19.12.2019, 15:23
Оқылды: 107

Мұғалімге айтылар сын неге көп?..

Елдің даму көрсеткіші ғылым мен техниканың, экономиканың даму жетістіктері болса, мұның барып тірелер жері – білім, ал білімнің тетігі мұғалімдер. Қазақта бұрынғылар алдынан мұғалім шықса бөркін шешіп амандасқан. Бұны «алты Алаштың  игі жақсысы бас қосса, төрдегі орын ұстаздыкі», – деген Мағжаннан асырып айтпаспыз.

Бүгінгі ұстаздар төрден орын алып жүр ме? Қазір мұғалімнің айтқанын жүре тыңдайтын, ескертуін әбестікке балайтын оқушылар, әр пікірін талқылап, тіпті беттен алатын, қала берді, сотқа беретін  ата-аналар көбейіп барады. Еліміздің түкпір-түкпірінде науқандық  жұмыстар мұғалімдердің көмегінсіз өтпейді. Өзіміздің аудан орталығында өтетін кез келген шараны мысалға алайық. Мәдениет үйіндегі ауқымды жиындардың еріксіз тыңдарманы мен көрермені – мұғалімдер. Сайлау кезінде бақылаушы, саяси науқандардың насихаттаушысы сияқты қоғамдық жұмыстардың барлығы дерлік мұғалімді іздеп табады. Тынымсыз тексерістердің өзі мұғалімдерді рухани шаршатады. Өзі болған бала әкесін танымайды дегендей, толып білімін жинағандар, қоғамның әр саласындағы ат тізгінін ұстаған игі жақсылар ұстаздары туралы ұмытты. Расында, өскен мектебін, ұстаздарын жиі еске алып, ойлап жүретіндер азайып барады.

Әр мектепте кеңес үкіметі кезіндегі біліммен қаруланған, мінсіз мұғалімнің имиджі қалыптасқан ұстаздар бар. Алайда олардың орнын басатын жас мамандардың барлығы бірдей мамандықтарына адал емес. Арасында ғайыптан грантқа түсіп, іле-шала оқып мұғалімге кездейсоқ келген жастар да кездеседі. Өзі беске оқымаған адам біреуді беске оқытпайды, өз кәсібін сүймеген адам нәтижесін көрмейді. Бұл да ұстаздың қадіріне көлеңке түсіреді.

Мектептерде сабақ беретін педагогтардың басым көпшілігі – жүрегі нәзік әйелдер екендігі белгілі. Сондықтан да  ер мұғалімдер аз болғандықтан, ұл балалар ұсақталып, қыз мінезді жігіттер көбейіп бара жатқандығы жайлы пікірлер де жоқ емес. Ер-азаматтардың мектепке келмейтін себебі – жалақының аздығы, талаптың шектен тыс  көптігі. Осы ретте елімізде «Педагог мәртебесі туралы» деп аталатын заң жобасы талқыланып жатыр. Мұғалім мәртебесін мемлекет деңгейіне көтеретін алғашқы құжат күшіне енсе жергілікті әкімдіктер мұғалім функциясына жатпайтын жұмыс жүктеуге, ұстаздарды басыну, ата-ана тарапынан болатын дөрекілікке, артық қағаз талап етуге, сенбілікке шығаруға тыйым салынатын болады. Заң өз кәсіптеріне адал жандардың халық арасындағы абыройын  арттырары даусыз. Аталмыш заң ұстаздардың ұстазы, бүгінде 92 жасқа келген Сафия Тұрғалиева әжені қуантты.

– Сонау жылдары бір сыныпта 36-38 оқушы отыратын еді. Баланың бәрі бірдей емес қой. Ішінде тапсырманы орындамай келетін жалқаулар, орындауға тырысса да әлі жетпейтіндер бар. Сондай кезде сол тапсырманы қайта орындап келуді тапсырамыз. Түсінбегендерге жеке отырып түсіндіретін едік. Қазір мұғалімдердің қосымша жұмыстануға уақыттары тапшы сияқты. Ата-аналар ақша төлеп репититор дей ме, басқа мұғалімнің көмегіне жүгініп отыр. Қазіргі заманның ұстаздарына бала тәрбиелеу оңай емес. Телефонға телмірген ұрпақтың білімге қызығушылығын ояту қиынның қиыны. Елімізде мұғалімнің мәртебесін көтеру қолға алынып жатыр. Мұғалімді артық жұмыстан босатып, алаңсыз сабақ беруге жағдай жасамақ. Мұғалім тек өз пәніне ғана көңіл бөлсе білім сапасы жақсарады. Ұстаздық ету – уақыт ұту емес, өзгенің бақытын аялау, өзіңнің бақытыңды аямау. Бірақ бұған өкінбеу керек. Жер бетінде адам тәрбиелеуден асқан абыройлы іс, ардақты жұмыс жоқ, – дейді ол.

Ғ.Сарыбаев атындағы мектептің директоры Серік Сидағалиев қазіргі кезде жастардың мектептерде тұрақтамай, не басқа жұмысқа ауысып кететінін тілге тиек етті. – Мектепте жұмыс істеп жүргендердің өзі толқу үстінде. Себебі олар үнемі жұмысбасты болып, аз жалақыға жүргісі келмейді. Өйткені әрбір адамның жеке өмірі бар. Сондықтан еңбек жолын енді бастайын деп жатқан мамандарды қиындықтарға төзе білуге үйретіп, өз ісіне бейімделуіне қолдау көрсету қажет. Әсіресе бұл тәжірибелі аға буындардың міндеті. Мұғалімдерге ең бастысы – ғылыми-әдістемелік ізденістер қажет. Бұған ұстаздардың уақыты бола бермейді. Болса да аз. Мұғалімге айтылар сын көп. Ал оларға қамқор болатын іс аз. Мұғалімдердің жалақысын ғана көтермей, әлеуметтік жағынан қорғау керек. Сонда ғана мұғалім мәртебесі өсіп, шабыттанып жұмыс істейтін болады.

Ұзақ жылдар Ө.Сахипов атындағы мектепте психолог қызметін атқарып жүрген Меңдібике Дәулетова қазіргі мұғалімнің орны ата-ана рөлінен сәл төмендеген деп есептейді.

– Дүниеге перзент әкелген соң оның болашағын ойлау – ата-ананың парызы. Бірақ  балаға шеттен тыс көңіл бөлетін кейбір ата-аналар олардың қатесін түзетудің орнына жақтап, жасаған бұзықтықтарын ақтап шығады. Әсіресе жас ата-аналар мектеп табалдырығын жаңа аттаған бүлдіршіндерін өздерінің ыңғайына бағыттап алады. Сабақтан келген баладан «ешкім ұрысқан жоқ па, апай не деді, кімдерге бес қойды, сені мақтады ма?» деп  сұрақтың астына алатындар бар. Олар сөйтіп балаларын арызқой етіп тәрбиелеп жатқандарын байқамайды. Жас шыбық иілгіш болса, жас адам  да сондай, жақсыға да, жаманға да бірдей бейімделгіш. Баланың көзінше мұғалімдерді жамандауға болмайды. Ата-анасы құрметтемеген ұстазды бала да немқұрайлы тыңдайды. Ұстазға құрмет көрсету – білімге құрмет көрсету. Осыны әр ата-ана балаларының құлағына құйып отыру керек.

Алғаш еңбек жылдары басынан өткен келеңсіз жәйтті мұғалім Ақманар Рахметова езу тартып еске алады. Ұстаздық мамандықты жүрегімнің қалауымен таңдадым. Балаларды қатты жақсы көремін. Олардың жүрегіне жол табу үшін барымды саламын. Бәрі бір-бір үйдің еркесі ғой, кейде шектен тыс еркінсіп кететін кездері де болады. Сондай сәтте ұрсып та аласың. Әлі есімде мектепішілік қыздар клубының жетекшісі ретінде «Табиғи сұлулық» тақырыбында жиын өтті. Сол кездері жоғары сыныптың қыздары арасында қастарын бояп келетіндер болды. Еркін форматта өткен жиында қыздармен табиғи сұлулық, жасандылық туралы әңгімелесіп, пікір алмастық. Ертесіне бірінің анасы келіп, «Менің қызыма боянба дейтіндей сен кімсің?» деп үстелімді тарсылдатып айқайламасы бар ма. «Сенен сұрамайды, өзі біледі. Жайыңа жүр», – дегені өз алдына, бір бет арыз жазып кетті әкімшілікке. Ол аздай кешірім сұрауды талап етті. Ол ата-ананың дөрекілігіне таң қалдым. Осындай жағдайда біздер ұрыссып тұра алмаймыз. Мұндай келеңсіз сәттер кезінде біздің мәртебемізді қорғайтын заң болса нұр үстіне нұр болар еді.

 Тарихта  ақыл-парасаты мол тұлғалардың көпшілігі ұстазына ерекше құрметпен қарап, әрдайым ізетпен еске алғаны мәлім. Айталық, Ескендір Зұлқарнайын – Аристотельді, Абылай хан – Төле биді, Шәкәрім – Абайды, Бердақ – Күнқожаны, Жамбыл – Сүйінбайды өзіне ақылшы әрі ұстаз тұтқан. Ұстаздың орны қашанда биік болмақ. Бәсекеге толы дүниеде мұғалім алдындағы міндеттер ауыр. Дегенмен қоғамда өзіндік орнын табар адамды тәрбиелеу, көпке үлгі, көпке сыйлы болу – ұстаздардың өз қолында.

Әсемгүл Қуанғалиева

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале