіз. Жасаған қателіктері болса бірден бетіне басып айта салмай, жәймен жақындап «келесіде мынаны былай жасасаң одан да жақсы болады» деп байыппен түсіндіріңіз. Енеңіздің көңілін аулап, жақын әңгімеге тартып, ұнаған сыйлығын алып беріңіз. Қандай мәселе болмасын шешілмейтін түйін жоқ қой, сол секілді барынша ұқыптылықпен, сабырлылықпен шешімін тауып көріңіз.

Екінші, жас келін тұрмысқа шығып, босаға аттағанда енелер «Келінімді қызымдай көрем» деген уәде береді де, аз уақыттан соң бәрі өзгеріп шыға келеді. Келін енеге қызындай бола алмайды. Неге? Себебі, келін басқа әулеттегі тәрбиемен өскен. «Оны түзетемін, өз ережелеріме бағындырамын» деп кейбір енелер жас келінге мінез көрсетеді. Алайда келін ондайды көтере алмауы мүмкін. Жат тәрбие көрген адамға келе сала сіздің үйіңіздің тәртібіне сіңісіп кету оңай шаруа емес, әрине. Кемшіліксіз адам болмас. Әйткенмен, кім болса да келін түсіргеннен кейін оны жұмсағысы келеді. Қол-аяғын жылы суға малғысы келеді. Бірақ жаңа түскен келіннің де жағдайын түсінуге тырысып, сәл болса да өзіңізді оның орнына қойып, жағдайды өз бақылауыңызға алып, бірден бар тірлікті мойнына іліп қойып отырғанмен болмас. Кей кездері өзіңізде көмектесіп отырсаңыз. Білмегенін үйретіп, өз ақылыңызды қосып «былай жасасақ қалай болар екен» деп үйретіп жіберсеңіз болашақта кімнің алдында болмасын сізді ұяқта қалдырмасы анық.

Қазақтың салт-дәстүрін дәріптеп жүрген Зейнеп Ахметова келін мен ене қарым-қатынасы жайлы:

«Қазіргі келіндердің бәрі бірдей шетінен сүттен ақ, судан таза деуден аулақпын. Ол, әрине, үйде көрген тәрбиесіне, ұшқан ұясының тектілігіне байланысты. Дегенмен әңгімені енелерге бұрғым келеді. Қазақ жат жұртқа келген келінге тұра бас салып зекімеген, ешқашан жасытпаған, әбден сол үйге балдай батып, судай сіңгенше қамқор болып, көңіліне қаяу түсірмей тәрбиелеуге тырысқан. Ал қазіргі енелердің көбісі келінін кемсітуге, сыртқа шығып жамандауға дайын тұрады»,-дейді.

Қазақтан сөз артылған ба? «Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда» деген мақал бар. Ана өз балаларына қанша ұрысса да, баласы оны жеңіл қабылдайды. Сондықтан келінге үйдің тәртібін өз қызы арқылы жеткізу дұрыс шешім.

Кез келген мәселеде тек бір ғана адам кінәлі болуы сирек жайт. Дау туындаған жерде барлығынан қате кетеді. Кінә келін тарапынан да болуы мүмкін. Қазіргі таңда келіндер өз міндеттерін дұрыс атқарып жүр ме? Бірге сараптап көрейік.

Ұядан ұшып өз үйіне келгенде келіннің басты ниеті – енемен қарым-қатынасын нығайту болуы керек. Күйеуіңнің анасымен сыйласудың маңызы жоғары. Сол  себепті енеңнің жүрегіне жол тап. Барынша айтқандарын екі етпей орындауға тырыс. Сүйіп қосылған азаматыңның өзі жақсы да, анасы жаман адам болмауы керек. Сен жолдасыңды қалай құрметтесең, енеңді де солай құрметтеуге тиіссің. Өйткені ақыр аяғында ұрыс-керіс, жанжал туындайтын болса, екі оттың ортасында қалатын жарыңыз екенін ұмытпағайсыз.

Енеңіздің көңілін аулап, оған қандай бұйым қажет екенін оңай тауып, амалын жасап, қуантуға тырысыңыз. Еш себепсіз берілген сыйдың пайдасы да көп: сүйіспеншілік артады, құрмет қалыптасады, жақындық орнатады, көре алмаушылықты жояды.

Қорытындылай келе, ене – келін үшін тәрбие институты екендігін айтқым келеді. Әдетте сапалы білім алу жақсы ұстазға байланысты болса, ене институтын үздік тәмамдау келінге байланысты. Бүгінгі бала келін, ертеңгі дана ене. Тағы айтарымыз адам адамға – сынақ. Бір-бірінің теріс қылығына сабыр сақтау – тұлғалық сипатыңды өсіріп, ұзақ әрі бай-қуатты өмір сүруіңе кепіл болады. Әрбір ана өзінің бір кездері бөтен босағаны тосырқай аттаған келін болғанын, әр келін ертеңгі ене екенін естен шығармаса екен дейміз.

Сая Бейсен,

Шыңғырлау ауданы

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале